Асырап алған баланы өз атымызға қалай рәсімдеуге болады?

18 маусым 2014, 14:06

Мен бір ұл, бір қыз асырап алдым. Күйеуіммен азаматтық некедемін. Балаларымның мектепке баратын уақыты болды. Үйіміз бар, жағдайымыз жақсы. Бірақ басында балаларымызды өз атымызға рәсімдеген жоқ едік. Ол сот арқылы шешілетін көрінеді. Балаларды өз атымызға қалай аударып алсақ болады? Сот біздің пайдамызға шешпей қойып, олардан айрылып қалатындай қорқамын. Осы сұраққа жауап берулеріңізді өтініп сұраймын...
Шина, «Алаш айнасының» сайтына келіп түскен сұрақтан.

Бұл сұраққа Алматы қалалық адвокаттар коллегиясының мүшесі, белгілі заңгер Кәрібай Тасшабаев жауап береді:
–Асырап алған баланы өз атыңызға аударудың еш қиындығы жоқ. Бұл ретте сот істі «біздің пайдамызға шешпей қойып, баламнан айрылып қаламын» деп қорқуға болмайды. Егер сіздің отбасыңыздың құжаттары заң талаптарына сәйкес болса, түрлі ауру-сырқаудан аман болсаңыз, наркологиялық, психоневрологиялық диспансерлерде есепте тұрмасаңыз, кішкентай балаларға қатысты сотты болмасаңыз, онда кез келген судья бұл істі сіздің пайдаңызға шешіп беретіні сөзсіз.
Негізі баланы о баста жетімдер үйінен алған кезде сот барлық құжаттарын тексеріп, қаулы шығарып беруі керек. Неге сол кезде баланың атын өз тегіңізге аударып алмадыңыз? Егер қорғаншылық және қамқоршылық органынан ондай құжаттар берілмеген болса, ондай жағдайда сот арқылы ауыстыру керек. Соттың шешімімен баланың аты-жөні өзгертіліп, судья «бұдан былай баланың аты былай аталуы тиіс, бұл құпия сақталсын» деп шешім шығарады. Бұл ретте сот ол кісілерге қарсылық білдірмейді. Тек Білім басқармаларына қарасты қорғаншылық және қамқоршылық органы баланы асырап алған отбасының үйін тексеріп, жағдайын бақылайды. Жанұясында біреу ішімдікке әуес емес пе, нашақор емес пе, осының бәрін тексеріп, тиісті қорытынды береді. Сосын сол арқылы сот шешім шығарып береді. Егер бала 16 жасқа келсе, онда оның мәліметтері (тегі, аты, әкесінің аты) баланың рұқсатымен ғана өзгертіледі. Сот одан аты-жөнін өзгертуге қарсы еместігін сұрайды. Баланы асырап алу жөніндегі соттың шешімі шыққаннан бастап 15 күн өткеннен кейін балаға өз тегіңізді, атыңызды бергіңіз келсе және оның есімін өзгерткіңіз келсе ахаж бөлімдеріне асырап алушыны ата-ана ретінде тіркеу үшін өтініш білдіру қажет. Бұндай жағдайда ахаж бөлімі кітапқа асырап алушыны ата-ана ретінде жазып, тууы туралы куәлік береді. Асырап алуды тіркеу аудандық ахаж бөлімдерінде асырап алу жөніндегі соттың шешімі бойынша тіркеледі.

Сіз әрбір ықылас білдіруші бала асырап алушы бола алмайтынын білгеніңіз жөн. Егер бекітілген аурулар тізбесіндегі сырқаттар сізде болса, онда бала асырап ала алмайсыз. Бұл мынадай аурулар:
1. Жүре пайда болған иммунитет тапшылығы синдромын (СПИД) және иммунитет тапшылығы вирусын жұқтырғандар (ВИЧ).
2. Психикалық аурулар.
3. Маскүнемдік, нашақорлық, уытты заттарға әуестік.
4. Туберкулез.
5. Жыныстық қатынаспен таралатын аурулар.
6. Алапес.
7. Дәнекер тіндердің ауыр сырқаттары.
8. Мүйізденуі бұзылған ауыр дерматоздар.
9. Созылмалы ауыр буллезды дерматоздар.
10. 1, 2 топтағы мугедектік (қамқоршылық және қорғаншылық органының шешімі бойынша).