Суррогат ана. Бала асырау

"Мен тек инкубатор қызметін атқардым"

  • "Мен тек инкубатор қызметін атқардым"

(Суррогат анамен болған сұхбат)

Біздің Айсұлумен (ол тегін жазбауымызды сұрады) танысуымызға Салтанат Байқошқарова басқаратын «Экомед» клиникасының қызметкерлері мұрындық болды. Кездесу таңертеңгі сағат 10.00 белгіленген еді, алайда міне бір сағаттан асып барады, Айсұлу әлі жоқ. Дәлізде отырмыз. Кезек күтіп отырған жандар көп екен. Барлығын ортақтастырып тұрған бір проблема екені түсінікті, яғни сәби сүйе алмай жүргендер. Әдетте кезекте көп тұрып қалғанымызға тықырши бастайтынымыз бар еді, мұндағы клиенттер сабырлы. Әрине, кезекте сағаттап отырған жылдап зарыға бала күткеннің қасында түк емес.

«Экомед» дәрігерлері біздің мазасыздана бастағанымызды байқап, «ол міндетті түрде келеді» деп сендіріп жатты. Біздің алаңдағандағы себебіміз, Айсұлуға дейін «Экомедтің» араласуымен бірнеше әйелмен хабарласқан едік, құдды бәрі ақылдасып алғандай соңғы сәтте айнып қалады емес пе. Бұл әйелдер – суррогат ана болғандар.

Сонымен Айсұлу сөзінде тұрып, келді. «Экомед» клиникасының бір бөлмесінде екеуміз отырмыз. Бір байқағанымыз, ол суорргат ана болғанын қалыпты жағдай деп қабылдаған сияқты.

– Құрсағыңызда тоғыз ай көтеріп, өзіңіз бір көрмеген балалар жайында қазір ойлайсыз ба?

– Жоқ ойламаймын. Мен әу баста бұл әрекетке саналы түрде бардым ғой. «Олар менің балаларым емес» деп, өз-өзімді мықтап дайындап алғанмын. Мен тек инкубатор қызметін атқардым.

– Балаларыңыз...?

– Иә, мен дүниеге егіз әкеліппін. Негізі үш құрсақ болған екен. Алайда дәрігерлер үшеуінің бірдей аман қалу, қалмауына өздері күмәнданып, біреуін іште жатқанда өлтірді.

– Оны қалай жасады?

– Аздаған ауыртпайтын дәрі егіп, кіндігімнің тұсынан ұзын шприцті жатырдағы балаға әкеп қадады да, бір дәрі енгізді. Оны арнайы аппараттың көмегімен бақылап отырғындарын көрдім.

Негізі жүктілік өте ауыр болды. Егіздерде жүрек айну ерекше болады екен. Егер олардың жынысы бөлек болса тіптен қиын. Мен бір ұл, бір қыз туыппын.

– Оларды бір көрсем деп ойлаймайсыз ба?

– Жоқ. Қазір олар қайда, не істеп жүр, ол жағы мені еш қызықтырмайды.

– Олардың ата-аналары жайында айтып бересіз бе?

– Әкелерінің ұлты неміс, шешелері қазақ. Алматы қаласының тұрғындары. Мен нотариуста келісім-шартқа отырған күннен бастап тек әкелерін ғана көріп жүрдім. Шешелерімен бір де бір кездеспедім. Сол күндерден бастап мен балаларды туғанша ол АҚШ-та тұрса керек. Неге екенін білмедім. Әйтеуір бір себебі бар да. Күйеуінің жасы 56-да болса, аналарының жасы – 45-те екен. Әкелері маған ұнады. Мәдениетті, сауатты, адамгершілігі мол. Келісім-шарттаға барлық талаптарды уақтылы, толығымен орындап жүрді. Айтпақшы, өзі де дәрігер болып шықты. Менің таң қалғаным, әйелі екеуінің ұрығынан алынған эмбрион өте белсенді болған деседі. Бірінші ұрықтандырудан-ақ көтеріп қалдым. Демек, алпысты алқымдап қалған жасына қарамасан, денсаулығы жақсы болып тұр ғой.

Тоғыз ай бойы бар шығынды өздері көтерді. Тіпті жүкті әйелдерге арналған киімдерге де дейін сатып алып берді. Маған наркоз егіп, кесарево тілігін жасаған болатын. Кейін есімді жиғанда дәрігерлер «балалардың денсаулықтары жақсы. Екеуі де әкелеріне тартып кеткен сияқты, түрлері тура еуропалықтарға келеді» деп жатыр. Балалардың жағдайын естіп, шыны керек, қуанып қалдым. Генетикалық жағынан менің оларға еш жақындығым болмаса да, қанша дегенмен де тоғыз ай бойы жатырымда жатты ғой, сол күндері ыстық болды. Тоғыз ай бойы олармен сөйлесіп жүрдім. Ішімді сыртынан сипап, ақыл айтып қоямын өзімше.

– Өзіңіз жайлы білсек дейміз...

– Мен тұрмысқа шыққан кезде қыз туған едім. Алайда бірінші күйеуіммен дәм-тұзымыз жараспай, айрылысып кеттік. Арада бірер жыл өткенде қазіргі күйеуіммен танысып, үйлендік. Бірден жарасып кеттік. Бірақ үй-жайымыз жоқ, пәтерден пәтерге көшіп, біреулердің есігін сығалап әбден қиналдық. Ешкімнен, ешқайдан көмек болмайтыны белгілі, әрине. Ал суррогат ана болуға итермелеген – тұрмыстық жағдайдың нашарлығы еді. «Экомед» бір басылымға, «суррогат ана іздейміз» деп жарнама берген екен, күйеуіміз екеуміз ақылдаса, келе, тәуекелге бел будық. Оны ешкімнен жасырған да жоқпыз. Туған-туыс, дос-жаран, таныс-тамырларға түгел жайып шықпасақ та, әп-сәтте бәрі естіп алыпты. Біреулер сынады, біреулер даттады. Маған қатысты неше түріл өсек айтылды. Алайда ешкімнің сөзіне құлақ аспадым. Өз өмірім, өзім білемін не істейтінімді. Менің қағидам осы.

Аздаған жалақымен еш уақытта үй сатып ала алмас едік. Күйеуіме рахмет, тоғыз ай бойы менің басыма түскен ауыртпалықты бірге көтерісті. Қолдау көрсетіп, бар жағдайымды жасады. Ең бастысы – жақындарыңның қолдауы екен. Мен соны ұқтым. Қайта сол тоғыз айда екеуміз бір-бірімізді жақын тани түстік пе деймін. Бір-бірімізге деген қадіріміз де артты.

– Құпия болмаса, қызметіңіз үшін қанша ақша алдыңыз?

– 30 мың АҚШ долларын. Бұл 2008-ші жыл болатын. Сол жылдары Алматыда жылжымайтын мүлік бағасы күрт төмендеп кеткен еді, сол аласапыран күндерге тап болып, ол ақшаға бірден үй сатып алдық.

– Жалпы қанша құрсақ көтердіңіз?

– Үшеу. Суррогат ана болғаннан кейін екінші қызымды тудым.

– Тағы да суррогат ана болар ма едіңіз?

– Жоқ. Әрнәрсенің өзінің шегі бар деп ойлаймын. Мен бір мұны бизнеске айналдырайын деген жоқпын. Тек тіреуім жоқ, далада қаңғып жүргім келмеді. Құдайға шүкір, үлкенді-кішілі баспанамыз бар. Жағдайымыз жаман емес. Маған одан артық не керек?! Қыздарым, күйеуім қасымда. Солар аман болсын.

– Қазір жер бетіндегі бір жыныстылар суррогат ана іздеп жүр. Өйткені көп елде оған тыйым салынған. Мысалы үшін айтайық, сізге сондай жұп өтініш білдірсе, келісер ме едіңіз?

– Құдай сақтасын! Басқа, басқа ондай ЛГБТ, яғни лесбиянка, гей, бисексуал, трансгендерге өз басым жиіркенішпен қараймын. Мен тіпті өзіме ұнамайтын адамдарға да көмектеспеген болар едім. Әрине бір көргеннен кімнің кім екенін танып үлгермейсің ғой. Алайда мен бала туып берген ерлі-зайыптылардың, нақтырағы – ерінің жаман адам еместігін бір көргеннен сездім. Оның үстіне үйленгендеріне 25 жылдан асса да, бала сүймеген. Бір балаға зар болып жүргенде Алла Тағала егіз сыйласа, содан асқан бақыт бар ма! Мен ширек ғасыр бойы дәрігерден дәрігерге сенделіп, аяқ тоздырып, енді күдерлерін үзе бастаған кезде оларға бақыт сыйлағаныма қуанамын. Өзімді қойшы, бала-шағамның жағдайын жасап, тағы бір отбасына дүниеде теңдесі жоқ байлық – перзент сыйласам оның несі айып?! Айтайын дегенім, біздің қоғамда суррогаттықты жерден алып, жерге салатындар жоқ емес. Бірде бір отандық арнада осы тақырып талқыланып жатыр екен. Қонаққа бір имам келіпті.

«Бұл харам!» –дейді ол. Ал сол сияқты ер-азаматтарымыздың жасырын бір емес, бірнеше көңілдес ұстайтындары харам емес пе екен! Қысқасы мен қайта сауабы бар іс жасадым деп ойлаймын. Ішімдегі балалардың егіз екенін естігенде, олардың әкелерінің қуанғанын көрсеңіздер... Мен еріксіз көзіме жас алдым сонда. Нағыз бақыттың балада екенін өмір маған тағы бір көрсетті.

Тақырыпқа тұздық.

«Экомед» клиникасының көмегімен суррогаттық арқылы 2005-ші жылдан бері жыл сайын, орта есеппен айтсақ, күні бүгінге дейін 25-26 бала дүиеге келген екен. Олардың арасында егіздер де аз емес. Бір айта кетерлігі, суррогат ана іздегенде және «жатырды жалға» алғанда адамдардың басым бөлігі сөз болып отырған клиниканы таңдайды екен. «Өйткені, көп жағдайда бұл клиниканың нәтижесі сәтті аяқталып жатады» дейді сұралғандар. Сөз соңында айтарымыз, осы мақаланы дайындауымызға қол ұшын берген Салтанат Байқошқароваға алғыс білдіреміз.

Автор: Ләззат Билан




Көрілген: 3785    Пікірлер: 1

дүйсенбі, 29.09.2014, 11:23

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30