Токио-2020 Олимпиадасының бесінші күні спортшыларымыз үшін сәтсіз өтуде

28 шілде 2021, 12:39

Күн шығыс елінде болып жатқан әлемдік жарыс ойындарының сапынан бірнеше спортшыларымыз шығып қалды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Бүгін бірінші болып Токиода садақ атудан ерлер арасында жекелей жарыстар өткен болатын. Қазақстандық садақшы Санжар Мұсаев алғашқы айналымда қарсыласына есе жіберіп қойды. Қытай спортшысы Дапенг Вонгпен сынға түскен ол 6:4 есебімен қарсыласына жол берді.
 

Дзюдошы Ислам Бозбаев 90 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бразилиялық Рафаель Македоны небәрі 31 секундта "иппон" ұпайымен жеңгенімен, Токио Олимпиадасының екінші айналымда жеңіліп қалды.
Ерлер арасында 90 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен ол әзірбайжандық қарсыласын ұта алмады. Мамадәлі Мехдиевпен өткен кездесу қосымша уақытқа (Golden Score) дейін созылған. 
Қосымша уақытта отандасымыздың қарсыласы әдіс жасап, "ваззари" ұпайымен Ислам Бозбаевты ұтты.
Осылайша, дзюдодан Қазақстан құрама командасы Токио Олимпиадасын бір қола жүлдемен аяқтады. Ел қоржынына қола жүлдені Елдос Сметовтің салғанын айта кетейік.

Дмитрий Баландин де Олимпиада ойындарының финалына шыға алмады. 
Қазақстандық спортшы ерлер арасында 200 м қашықтықты брасс әдісімен жүзуден финалға өте алмады. Тиісті қашықтықты Дмитрий Баландин өз тобында жетінші болып жүзіп өтіп, 2:09.22 уақытта бағындырған ол жарысты осы жерден аяқтады.

Бокстағы жалғыз гүліміз Надежда Рябец бірінші кездесуден соң жарыстан шығып қалды. 
75 келіден жоғары салмақта сынға түскен Рябец әлем чемпионатының қола жүлдегері, канадалық Тамара Тибомен жұдырықтасқан болатын. 
Кездесуде төрешілер 4:1 есебімен жеңісті канадалық спортшыға берді. 
Айта кетерлігі, әйелдер боксынан Токио Олимпиадасына тек қана Надежда Рябец жолдама алған болатын.

Боксшы Серік Теміржанов та Токиодағы Олимпиада ойындарын аяқтады. 
57 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Серік 1/8 финалда америкалық Дюк Реганмен кездескен болатын. 
Жекпе-жекте Теміржанов 0:5 есебімен қарсыласқа жол беріп, Токио Олимпиадасын жүлдесіз аяқтады. 
Айта кетейік, бұған дейін Абылайхан Жүсіпов (69 келі) пен Василий Левит (91 келі) Токио Олимпиадасымен қоштасқан еді. 

Әзірге Қазақстан қоржынында үш қола бар. Жүлдегерлердің қатарында Игорь Сон (ауыр атлетика), Елдос Сметов (дзюдо) және Зүлфия Чиншанлолар (ауыр атлетика) бар .