Суррогат ана. Бала асырау

Қазаққа "қазақ" атын қайтарып берсем деймін

  • Қазаққа

    Қазаққа "қазақ" атын қайтарып берсем деймін

«Суррогат ана. Бала асырау» рубрикасы жарық көргелі бері «Алаш айнасына» келіп жатқан түрлі мәтіндегі хаттар легі көбейе түсуде. Әсіресе қажет ақпараттарды анықтауға «Алаш айнасының» көмектесуін сұрайтын оқырмандарымыз саны артып отыр. Аты жөнін «М.С» деп қана көрсеткен мына хат иесінің асырап алған қызының тағдырына қалай алаңдайтыны кім-кімді де бей-жай қалдыра алмайтыны анық.

«Күйеуіміз екеуміздің жасымыз қазір алпысқа тақап қалды. Үйленгенімізге негізі 25 жылдай болды. Кеш үйленгенімізді түсінген боларсыздар. Перзент сүйе алмадық. Денсаулығым тұрмысқа шыққан жылдары-ақ сыр беріп, дәрігерлер сол суық хабарды жеткізгенде, қатты қиналдық. Алайда болған іске шара бар ма? Сөйтіп ақылдаса келе, менің туысқанымнан Нұрмәмәтімізді асырап алдық. Арада он жылдай уақыт өткенде отбасымызға тағы бір бала келді, яғни қыз бала келді. Есімі Гүлстан. Қолыма қалам алуыма осы Гүлстаным себеп. 

Гүлстанның ұлты – қазақ. Күйеуім де, мен де ұйғырлармыз. Ал Гүлстан біздің шаңыраққа қалай келді дейсіздер ғой. Менің үлкен апайым ауласындағы кішігірім үйін жалға беретін. Сол жерде қазақтың қыздары тұрды. Қыздар жақсы еді. Апайыма барып жүріп олармен мен де жақын танысып алдым. 4-5 жылдай тұрды. Соның беруі, яғни есімі Сәлима, аяғы ауыр болып қалды. Кездесіп жүрген жігіті «әні үйленеміз, міне үйленемеміз» деп уақытты созбақтап жүргенде Сәлиманың іші білініп те қалды. Өкінішке орай, жігіт уәдесінде тұрмады. Оны айтасыздар, тіпті бір күнде ізім-ғайып жоғалды. Сәлима аборт жасатайын деген еді, іштегі шарана үлкейіп кеткен екен. 

Сонымен не керек, ұлымызға серік болсын деп, күйеуіміз екеуміз әлгі баланы асырап алайық деп шештік. Сәлимаға ойымызды жеткізіп едік, ол қарсы болмады. Сөйтіп өмірге қыз бала келді. Бала дүниеге келген күннен бастап-ақ біз оны бауырымызға бастық. Ал Сәлиманы қайтып көрген жоқпыз. Сол қызымыз қазір 14-те. 

Денсаулығым жылдан-жылға төмендеп барады. Бүйрек ауруы асқынып, дәрігерлер де шарасыздық танытуда. Соңғы кездері Гүлстанды көп ойлаймын. Қаны қазақ қой, өз Отанында өмір сүріп жатып, өзге ұлт атануы жаныма батады. Алай-бұлай болып кетпей тұрып, Гүлстанның ұлтын қайтарып берсем деймін. Осы мүмкін бе? Оның жолы қандай? Біліп берсеңіздер екен. Обалына қаламын ба деп те қорқамын. 

Айтпақшы мен «Алаш айнасымен» сіздер күн де жариялап отырған «Ораза кестесі» арқылы таныстым. Алдын ала алғыс білдіруші М.С»


Иә, бір параққа ғана сиятын шағын хатта бір адамның бүкіл ғұмыры жатқан сияқты. Ал хат иесінің қазаққа «қазақ» атын қайтарғысы келетіні тебірентпей қоймады. 

Хаттағы сауалдарға байланысты белгілі заңгер Таир Назхановпен байланысқан едік, маман былай дейді:

- Егер ол адамдар қыздарын сот арқылы асырап алса, ұлтын өзгертуге мүмкіндіктері бар. Алайда бұл өте қиын шаруа. Ол үшін сол баладан бас тарқан оның биологиялық анасын табу керек. Ал ондай ақпарат құзырлы орындарда құпия сақталады. Демек, ол ақпаратты алу үшін сот орындарының рұқсаты керек. 

Ал егер асырып алғандардың біреуі, яғни не күйеуі, не әйелі қазақ болса, онда жергілікті Халыққа қызмет көрсету орталығына барып өтініш жазса жетіп жатыр. Айта кетейін, егер хат иелері баланы заңсыз жолмен асырып алса, онда оның ұлтын ешкім, ешуақытта өзгерте алмайды. 

Бала асырап алудың заңдық нормалары негізі 1998 жылдың 17 желтоқсанда қабылданған болатын. Бала асырап алудың барлық тәртібі «Неке және отбасы туралы» заңның 12-тарауында қарастырылған. Заң қысқаша айтқанда, баланың және оны тәрбиелеуге алған адамның арасындағы құқықтық қарым-қатынастарды айқындайды. Айта кетейік, заң негізінен кәмелетке толмаған балалардың мүддесін қорғайды. Баланы тәрбиесіне алуға тілек білдірген адамның өтініші сотта қаралып, азаматтық іс жүргізу заңдарында көзделген ережелер бойынша жүзеге асырылады.


Тақырыпқа тұздық.

Там-тұмдап тарихты қозғай кетейік, ата-бабаларымыз бала асырап алуға аса сақтықпен қараған. Ұрпақтар жалғастығы үзіліп қалмасын деген оймен баласы жоқтарға ет жақын, сүйек шатыс туыстары бала беріп, қамқорлық жасаған және оны аса құпия ұстауға міндеттеген. Жалпы, қазақ ұғымында «асырап алу» деген ұғым итке не малға қатысты ғана айтылатын. Ал ата-бабаларымыз «бауырына басыпты», «баланы көйлекшең туыпты» деп қана астарлай жеткізген.




Көрілген: 1954    Пікірлер: 0

жұма, 25.07.2014, 12:59

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    маусым
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30