Тағылым

Батыр атағынсыз-ақ батыр атанған

Ұлы Отан соғысы жылдарында майданда ерлікпен шайқасқан, 588-ші түнгі бомбалаушы ұшқыштар полкінің штурманы, қа­зақ­стан­дық ұшқыш Хиуаз Доспанованың туған жері қазіргі Атырау қаласы аэ­ропортына оның есімін беру туралы Хиуаздың бүгінгі ізін басушы ұшқыш қызымыз Тоты Әмірова көптен бері ұсыныс айтумен келе жатқан еді. Жақында депутат Сәрсенбай Еңсегенов те осы ұсынысты қолдап, депутаттық сауал жолдады. Есімі беріле жатар. Ал әзірше алғашқы сүйінші хабар келіп жетті. Embraer 190 ұшағына бірінші ұшқыш қазақ қызы Хиуаз Доспанованың есімі берілді.
Хиуаз Доспанова бұрынғы Гурьев облы­сы­ның Бөкей орда ауданының Зормата елді ме­кенінде 1922 жылы 15 мамырда дүниеге кел­ген. 1940 жылы Орал қаласындағы №1 орта мек­тепті алтын медальмен бітіреді. Мектеп қа­быр­ғасында жүріп-ақ аэроклубқа барып жү­реді. Сөйтіп, облыстық әскери комисса­риат­тан «запастағы ұшқыш» деген әскери би­лет алады.  Қолында екі құжат: бірі – аттестат, екін­шісі – запастағы ұшқыш куәлігі. Жуковский атын­дағы соғыс әуе академиясына құжаттарын тап­сырған, бірақ ол жақтың дәм-тұзы тарт­па­ды ма, қабылданбады. Ұзақ ойланып-тол­ға­нып, уақытты құр өткізбеу үшін Мәскеудің Бі­рінші дәрігерлік институтына оқуға түседі, мек­тепті үздік бітіргендіктен оны институт ем­тихансыз қабылдайды. Бірақ жазмыштан оз­м­ыш жоқ, Хиуаз бірінші курсты бітіріп те үл­гер­мей жатып бейбіт өмірді, бақытты сту­денттік шақты гитлершіл жендеттердің біз­дің елімізге соғыс ашқаны туралы жайсыз ха­бар жай оғындай осып өткен еді. Студенттер са­б­ақтан тыс уақытта метро салу, Мәскеудің жан-жағына қорғаныс бекіністерін орнату сияқ­ты жұмыстарда жүрді. Отан соғысы май­да­нында соғыс әрекеттеріне қатысу үшін әйел­дерден әуе авиациясы полкін құрған Ма­рина Расковаға барып, Хиуаз штурмандар бө­ліміне қабылданды. Соғысқа кіргеннен ке­йін­гі алғашқы жауынгерлік тапсырма бойынша Майн­дорф пен соның маңындағы елді ме­кен­дерге шоғырланған дұшпанды техникасымен жою еді. Түн қараңғылығымен әуелетіп аспан­ға көтерілген ұшақ нысаналы жерге келгенде не­містердің ірі-ірі құрамалары орналасқан тұс­тарын бомбалауға кіріседі. Бұл алғашқы ұшу әрі қою түн қараңғылығымен әуелгіде ма­невр жасауды әлі біле қоймағандықтан, тө­мендеместен бомба тастай берген. Әрине, не­містер қарап қалсын ба, олар да бұларды оқ­тың астына алады. Бірақ жолдары болып, тап­сырманы орындап, аман-есен өз полк­теріне оралады.
Хиуаз Доспанова бір сұхбатында: «Бұлтты күн­дері ұшу қиынға соғатын. Бір жо­лы осын­дай түнерген бұлтты күні жаудың автома­ши­налар колоннасының соңына түстік. Ұша­ғы­мыз­ды төмендетіп, нысананы қарауылға енді ала бергенімізде бұлт қаптап кетті. Әуеде бі­раз қалықтадық. Жанармай да азая бастады. Бұ­дан әрі жау территориясында ұша беруге бол­майды, не де болса тәуекел дедік те, бом­ба тастауға кірістік. Тым тө­мен­деп кеткен екен­біз, ауа толқыны біздің ұша­ғы­мызды солқ ет­кіз­ді. Сонда ғана түсіндік, бұлт­тан озамыз деп жерге жақын ұшып жүр­ге­німізді. Жау техникасын түгелдей жай­раттық та, қайта биікке самғадық», – деген еді.
Майданда ол төрт рет ауыр жараланды. Ауыр жарақатынан айыққан соң қайсар қыз әр­дайым ұрыс даласына қайта оралып отыр­ды. Кеңес Одағының Батыры Раиса Аронова «Ночные ведьмы» кітабында: «Кав­каз­дағы со­ғыс­та Хиуаз бірінші рет жараланып, гос­пи­таль­да бір ай жатып, қайтадан полкіне орал­ды. Ал 1943 жылдың жаңбырлы, бұлтты күні екі ұшақ қону кезінде соқтығысып, үш ұшқыш қа­за тауып, Хиуаз қатты жараланды. Өлген­дер­дің қатарында жатқан Хиуаздың кірпігі қи­мылдағанын көріп дереу операция столына жет­кізді. Дәрігерлер бірнеше күн және бір­неше түн арпалысты. Сөйтіп, оның аяғын кесу туралы мәселе қойылғанда  госпитальдің бас хирургі «Жоқ, мен бұл қызды аяғынан айыра ал­маймын, егер тірі қалатын болса, оған аяқ ке­рек әлі» деген еді». Шынымен тірі қалды, ау­руды да жеңіп шықты, үш айдан кейін полк­ке қайта оралды. Сол жолы көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен, «Кавказды азат еткені үшін» медалімен марапатталды» деп жазған еді. Бірақ жарақаттың зардабы оңай­шылықпен жойыла ма, кей күндері келесі ұш­қанға дейін ұшақтан шықпай отыра беретін, өйт­кені біреудің көмегінсіз отырып-тұра алмайтын еді.

 «Үш күннен кейін тамұққа да үйренеді» де­гендей, қараңғылыққа да, азапты күндердің ауыр­лығына да бойы үйреніп, бір үміт, бір кү­дік­пен жүріп соғыс тіршілігіне де төселіп қал­ған­дай. Соғыс үрейге толы болғанымен, со­ғыс та — өмір. Тіршілік бар жерде қор­­қыныш­тың да, күлкілі жайттың да бо­ла­тын­ы заңдылық. Сондай бір сәтін былайша әң­гімелеген еді: «Штурманның кіп-кішкентай, тап-тар кабинасы бұрылуға мұрша кел­тір­мей­ді. Басқа қару-жарақпен бірге термиттік бом­ба да тиеп алатын болдық. Кезекті бір ша­буыл­да белгілі бір нысананы бомбалап бол­дық та, енді әлгі «термичкаларды» тастай бас­тадым. Ең соңғысы кенеттен қолымнан түсіп кетті де, отырған орындығымның астына қарай домалай жөнелді. Зәрем ұшты, жарылса біттік. Қолыммен сипалап іздеп жатырмын, ұш­ты-күйлі жоқ. Қайтқанша үрейленіп, бе­ре­кем кетті. Қонуға таянғанда ұшқыш қызға «ұшақ­ты барынша жеңіл қондыршы» деп өтін­дім. Ол мені жараланған екен деп ойлаған болуы керек, шеберлігі сондай – тіпті қалай қон­ғанымызды да білмей қалдым. Егер солқ ет­кізіп қондырса, әлгі бомбаның жарылуы ға­жап емес. Орындықтың астындағы ең түк­пі­рінен бомбаны тауып алған соң ғана Полинаға ай­тып бердім. Ол қорыққаны сондай – әуелі кө­зі бақырайып үн-түнсіз қалды да, сосын басын шай­қай берді. Кейін бұл оқиғаны күлкі қылып ай­тып жүрдік. Сол түні екінші рет ұшқанда жа­ңа­ғы «қырсық» бомбаны ең бірінші лақ­тыр­дым».
Иә, осындай қайғылы да қуанышты сәт­тер­ге толы соғыс та бітіп, жеңіс күні де келіп жет­ті. Жеңісті Германияның Нойе Бранденбург қа­ласында қарсы алды. Маршал К.Ро­кос­сов­ский келіп полкті тарату туралы бұйрықты оқы­ды. Сөйтіп, сұрапыл соғыс та бітіп, елге жи­налып жатқанда полк штабының бастығы ке­ліп, Хиуаз Доспановаға армия штабының ұйғарымы бойынша генерал Гречконы Мәскеуге апарып қайтатынын жеткізген. Әрине, Хиуаз бұл ұсынысты қуана қабылдады. Кремльдегі жұмысын бітірген соң Гречконы алып, қайтадан кері ұшқан. Бұл бейбіт күннің бейбітшілік аспанындағы алғашқы ұшуы еді.
Соғыстан соң екінші дәрежелі мүгедек өмі­рін ұшумен жалғастыра алмады. Бірақ алдына мақсат қоя білетін қайсар қыз өзінің та­бан­ды­лы­ғы мен талапшылдығының арқасында бей­біт өмірде де еңбекке бел шеше кірісіп кетті.
306 рет ұшып, жауды жайратқан қаршадай қазақ қызының майдандағы ерлігі Кеңестер Одағының Батыры атағына әбден лайық бол­са да, билік тізгіні өзге ұлттың қолында болып, қы­тымыр саясаттың қырсығынан өзіне тиесілі ма­рапат бұйырмады, тек еліміз Тәуелсіздік ал­ғаннан кейін Халық Қаһарманы атанды. Ұлы Отан соғысының ардагері 2008 жылдың 20 мамырында бақилық болған еді. Апа­мыз­дың есімі қазіргі және келешек қазақстандық ұр­пақтың жадында мәңгілік сақталары анық.




Көрілген: 2277    Пікірлер: 0

жұма, 18.05.2012, 12:03

Достарыңмен бөліс:





  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    18 Мамыр 2012
    Сүлеймен бидің асы
    14 Қыркүйек 2011
    «Әудемжердің» әуресі

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30 31