«Cорлы Көкбай жылайды, жылайды да жырлайды...»

14 қыркүйек 2011, 12:40

Барша қазақтың бас ақыны Абай атын ауызға алғанда Көкбай есімі еріксіз тіл ұшына оралады. Тіпті Құнанбай қажының ұлы болғандықтан әрі өз өлеңіне көңілі толма­ған­дықтан, жас шағында Ибраһимге бүркеншік есім болған Көкбайдың кім екенін әлі күнге Алаш жұрты айтарлықтай жақсы біле бермейді. Сонымен,
• Көкбай кім?
• Қай жылдары өмір кешіп, немен айналысты?
• Қандай мінез иесі еді?
• Абаймен алғаш қалай танысты?
• Қанша жыл дос болды?
• Арадағы қыл өтпестей достықтың сыры неде?

Алғаш Абайдың ақын шәкірттерін зерт­теп, әрқайсысының аттарын жеке-жеке атап, өмір-деректерін хатқа түсірген Мұх­тар Әуезов болса, кейін оның ісін жал­ғас­тыр­ған ғалым Қайым Мұхамедханов еді. Алашына адал қызмет еткен осынау асыл азаматтардың артында қалған ұрпақтары, мына біздерге қалдырған құнды дерек­те­ріне сүйене отырып, біз Көкбай тұлғасын ашуға тырысамыз.
Ту бие мініп, Семейге тартқан «көк тентек»
Абаймен 25 жылдай жолдас, дос бол­ған Көкбай Жанатайұлы 1861 жылы қазіргі Семей облысы Абай ауданында туған. Тобықты ішінде Көкше руынан. Көкбайдың үшінші атасы – Есбай, Көкше ішіндегі жуан ата саналады. Есбайдың бес баласы: Са­рым­сақ, Сапақ, Жамантай, Көбентай, Бәй­тен. Бұлардың бесеуі де шетінен ділмар, шешен әрі пысық болып, «Есбайдың бес жүйрігі» атанған. Сапақтың баласы – Қа­ратай шешен, Құнанбаймен тізелес, көк­шенің рубасы адамы. Жамантайдың бала­сы – Жанатай. Жанатайдан – Көкбай. Сол заманның үрдісі бойынша, алғаш сауатын 10 жасында ауылдың Төлетай деген мол­да­сынан ашқан Көкбай 15 жасқа келгенде бозбалалық құрып, оқуын тастап, ойын-сауық қуып кеткен еді. Алайда Жанатайдың жаман ұлы есті тентектердің қатарынан табылып, кешірек те болса, есін жиып, 17 жас­­қа келгенде Семей қаласына оқу­ға ат­танады. Оған үлкен себепкер бол­ған кейін­нен Алашорданы құрушы арыс­тар­дың ең алғашқыларының бірі болған Әріп Тә­ңір­бер­генов еді. Көкбайдан екі-үш жыл бұрын Семей қаласындағы үш кластық орыс училищесіне түскен Әріп жазда ауы­лына демалысқа келген сайын қаланың тұр­мыс-салтын, орысша оқудың қажеттігін, онда тағы Әнияр Молдабаев, Айтқазы Жек­се­наев, Ысқақ Солтабаев сияқты то­бықты елі­нің жастары оқитынын естігенде, Көк­бай­дың оқуға деген құштарлығы онан сайын арта түседі. Алайда ол ойын әкесіне айтса, ол мақұлдамайды. Алған бетінен қайт­­пайтын, өршіл мінезді, жігерлі жас Көкбай «жіберсең – қолыңнан, жібермесең – жолыңнан» деп, әкесінің бір ту биесін мі­неді де, «Семей қайдасың?» деп бір-ақ тар­та­ды.
«Семейге Абай келсе, бізде – думан» не Көкбай Абаймен қалай достасты?
Ауылдан қашып келіп, орыс мектебінің есігін алғаш ашқан Көкбай зерек, ал­ғы­р­лы­ғының арқасында барлық пәнді жақсы мең­геріп кеткенімен қоймай, енді қолына қа­лам алып, өлең жаза бастайды. Сыбан­ның бір сараң байының Сымайыл дейтін ба­ласының мінез-қүлқына ыза болған Көк­бай оған өлең жазады. Әріпті де іліп, әдейі сөзге шақырады. Сөйтіп, екі ақын әзіл-шыны аралас айтысып кетеді. Көкбай айтыстың соңында, Әріпті Абайдан үлгі-өне­ге алуға шақырып:
Семейге Абай келсе, бізде – думан,
Ән салып, босамаймыз айғай-шудан.
Басқосу, бақастасу, мәжіліс құру,
Секілді бір ғылымның жолын қуған.
Тарихтан неше түрлі Абай сөйлеп,
Өзгелер отырады аузын буған.
Бір барсаң, мәжілісінен кеткің келмес,
Хакімдей Аплатон аңырап тұрған, –
дейді.
Абай қалаға келген сайын Көкбай сияқ­ты оқып жүрген жастарды жинап, қа­лай оқып жүргендерін сұрап, біліп, ақыл-кеңес берумен қатар, өздеріне де ән сал­ғызып, өлең айтқызып, олардың өнер, талап­тарын мадақтап, көңілді, мағыналы мә­жіліс жасап отыратын болған. Ол жас­тардың кейбіреулерін оқуға түсірген де Абай­дың өзі еді. Көкбайдың «Семейге Абай келсе, бізде – думан» дейтіні де осы бо­латын.
Ал енді Абаймен қалай етене араласып, ара­дан қыл өтпестей дос болуына алғаш түрткі болған оқиға жайлы Көкбай өз есте­лігінде былай баяндайды: «Ел ішінің ақы алысып, ақы берісіп жатқан сиезі еді. Мұ­ны өткізуге Семейден Досовский деген ояз келіп еді, сол бір ісімді жақтырмай, мені ел кісі­лерінің ортасында тұрғанымда, страж­ник­терін (атарман) жіберіп жазаламақшы болды. Әлгілер ерікке қоймай, әкетіп бара жатқан соң, қасымда еріп жүретін өлеңші жігіт­терім бар еді, солардың біреуінен Абай­ға бір ауыз өлеңмен сәлем айтып жі­бердім. Ол кезде ән салып, өлең айтатұғым, қа­сымдағы жолдастарым да сондайды әдет қылатын. Оязға әкелген соң, Абай кел­ді де, «жазығы не?» деп істің жөнін сұра­ды. Содан кейін Досовский: «Бұған біреу басшылық етіп, тәрбиесіне алмаса, мы­на елдің ортасында арызқой, пәлеқұмар болып, бұзылғалы жүрген адам. Сен тәр­бие­ге алып, міндетті болып, түзетемін десең, берем. Әйтпесе, жазаға ұшырайтын ісі бар», – деді. Абай маған кепіл болып, алып шықты. Осыдан кейін Абайдың жол­дасы болдым. Жолдастығым 25 жылға со­зыл­ды. Жаңағы оқиға 1880 жылдардың ша­­масында болып еді. Содан кейін қыс бол­­сын, жаз болсын, Абай ел араласа, қа­сын­да жүріп, ауылына келсе, үйінде бірге жа­тып, айырылыспайтын болдық. Абай­дың қасында ай жүріп, ай жарым жүріп ке­ліп, бір әредік толас болғанда ғана өз үйі­ме бір жұма, көп болса, он күнге рұқсат алып келіп, артынан қайта барамын», – дей­ді. (Абай. Толық жинақ,. 1933, 387-бет).
Абай неге Көкбай боп жырлап, Көкбай боп жылады?
Алғаш Абай 1889 жылы өзінің «Жаз» атты өлеңін «Дала уәлаяты газетінің» № 7 са­нында Көкбайдың атынан жариялаған та­рихи фактіні жадыларыңызда жаңғырта отыр­сақ. Өлеңнің басында былай деп тү­сінік берілген: «Семей уезі Шыңғыс елінің қазағы Ибраһим Құнанбай ауылының Ба­қа­нас өзенінде Көпбейіт деген жерге қо­нып жатқандағы түрі. Кісіден үйреніп жаз­дым. Көкбай Жанатайұғлы». Ал енді осы­ның мәнісін кім қалай түсіндіреді?
– Сол кезде, – дейді Мұхтар Әуезов, – Абай айналасындағы бар ақынның ішінде суы­рыпсалма, импровизацияға ең жүйрік ақын Көкбай болғаны даусыз. Сол талантын ба­ғалап, Абай мұны өзі жазып жүрген ал­ғашқы өлеңдеріне ие қып шығарды.
Ал Көкбайдың өзі бұл жайлы есте­лік­терінде: «1880 жылдан бастап, 1886 жыл­ға шейін Абай әрбір өлеңді жазып жүрді. Бірақ бұл уақыттағы сөздерінің барлығын «Көкбай сөздері» деп жүргізді. Кейін Ом­бы­да шығатын «Дала уәлаяты» мен «Сер­ке» газеті шыққанда, бірер өлеңін тағы менің атым­нан жіберді. «Сорлы Көкбай жы­лай­ды, жылайды да жырлайды» дегенді мен қылып қойып, өзін айтып еді. Осы хал 86-жыл­ға шейін келді де, сол жылдың жа­зында ел жайлауға шықты. Абай ауылының ең өрістеп барып, орнықпақ болған жай­лауы Бақанас өзенінің бойы еді. Көш жүріп кетті, біз Абаймен бірге бірнеше кісі болып артынан келдік. Осы жылы Абай ауылында док­тор Долгополов та қонақ еді. Ауыл Ба­қанастың бойындағы Көпбейіт деген жерге қонып жатыр екен. Абай қонып жатқан ауыл­ды көріп, «осы суретті өлең қыл» деді. Мен біраз өлең қылып едім, жақтырмады да, өзі жазбақшы болды. Сонымен үй тігі­ліп болып, бәріміз жайланған соң, Абайға келіп едім: «Өлең Көкшенің бойынан асайын деді ғой», – деді. Мен: «Асса, ба­сында мен қолқаланып алған нәрсе емес еді. Енді өзіңіз ретін тауып, қайта аларсыз», – деп қалжыңдадым. Сөйтсем, сол күні «Жаз­дыгүн шілде болғанданы» жазған екен. Оқып берді. Өзі жазған өлеңіне ең ал­ғашқы рет аз да болса, қанағат қылғанын көр­генім – сол. Менің қалжыңыма орай, қы­лып: «Сен соғымыңа бір ту бие ал, мен ен­ді өлеңімді өзім алайын», – деді  дей­ді.
«Сабалақ» немесе «Ақауыз атты жазамын деп...»
Көкбай Абайдың ақын шәкірті бола жүріп те көп іс тындырған. Соның бірі – «Сабалақ» дастаны Абайдың тапсырмасы бойынша жазылған еді. Ол жайлы ұлы Мұқаң: «Онысы Абылаймен содан бергі за­мандар турасындағы тарихтық тартыстар жө­ніндегі тақырып болады. Көкбай сол Абай берген деректер бойынша ұзақ шы­ғар­ма жазады. Мұнда Абылай заманын ай­тып кеп, содан Қасымға, Есенгелді, Сар­жан­ға ауысады. Әңгімелі поэмасының айқын жіктелетін екі бөлімі бар. Мезгілі, маз­мұны, кейіпкерлерінің қалыптасу айыр­масына қарай, бұл ұзақ шығарманы ай­қын екі дәуірдің адамдары турасында, екі ұдай бағытта жазылған шығарма деп жік­тей аламыз. Сонда поэманың алғашқы бөлімін  Абылайға арналған «Сабалақ» поэмасы деп атауға болады. Екінші бөлімі Абы­лай­дың бір топ нәсілдеріне арналады», – деген.
– Бір жылы менің өзіме: «Абылай хан мен Кенесарының қазаққа істеген еңбек­те­рін ұзақ әңгіме қылып айтып беріп, «осы­ны өлең қыл» деді, – деп бастайды Көкбай бұл жайлы естелігінде, – ...күндіз-түні ты­ным алмай жаздым да, 5-6 күнде бітіріп, Абай­ға қарай қайта жүрдім. Абай бұл уа­қытта үлкен ауылынан бауырдағы ауы­лы­на, тоқалынікіне барып, сонда жатыр екен. Кі­ші ауылы – «Аралтөбе» деген жерде. Үл­кен ауылы, Ділдә қыстауы – Ақшоқыда. Біз­дің ауылдан 70 шақырымдай жерде еді. Кеш болып, ел орынға отырған кезде, кіші ауыл­ға жетіп, Абай отырған үйге сәлем бе­ріп кіріп келдім. Үйде кісі көп екен. Ал­да­рына кешкі шайды жаңа алған екен. Кірген же­рімде сәлемімді алмастан:
«Абылай келді ме?» – деді...
... Мен сұрағына: «Келді», – деп едім:
– Олай болса, айт! – деді.

Сонан соң барлық киімімді шешін­бес­тен, отыра қалып, айта бастадым. Өлең­ді ал­ғаш­қы айта бастағанымда тыма­ғым­ның бауын да шешкен жоқ едім. Тегінде «ше­ші­нейін, жайланайын» деген сөз Абай­дың ықыласын қайтарып тастайды. Сон­дық­тан өлеңді айта отырып, тымағымды шешіп бір алып қойып, тағы бір әредікте белдігімді тастап, содан өлеңнің желісін үзбей оты­рып, сыртқы киімді тастап, жү­гім­нен бірте-бірте барып қана бо­сан­дым...
...Өлеңді әнге салып айтсам да, шар­ша­ған, талғанымды білдірмей, желісін үзбей айтып отырдым... Қағазыма да қарағаным жоқ. Ылғи жатқа айттым.
Алдарына келген шай ішілмей қалды. Алғашқы самаурын суып кетіп, оны алып барып, екінші рет қойып, тағы әкелді. О да суып қалды. Абай да, басқа ешкім де ішкен жоқ. Сонымен үшінші самаурын келгенде, Абы­лай мен Кенесарының жорығын аяқ­татып барып, енді Наурызбайға көшіп едім, бұ­ған келгенде: «Енеңді ұрайын, ашулы тен­тек, Кене ханның бағын да осы алып еді. Ен­ді шайыңды іш!» – деп, Нау­рыз­бай­дың жайын бұл арада тыңдағысы кел­меді.
Осы өлеңдердің ішінде Наурызбайға Мер­кенің бегі берген Ақауыз аттың тұл­ғасын сипаттап едім. Ол атты менің сөзім­нен сынады да: «Мұның шыға шауып, жайы­лып қалатын ат болған екен» – деп, сол күндерде Ақауыз атты жазамын деп, «Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ» деген белгілі ат сынын шығарды. Басында мұны Ақауыз аттың сыпаты деп айтқан соң, мен: «Абылай-Кене жырына кіргізейін бе?» – деп сұрап едім, «Бұл шіркіннің өзі де мес болып кетті ғой», – деп кіргіздіртпеді.
(Материалдар «Абай» журналының мұрағаттағы тігінділерінен алынды)