Токио-2020: Дидар Хамза Азия чемпионатының финалында жеңген қарсыласынан ұтылып қалды

27 шілде 2021, 11:35

Токио Олимпиадасында қазақстандық дзюдошы Дидар Хамза алғашқы жекпе-жегінде ұтылып, жарысты аяқтады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өткен жекпе-жекте Дидар Хамза Моңғолия атынан шыққан ирандық Саид Моллаимен кездесті. Екеуі 2018 жылы Азия чемпионатының финалында күрескен болатын. Ол кезде Моллаи вазаримен ұтып тұрса да, жекпе-жектің соңына дейін үш ескерту алды. Содан төрешілердің шешімі бойынша қазақстандық палуан жеңімпаз атанған. Осы жолы Моллаи Хамзаны иппонға түсірді. Осылайша Токио Олимпиадасында тағы бір дзюдошымыз жарыс жолынан шығып қалды.

 
Айта кетейік, команда капитаны Елдос Сметов (60 келі) қола жүлдені ұтып, ел қоржынына алғашқы медальды салған болатын. Отгонцэцэг Галбадрах бірінші жекпе-жекте ұтылды. Ерлан Серікжанов (66 келі) пен Жансай Смағұлов (73 келі) екінші айналымнан аса алмады. Татамиге шықпаған тағы бір дзюдошымыз қалды. Ол – Ислам Бозбаев (90 келі). Ертең, 28 шілде күні оған қарсы бразилиялық Рафаэль Маседо шығады.