Токио-2020: Қаны қазақ балуандар бір салмақта бақ сынасты

02 тамыз 2021, 14:25

1 тамызда Токио олимпиадасында күрес түрлерінен медальдар сарапқа салынған болатын.

 

Грек-рим күресінен 60 келіге дейінгі салмақта үш бірдей қазақ жігіттері Токио төрінде өнер көрсетті.

 

Жеңіс тұғырынан қазақ ұлтының азаматын көрсек деп үміттенген едік. Алайда балуандарымыз бәсекенің алғашқы күні сүрініп, тарихи сәттің куәсі болу бақыты бұйырмады.

 

Қазақстандық спортшымыз Мейрамбек Айнағұлов жарыстың бірінші кезеңінде қырғызстандық Жоламан Шаршенбековтен жеңілді. Мейрамбек Айнағұлов – күрес түрлерінен әлем чемпионы.

 

1994 жылы 17 ақпанда дүниеге келген. Өзбекстан туы астында бақ сынаған қандасымыз Елмұрат Тасмұратов бірінші белдесуде украиналық Ленур Темировтен жеңіліп қалды. Елмұрат – Рио Олимпиадасының қола жүлдегері, Азияның 5 дүркін жеңімпазы.

Қазақ ұлтының тумасы 1991 жылы 12 желтоқсанда дүниеге келген. Ол Шымкенттегі Бекзат Саттарханов атындағы спорт интернатының түлегі. 2008 жылы Дәулет Тұрлыханов атындағы турнирде жеңілгеннен кейін Қазақстан ұлттық құрамасына қабылданбайды. Осылайша спортшы Өзбекстан атынан шығуды таңдап, 2010 жылы көрші елдің азаматтығын алды.

 

Қытайдағы қандасымыз Уалихан Сайлике де осы салмақта жүлде үшін таласқа түскен еді. Алғашқы айналымда Уалихан германиялық Этьен Кинзингерді жеңген болатын. Ширек финалда жапон балуаны Кеничиро Фумитаға есе жіберіп, жұбату белдесуіне шығуға мүмкіндік алды.

 

Бұл кездесуде Алжир өкілі Абелькарим Фергатты жеңді. Осылайша қытайлық қандасымыз қола жүлде үшін украиналық Ленур Темировпен күреседі.

 

Еске сала кетейік, белдесу бүгін, 2 тамыз Қазақстан астанасының уақытымен 16:30-да өтеді.

 

Аспан асты елі атынан халықаралық жарыстарда бақ сынап жүрген балуан 1992 жылы 3 наурызда дүниеге келген. 2018 жылы Венгрияның Будапешт қаласында өткен  әлем чемпионатында 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қола медаль жеңіп алған.

 

 

24.kz