«Қош болшы енді, Оралым» десе де, Оралы Қасымымен қоштаспайды

«Қош болшы енді, Оралым» десе де, Оралы Қасымымен қоштаспайды

Биыл ғасыр тойы тойланғалы отырған қазақтың дауылпаз ақыны, классик ақын Қасым Аманжолов Қарағандыға қарасты Қарқаралыда туғанымен, бүтін жастық шағы, ең бір әдемі өлең жазып, лапылдаған ғажайып ғашық кезеңін Жайық бойында өткерген екен. Алғаш Абай туған Семей жерінде білім алған ақын әрі қарайғы білімін Оралдың педагогикалық институтында жалғап еді. Одан Оралдың облыстық газетінде қызмет істеді. Оған ақынның «Кезгенмін Совет көшесін» деген жырынан бастап, біршама өлеңдері куә. Жайық бойында қалған Аманжолдың Қасымының сол іздерін бізге өзі де «Жайықтың ақ шағаласы» атанған ақын Ақұштап Бақтыгереева алып келгендей болды.

Шаған, қызыл үй, қызық махаббат...
– Шағанның бойы көк шалғын,
Шалқамнан жатқам шаңқай түс.
Гүл болып менің құшағым,
Кеудеме қонған бұлбұл құс, –
деп жырлаған Шағаны мынау еді, – деп әңгімесін фотосурет көрсетуден бастады Ақұштап ақын. – Сол Шаған қазір де сондай көк шалғын, қарағайлы, қайыңды. Шынында, Шағанның жағалауына барсаң, жыр жазбау мүмкін емес.
– Сол өзен, сол шалғын, бірақ Қасым жоқ дейсіз ғой?..
– Иә... Ал енді мынау ескі үйге қараңыз, қызыл кірпіштен өрілген бұл үй – бүгінде облыстық радио ғимараты. Кезінде мұнда Қасым алғаш махаббатын жолықтырған. Сақыпжамал есімі бізге ақынның өлеңдері арқылы өте жақсы таныс. «Сақыпжамал, бір өзіңде екі әйелдің аты бар» деп жырлады ғой. «Бөтен біреудің көліне қондың» деп те жырлаған алғаш. Міне, сол Сақыпжамалмен Қасымды жолық­тырған осы үй еді. Бұл жөнінде ақын өмірбаянын парақтасаңыз, табасыз. Сақыпжамалдың жолдасы әскери адам еді, өзі Қасыммен дос болатын. Бұл жүрек дегенді қойсаңшы, асау ғой, асау, әсіресе ақын жүрегі. Досына еріп келіп жүріп, әйеліне ғашық болады ғой. Шын сезім ақылдың әміріне көнсін бе? Әрине, әйел – Сақыпжамал апамыз қазақы әдептен аттамайтын инабатты, ибалы еді. Ол Қасымның ақындығына сүйсінген, қызық адам ретінде араласқан басында. Жыр арнап жүрген ақын жайлы күйеуіне «осы Қасым сен жоқ кезде маған «сені жақсы көремін деп айтады» деп, ақынның ол сөзін қалжың ретінде қабылдаған. Жолдасы да «Сәпен, ақындар өзі сондай болады, мән берме» дейді екен. Сөйтсе, Қасым Сақыпжамалға, шын мәнінде, бір көргеннен ғашық болыпты. Соғыстан кейін ақыры оған үйленді, екеуі бір отбасы болып өмір сүрді. Сөйткен Сақыпжамал апамызды, кейін Әбу Сәрсенбаев ағамыздың үйіндегі Ләзиза апамызды мерекелерімен құттықтай барғанымда, талай рет көріп, бір дастарқанда шай да ішкен кездерім болды. Бұл да – өзінше тарих. Міне, Қасым сүйіктісін алғаш жолықтырған Оралдағы сол көне шаңырақ әлі тұр.

                                                                  «Терезе алды –  көк терек...»
Соғысқа да Қасым осы Оралдан аттанып еді
Қол созып қызыл вагоннан,
Үстіңнен өтіп барамын.
Қош болшы енді, Оралым,
Гүл бере шалқып, сайранда!
Айтпақшы, қайда бораның,
Кетейін алып майданға.

Міне, сол сұрапыл соғысқа кетіп бара жатқан кездің өзінде де Оралдың үстінен жүріп өтіп, майданға Оралдың боранын, жастық шақтың қысын, ызғарын жырлап, өтіп кеткен.
Көк теректі көше – Аманжолов атында
Терезе алды – көк терек,
Тұр екен кімдер сүйеніп,
Жүр екен кімдер үйленіп? –
десе, мынау – сол көк терегі. Бүгінде оған екі адамның құшағы жетпейді. Күтімі де жақсы. Мынау – сол үй. Әлгі терек сол Сақыпжамал тұрған үйдің терезесінің түбінде болған. Осы көк терекке сүйеніп тұрған күйі ақын Сақыпжамалға талай тамсана қараған. Сол көшеге қазір Қасым Аманжоловтың атын бергіздік. Ақын ағаның аруағының алдында жасаған бір тамшы үлесіміз осы болған шығар. Ол көшеде сондай-ақ бүгін Мағжан Жұмабаевтың суреттері ілулі тұр. Ол көшеде сол Қасымды көрген ескі үйлер де сақталған.
– Ақын, әттең, ерте кетті, көре қойған жоқсыз ғой. Бірақ жырына жастайы­ңыздан қанып өскен шығарсыз? Жалпы, Қасым жырлары сіздің ақын болып қалыптасуыңызға әсер етті деп айта аласыз ба?
– О-о, әрине!
«Ақсәуле, аспанда Аймен таласасың,
Төгілген иығыңа қара шашың», – деген Қасымның сөзіне жазылған әндер шырқал­ғанда, «сол Ақсәуле мен екенмін» деп өстік қой. Қасым жырлары әр адамның жүрегіне жол табатын жеңіл әрі өткір, лапылдаған отты өлеңдер ғой. Қасыммен бірге соғыста бірге болған Абдолла Жұмағалиев те осы Оралдан еді. Екеуі де мықты, екеуі де өрімдей жас, екеуі де – жақсы ақын, екеуі майданға бірге аттанған. Соғыс жүрген жерде қаза жүрері хақ, Абдолла соғыста Қасымның көзінше қаза тапқан, оған Қасым дастан арнаған. «Ақын өлімі туралы аңыз» атты дастаны ақынның қыршын кеткен досына қойған ескерткіші іспетті. Абдолла Жұмағалиевтің де туған жерінде есімі бар, еске алып отырады елі. Осындай өмір кешкен таланттарымыздың Оралда әлі ізі сол күйінде сайрап жатыр. Одан бөлек, қазір де оқу орындарында, кітапханаларда ақынға арналған кештер өткізіліп тұрады.
– Қасым рухымен сырласқан, өлең арнап болмаса жырына жауап жазған кезіңіз болды ма?
– Ақын ағаға тікелей өлең арнамасам да, Қасым жырларын эпиграф етіп алып, еліктеген тұстарымыз болды. Мысалы, менің әкеге жазған өлеңім, мүмкін, осы Қасым жырының әсері шығар деп ойлаймын. Себебі ол:
Аманжол Рахымжанның Қасымымын,
Мен өткен бір атаның ғасырымын.
Біреудің жұртта қалған жасығымын,
Біреудің аспандағы асылымын, –
десе ол, мен де өзімді «қыз да болсам біреудің асылымын» деп әкемнің атын өлтірмей жүруім осы Қасым сынды ақынның әсері болса керек.
«Дариға, сол қыз» – Дариға Қасымқызы
Қасымның соғыста жазған «Дариға, сол қыз...» өлеңіне ән де өте үйлесімді шыққан. Оның бүгінгі ұрпаққа жетуіне алғаш негіз салған – ақын Ғафу Қайыр­беков. Осы Ғафекеңнің орындауында біз әлгі әнді жиі тыңдап өстік. Тіпті күні бүгінге дейін қанша әнші шырқаса да, дәл Ғафу Қайырбековтей ешкім жүрегінің түбінен шығара орындай алмай жүр. «Қайда екен, қайда, Дариға-ай, сол қыз» деп үзіліп тұрып шырқағанда, ой бір өзіміз де бірге үзілуге шақ қалушы едік. Ғафе­кеңдер Қасымның көзін көрген адамдар ғой. Тіпті сүйген жары Сақыпжамалдан ту­ған қызына Қасым Дариға деп ат қояды. Ол елес пе, арман ба, жоқ, ынтығу ма, әйтеуір, Дариға аты ақын өлеңінде жүрді ғой. Дариға – осы біз шамалас, соғыстан кейінгі ұрпақ. Менен бірер жас кіші де болса керек. Алматыда тұрады. Дариға әкесі жайлы естелік жазып қойды деп естідік, өткен жылы «Ақжайық» атты Орал­дағы жазушы­лар кітапханасынан шығарамыз ба деп ойлап жүр едім. Биылғы су тасқыны біраз есеңгіретіп тастады да, «Ақжайық» кітапханасы тоқтап тұр әзірге. Енді, бәлкім, 100 жылдығына бір жерден басы­лып шығатын шығар. Ал, жалпы, Қа­сым Аманжоловты біз Жайықтың да ақыны деп санаймыз. Болашақта, бәлкім, ақынның өз шығармаларын шығарып та қалармыз.
– Әр ақынның өз қолтаңбасы болары сөзсіз, Қасымды Қасым ететін нендей ерекшелігі дер едіңіз сіз ақын көзімен қарағанда?
– Қасымның сол кездегі поэзияға әкел­ген ұйқасы ерекше, сосын өлеңі отты, лепті. Өткір айтатын, еркін, тентек мінезі­мен де ерекше болған ол. Мысалы,
Бермесең бермей-ақ қой баспанаңды,
Сонда да тастамаймын астанамды.
Өлеңнің отыменен жылытамын,
Өзімді, әйелімді, жас баламды,
– деп, пәтер бермеген басшыларға өлең жазу ол кезде екінің бірінің қолынан келе бермеген. Бұл өзі қабағы түксиген, «халық жауы» дегенді жаба салатын Сталиннің кезеңдері емес пе? Соның аяқ шені. Соның өзінде қорықпай, тайсалмай жырлаған Қасымды оқырман қалай жақсы көрмесін?!. Ол өзі бір әдебиетке құбылыс болып келіп еді. Міне, сөйткен Қасымның ешбір жерде ескерткіші жоқ әлі күнге. Осы Жайық бойына Қасымға қасқайтып тұрып ескерткіш қойсақ та, жарасар еді. Жалпы, қазіргі кездегідей ақынды туған жерінде ғана шектеп қалу деген – жағымды жағдай емес. Ақын – туған елге ортақ тұлға. Мы­салы, Ілияс Жансүгіровтің Талды­қорғанда тұруы шарт емес. Себебі Ілиястың «Құлагерін» оқып, қазақтың әр баласы әдебиетке келеді. Сол сияқты Қасым да қазақтың қай даласында тұрса да жарасады. Себебі Қарқаралыда туғанмен, ол – Қарқаралының ғана Қасымы емес, бүтін қазақтың Қасымы!

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста