Мектеп оқушыларына ұлттық тәрбие беру қалай жүзеге асырылуы керек?

Мектеп оқушыларына ұлттық тәрбие беру  қалай жүзеге асырылуы керек?

«Адамға ең әуелі білім емес, тәрбие берілуі керек. Онсыз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген екен ұлы ғұлама, Әбу Насыр әл-Фараби. Қазақ – текті халық. Ұлттық тәрбие деген тіркестің өзі – қазақ халқы үшін қасиетті ұғым. Өйткені нағыз қазақ ол – тек қазақтың салт-дәстүрімен сусындаған, осы ұлттың тәрбиесімен жетіліп, туған тілімен санасы оянған азамат. Қазақ халқының бойында Жер жүзінде теңдесі жоқ адалдық, кеңпейілділік, ақкөңілділік, қонақжайлылық сияқты адами қасиеттер бар.

Қазақы тәрбие
«Бала тәрбиесi – бiр өнер, өнер болғанда ауыр өнер, жеке бiр ғылым иесi болуды тiлейтiн өнер». Ал Мағжан Жұма­баев атамыз «Қазақ баласының тәрбиесі қазақ тұрмысына қабысуы мақұл» деген еді. Демек, ұлттық тәрбие – аса қастерлі ұғым. Алайда қазақы тәрбие дегенді қазір әркім әртүрлі түсінеді. Ал бұл – ең әуелі ата-анасын, үлкенді және қоғамды, яғни өзі өмір сүріп жүрген ортаны сыйлау. Осы айтылғандарды сыйлап өскен, ата көрген бала тәрбиесіз болмайды.
Мағжан атамыздың мына сөзіне назар салсақ, «Баланы тәрбиешісінің дәл өзін­дей қылып шығармай, келешек заманына лайық қылып шығару керек» дейді. Қазір ХХI ғасыр білім мен ғылым заманы екенін жұртшылық жақсы біледі. Бірақ бар күші­мізді білім мен ғылымға салып, тәрбиені елеусіз қалдырсақ, ұта­рымыздан ұты­лары­мыз көп болатын­дығын ортаға­сыр­лық бабамыз ғұлама әл-Фараби нық­тап айтып кеткен ғой. Ендеше, әуелі тәр­бие, содан соң барып басқа қажеттіліктер, білім, ғылым, әде­биет, мәдениет. Мәде­ниет демекші, тәрбиелі қауым мәдениетсіз болуы мүмкін емес. Ал білім, ғылым, мә­де­ниет нағыз қазақы тәрбиемен арқау­ланса, өркениет­тің шыңына даңғыл жол салынбақ.
Қазақы тәрбиенің басты тармақта­рының бірі – қазақы қанның немесе қарашаңырақтың ұл балалар арқылы жалғас­тығы және әрі қарай өніп-өскен са­бақ­тас­тығы. «Қызға қырық үйден тыйым», «Қыздың жолы жіңішке» деген қисынды қағидасы. Өйткені ұл бала қазақ халқының намысы болса, қыз бала ар-ожданы, ұяты. Ұят демекші, бабаларымыз ұятты өлімнен күшті санаған.
Тағы да Мағжан атамызға құлақ түрсек, «Ұлт тәрбиесі баяғыдан бері сана­лып келе жатқан тастақ жол бол­ғандықтан, әрбір тәрбиеші сөз жоқ, ұлт тәр­биесімен таныс болуға тиіс. Сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті» деп қалың қазағын қазақы тәрбиені жоғалтып ал­мауға міндеттейді. Ал біздің бүгінгі отбасыларымыз бен балабақша­лары­мызда, мектептеріміз бен жоғары оқу орындарында қазақы тәрбие беріліп жатыр және Үкіметіміз қазақы тәрбиеге дендеп көңіл бөліп отыр деп айтуға бола ма? Кесіп айту қиын. Алайда осыдан «Бала­пан» телеарнасының ашылғандығы, «Қазақстан» ұлттық телеарнасының бар­лық бағдарламаларын таза қазақ тілінде жүргізе бастағандығы және жуырда «Мәдениет» телеарнасының ашылған­дығы – Үкіметіміздің қазақы тәрбиеге шындап бет бұрғандығының айғағы.
Мектептегі бала тәрбиесі
Көреген Мағжан атамыз бір сөзінде: «Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі...» – депті. Осы ой бүгінгі күні өзекті мәселе болып тұр. «Мектебімізді таза, берік һәм халықтың жанына үйле­сетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады» деп арыстан атамыз Мағжан сұрғылт заман­ның сұрқия саясатынан қаймықпай айтқан екен.
«Шүкір» деуге болатын шығар. Қазір елдің барлық жастарын бір тудың астына жинап, дұрыс та айқын даму жолына бас­тайтын «Жас ұлан» балалар ұйымы бар. Бұл – бүгінгі қоғамның бел ортасында жү­ріп, жарқын болашаққа қадам басатын қозғаушы күш. Ал оның қатарында білім­ді, өнерлі, талапты, болашағынан зор үміт күттірер өрелі жастар бар. Бүгінде олар­дың саны 1 миллионға жеткен. Елдің әр түкпірінде жүрсе де, оларды бір мақсат, бір тілек байланыстырады. Сондай-ақ жасұландықтар қасиетті қазақ жерінде туып-өскендіктен, олардың тәрбиесі, ой-өрісі бірдей деуге болады. Бірақ күн санап зымырап, зулап, құбылып жатқан бүгінгі қоғам тәрбиені де өз ырқына қарай көн­діріп, өзгертіп жатқаны анық байқа­лады. Өркениетке қол созып, шетелдің игілігін аламыз деп жүргенде өзге елдің мәдениеті де, өнері де, жақсы-жаман әдеті де дендеп енді. Ең алдымен, оның бәрін енгізген де, елге жайған да жастар болды. 2009 жылы жүр­гізілген санақ бойынша, 14 пен 28 жас аралығындағы жастарымыз саны – 4 044 660 екен. Ал бұл Қазақстан халқының төрттен бірі. Демек, кез келген жағдайға, ортаға тез бейімделгіш жастар, басқаларға да оңай ықпал жасай алады. Ал, ең бастысы, олар елдің келешегі болғандық­тан, ертеңгі ұлттың келбеті осы жастардай болары түсінікті. Қазір қоғамда, әсіресе алдыңғы буын мен қарттар арасында жастар туралы теріс пікір туа бастады. Қыз-жігіттерді сөгіп, сын тағушылар көбейді. Оның себебі де жоқ емес. Сондықтан қазақтың қыз-жігіт­тері туралы жағымды пікір туғызу қажет­тілігі туды. Бұған да «Жас ұлан» ұйымы бірден-бір себепкер бола алады. Өйткені талапты, өр мінезді жастардан құралған ол тек игі істердің ортасынан көрініп, өзге­лерге үлгі бола алады. Ал 6 мен 17 жас аралығындағы осы жеткіншек­терді отансүйгіш, ұлтына, халқына, еліне адал етіп өсіру үшін тағы да ұлттық тәрбиеге ораламыз.
Ұлттық тәрбие
Ұлттық тәрбиенің көздері – фольклор, ауыз әдебиеті, ұлттық әдебиет, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ұлағатты қағидалар, шешен­дік сөздер, өнеге-өсиеті бар мақал-мәтел­дер, туған топырағымызда дүниеге келген ойшыл ғұламаларымыздың еңбектеріндегі тәрбие қағидалары. Сонымен бірге отбасы тәрбиесінің ұлттық ерекшеліктері, туыстық қарым-қатынас, жеті ата туралы түсінік, перзенттік парыз бен қарыз, ұлттық намыс, ұлттық сана-сезім, ұлттық адамгершілік, отансүйгіштік, еңбексүйгіштік қасиеттер, ізгілік сынды сапалық белгілер ұлттық тәрбиенің негізгі бағыттары болады.
Иә, ұлттық тәрбие – ұлттық сана-сезімі жоғары болашақ маман жастарды тәрбие­леуге негізделген білім беру жүйесінің құрамдас бөлігі. Мақсаты – ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, ұлттық мүдденің өр­кендеуіне үлес қоса алатын ұлттық құн­дылық­тар мен жалпыадамзаттық құн­­­ды­лық­­тарды өзара ұштастыра алатын ұлтжанды тұлғаны тәрбиелеу. Міндеті – мәдени-әлеуметтік өзгермелі жағдайдағы ұлттық тәрбиенің діңгегі – ана тілі болып қалатынын негіздеу, қазақ тілі мен тари­хын, мәдениеті мен ділін, салт-дәстүрі мен дінін құрметтеу рухында жастардың ұлттық интеллектуалдық мінез-құлқын қалыптас­тыру, бүгінгі қазақ елінің индус­триал­дық-инновациялық жүйесінің дамуын қамтама­сыз ететін жоғары парасатты ұлттық сипаттағы белсенді іс-әрекетке тәрбиелеу. Білім және мәдени-рухани тұрғыда басқа өркениеттермен бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз ету, қоғам мен адам, адам мен табиғат қарым-қатынасының өркениеттілік сана-сезімін ұлттық рухта қалыптастыру болып табылады.
Мемлекеттік тілді дамыту
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды фак­торы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әр­бір азаматының парызы», – деп айт­қан­дай, мемлекеттік тілді дамытуда, қоғам­дық ортада әлеуметтік қолдану аясын кеңейтуде біраз шаралар жүзеге асырыл­ды. Ал 1990 жылы «Тіл туралы» Заң қабыл­данған соң ғана қазақ тілін басқа ұлт өкілдеріне оқыту мәселесіне көңіл бөлініп, өрістетуге жол ашылды. Қазіргі таңда тіл үйренушілерге қазақ тілінен арнайы мұғалімдер сабақ жүргізіп, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге, ұлттық тәр­биемізді дамытуға зор үлес қосып жүргенін мақтаныш етеміз. «Кез келген өркениетті елде көп тіл білу  басты мақсат екенін балабақшаның даяр­лық тобы да, мектеп оқушылары да жақсы біледі. Жақын болашақта мем­лекеттік тілді меңгермеген баласының ертеңі бұлыңғыр болатынын әрбір ата-ана сезінуі керек. Бұдан артық қандай қажеттілік (стимул) болуы мүмкін», – деп филология ғылым­дарының докторы, профессор Әлімхан Жүнісбек айтқандай, біздің Республика­мыздағы мектептерде ұлттық тәрбиені мемлекеттік тілдің негізінде оқытудың жан­дана бастауы – қуанарлық жайт. Тіл үйрену­шілер белсенді түрде, өзін жан-жақты терең зерттеп, өзгелермен араласу жолдарын меңгеруі керек. Күнделікті шы­ғар­­машылықпен жұмыс істеу, адамдармен қарым-қатынас жасау қажет. Мемлекеттік тілді меңгеру – бүгінгі күннің талабы.
Ұлттық тәрбиені жаңғырту – заман талабы
Ұлттық тәлiм-тәрбие мәселесi бойынша кейiнгi жылдары iргелi зерттеулер жүргi­зілiп, ғалымдардың назарынан түскен емес. Қазiрде соңғы педагогикалық тәжi­ри­белер, сондай-ақ психологиялық-ди­дак­тикалық және қолданбалы педа­гогикалық озық технологияларға сүйене отырып, ұлттық тәрбие мәселесiн одан әрі ғылыми негiздеп, қайта жаңғырту мен дамыту бүгiнде өмір талабы болып отыр. Ұлттық тәлiм-тәрбие мұраларын мектептегi оқушылар ұжымдарының iс-әрекеттерiнде барынша пайдалану – қазiргi кездегi педа­го­гикалық талаптардың бiрi. Замана жетiстiктерi негiзiнде тіл үйренуші ұрпаққа сапалы бiлiм берудi мақсат еткен көпшiлiк қауым, ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы сақтап, жинақтап келген халық педагогикасының асыл мұралары арқылы саналы тәрбие берудi әрқашан жадынан тыс қалдырған емес. Соңғы жылдары өт­кiзiлiп жатқан ғылыми-практикалық кон­ференциялар мен ҚР Президентінің Жар­лығы, ҚР Заңдары, ҚР Үкіметі қаулылары, ҚР Білім және ғылыми министрлігі құжат­тары мен зерттеушi ғалымдардың еңбек­терiнде этнопедагогика мұраларының назарға iлiнуi – аталмыш проблеманың көкейкестiлiгiн айқындап отыр. Болашақта гүлденген Қазақстанның одан ары қарыш­тап өркендеуiнiң негiзгi тұтқасы болатын демократиялық қоғамды құратын парасат­ты, бiлiмдi тұлғаларды дайындауда мек­теп­тегі тіл үйренушілер ұйымы арқылы ұлттық тәлiм-тәрбие жұмыстарын ұйым­дастырудың маңызы зор екенi даусыз. Озық жетiстiктерге негiзделген бiлiм нәрiмен қатар, ұлттық тәрбие құндылық­тарын бойына сiңiрген ұрпақтар ғана ұлт тағдырын тереңiнен таразылап, бола­шағын барынша болжайтын тұлға ретiнде танылатыны анық.
Тәрбие теориясы
Тәрбие теориясына байланысты әл-Фарабидің «адамға, ең алдымен, білім емес, тәрбие беру керектігі» жөніндегі на­қыл сөзі бар. Я.А.Коменскийдiң ойынша, ұлттық тәрбиенiң негiзгi ошағы отбасы дәстүрi мен тіл үйренушілер қауым­дас­тықтары ата-баба тағылымдарынан бастау алғанда ғана, оларға бiлiм берудiң тиiм­дiлiгi мен сапалылығы және қоғам үшiн қажеттiлiгi арта түседi деп санаған. Ұлы гуманист Иоганн Генрих Песталоц­цидiң ойынша, адамзаттың тәлiм-тәрбиелiк құн­дылықтары, ұрпақтарының түрiне, нәсi­лiне, қабiлетiне және әлеумет­тiк-таптық ерекшелiктерiне бөлiнбей, «Ата-аналар тағылымдары – Книга матерей» деген бiр­тұтас тәлiм-тәрбие жүйесi ретiнде игiлiк­тенуi керек» деп санаған. Ал Ж.Ж.Рус­со тәрбиенiң негiзгi көзi ата салтында деп қараған.
Тәрбие теориясын К.Д.Ушинский: «Тәр­биенің ғылым үшін де, біз үшін де ең керегі – нағыз адамды қалыптастыру. Адам­ның мінез-құлқы кәдімгі топырақ болса, халықтық құндылықтар сол топырақ арқылы тамырын жаяды...»,– деп өзінің терең ойын білдіреді.
Тіл үйрену әдістемелері мен ерекшеліктері
Тіл үйренушілерге ұжымдық қауым­дастық негiзiнде жан-жақты ұлттық тәрбие беру жөнiндегi: тіл үйренетін ұжымда жүр­гізілетін тәрбие жұмыстарының әдістеме­лері мен ерекшеліктерін Н.И.Бол­­дырев, В.А.Сластенин, Л.Р.Болотина және басқа да ғалымдар зерттеді. В.Лебединский зерт­теуінде тіл үйренушілер ұжымындағы ұлттық тәрбие мәселесін педагогика ғылы­мының бір саласы ретінде қарастырған. Н.Болдырев: «Тіл үйренушілер ұйымының негізгі көрсеткіші – жалпы идеялық ортақ әрекет, тіл үйренушілер арасындағы тығыз қарым-қатынас, жалпыға ортақ басқару жүйесі, көпшілікке ортақ жауапкершілік пен ұжымның әр мүшесіне қойылатын ортақ талаптар болмақ», – деді. В.Коро­товтың ойынша «ұжымдық ынтымақтас­тықтың негізгі күші тіл үйренушілер ара­­­сындағы саналы тәртіп» делінген.
В.Га­­­лузин­ский: «... тіл үйренушілер ұжы­мындағы қоғамдық пікірдің қалыптасуы ұжым, топтар ара­сындағы көсемдер (көшбасшылар) қа­рым-қатынасына байланысты», – деген. Ә.Жұмахановтың пікірінше, ұлттық тәрбие мектептегі тәрбие жұмысында жетекші орынға айналуы шарт деп санайды. З.Жа­қы­пов «тіл үйренушілер ұжымы арқылы қазақ тілі сабақтарында ұлттық тәрбиеге бағытталған педагоги­калық іс-шаралар жан-жақты дамыған жаңа адамды тәрбиелеп шығарудың кепілі болмақ» дейді. Қазақстанда тіл үйрену­шілер ұйы­мы­ның ұлттық тәлiм-тәрбиеге негiзделген жаңа моделі, ұлттық тәлiм-тәрбиенiң асыл арналары болып табы­латын ізгілік, имандылық, парасат­тылық ұғымдары өзiнiң бастауын қасиеттi Құран жазба­ларынан, тотемдiк-мифо­логиялық ұғым­дар мен таңбалардан, пайғамбарлар мен ғұламалар өсиет­терiнен, киелi «Авес­та» шежiрелерiнен, мақал-мәтелдер мен тыйым сөздерден және дала даныш­пандарының нақыл сөздерiнен бастау алады. Алтай тауларының қақпа тастарына (IV-V ғ.ғ.) ойып жазып кеткен Күлтегiн мен Тоныкөк бабаларымыздың артына тәлімдік мұра қалдырды.
Ұлы бабалар ұлттық тәрбие жайлы...
Асан қайғы айтқан асыл тас – табиғат ортасы, асыл сөз – адамзат парасаты, жел мен ой толқыны тылсым кеңістіктің таң­ға­жайып құпиясы болып табылады. Ы.Ал­тынсарин орыс-қазақ мектептеріне арнап қазақтың ұлттық бай мұраларын орыс тіліне аудару арқылы қазақтың халық педа­гогикасын басқа ұлт өкілдеріне білдірді. Абай ұлттық тәрбие мәселесіне арнайы тоқталмаса да, қазақи тәлім-тәрбие дүниесінің ерекшеліктерін өзінің жыр жолдары мен қарасөздері арқылы шебер жеткізе білген.
М.Жұмабаев: «Әрбiр тәрбиешінің қолданатын жолы – ұлт тәрбиесі. Әрбiр ұлттың бала тәрбиесі қылу туралы ескiден келе жатқан жеке-жеке жолы бар», – деген. Т.Тәжiбаев: «Қазақтың мәдени өмiрiнде фольклор, музыка, қол өнерi және халықтың тәрбиелiк дәстүрлерi басты рөл атқарған», – деді. Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» кітабын (1975) қазақ халық педагогикасы­ның әліппесі деп айтуымызға болады.
Қазақстандық А.Мұхамбаеваның ойын­­ша, «жас ұрпаққа халықтың сан ғасыр­лар бойы жинақталып келген салт-дәс­түрлері негізінде тәрбие беруді алды­мен салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар­дың халық тұрмысындағы пайда болу гене­зисін тіл сабақтарында анықтап алу­дан бастау керек». Қ.Сейсембаев «Отбасы тәрбиесінде балаларды мектепке даяр­лаудағы қазақ халық педагогикасы» атты еңбегінде халық педагогикасының негізгі компоненттерінің бірі ұлттық тәрбие екенін атап көрсетеді.
Қазақ халық педагогикасы мұралары негізінде тіл үйренушілер ұйымы арқылы тілі сабақтарында ұлттық тәрбие жұмыс­тарын ұйымдастыру жалпы адамзат мәде­ниетінің біртұтас бөлігі болып табылатын ұлттық рухани-мәдени қазыны­ларымыз жөнінде мол мағлұматтар алуы­мызға мүмкін­дік береді. Оған мемлекет тарапы­нан қолға алынып жатқан қазақ­стандық патриотизм мен республикамыз­дағы тіл үйренушілер ұйымдарының шығармашы­лық әрекеттері негіз бола алады.
Тұжырым
Осы айтылған тұжырымды қорытынды­лай келе, біз алдымен қазақ халық педа­гогикасының ұрпақ тәрбиесінде ғасырлар бойы қалыптасқан тәжірибелерін зерде­лей келе, жалпы, адамзаттық рухани құндылықтар мен ұлттық мәдениетке негізделген «жаңа типтегі тіл үйренушілер ұйымының моделін» қалыптастыруымыз қажет деп санаймыз.
Мектеп өмірінде ұзақ жылдар бойы қалыптасқан озық тәжiрибелердiң тиiм­дiлiгiн ескерген ғалымдар педагогикалық еңбектерiнiң көп бөлігін тәрбие мәселе­ле­ріне арнауды жөн санады. Оның басты се­бебi – мектеп практикасында тіл үйрену­ші­­лерге жан-жақты тәрбие берудiң осы уақытқа дейiн көптеген дәстүрлi әдiс-тәсiл­дер жиынтығы жинақталғаны белгiлi.
Бүгінгі таңда жас ұрпақты өз халқының тарихын, тегін, салт-дәстүрін, тілін, білімін, адамзаттық мәдениетті, адами қасиетті мол, терең түсінетін шығармашылық тұлға етіп тәрбиелеу – өмір талабы, қоғам қажет­тілігі.
Қазақстан Республикасы Білім туралы заңында жас ұрпаққа жан-жақты білім мен тәрбие берудің мемлекеттік саясатының негізгі ұстанымдарын айқындап береді. Олар мыналар: Қазақстан Республика­сы­ның барлық адамзатының білім алуға тең құқылығы, әрбір адамзаттың интеллек­туал­дық дамуы, психо-физиологиялық және жеке басының ерекшеліктері, халық үшін білімнің барлық деңгейіне кең жол ашы­луы.
Яғни білім заңында әрбір азаматтың білім алуға құқылығын негізге ала отырып, оқушы бойына ұлттық құндылық қасиет­терін қалыптастырып, құрметтеуге тәрбие­леуде дидактикалық шарттар, яғни оқыту, тәрбиелеу, дамыту, қалыптастыру үрдісін жан-жақты қамту қажеттілігі туындайды. Оқушы бойына ұлттық құндылықтарды қалыптастыру үшін ұлттық мәдениет, салт-дәстүр, халық тағылымдары және т.б. мә­селелеріне тоқталып өткеніміз жөн.
Қа­зақ мәдениеті  – ғасырлар бойы қалып­тас­қан ұлттық мәдениет. Ол ұлттық тәлім-тәрбиенің негізінде дамып, қалыптасты. Ұлттық тәрбие сол ұлттың мәдениетін да­мытудың қозғаушы күші болып табы­лады. Әрбір халықтың тарихи тіршілігі мен рухани тәжірибесі бар. Халықтың тұрмыс-тіршілігіндегі рухани тәжірибелері арқылы қалыптасқан тәрбиелік және дүние­танымдық көзқарастарын біз халық педа­гогикасы дейміз. Халық педагогикасы – халықтың мәдени мұрасы. Халық пе­да­­­го­гикасы сол халықтың (ұлттық) этнос­тық ерекшеліктеріне байланысты дамып, қалыптасқан.
Ал ұлттық тәрбие мәселесі – адамзат тарихынан өн бойына ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлы мақсат. Бүгінде адамзат өркениеттің өзгеше биігіне көтерілген, үшінші мыңжылдыққа қадам басқан кезеңінде де жас мемлекетіміз үшін рухани асыл мұрат болып, Қазақстандық патриотизм, азаматтық парыз, тұлға бойындағы ұлттық құндылықтар мен ар тазалығы және тағы басқа қасиеттерді жатқызамыз.
Жас ұрпаққа ұлттық тәрбие берудің бағдарлы идеялары еліміздің Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қалың елім, қазағым» атты жинағында мемлекеттік идеология мәселесін ұдайы есте ұстауымызды ескерте келе, былай деп жазады: «Бес арыстары­мызға арналған тарихи зерде кешенінде мен қазақстандық отаншылдық сезімін тәрбиелеуге көңіл бөлген едім. Қазақстан­да тұратын әрбір адам өзін осы елдің пер­зенті сезінбейінше, оның өткенін біліп, болашағына сенбейінше, біздің жұмы­сымыз ілгері баспайды. Олай болса, қазіргі кезеңде мектеп табалдырығынан бастап білім беруде ел тарихын терең қозғап, тәрбие сағаттарында қазақ зиялы қауымы­ның еңбектерін, қоғам дамуына қосқан үлесін айтып түсіндіру арқылы оқушылар­дың адами құндылық қасиеттерін қалып­тастыра аламыз. Сондай-ақ ұлттық салт-сананың өмірдегі қолданылмалы кө­­­­рі­­­ніс­­тері: рәсімдер, рәміздер, ырымдар, тыйымдар, жөн-жоралғылар, діни уағыз­дар, сенімдер, кісілік рәсімдері, перзенттік парыз, адамгершілік борыш, ұрпақтық міндет арқылы іске асырылып, ұлттық қасиеттерге айналады.
Оқушының ұлттық қасиеттеріне мей­ман­­достық, кісілік, сыйласымдылық, имандылық, кішіпейілділік, кеңпейілділік, салауаттылық, тіршілікке бейімділігі, өнерпаздық, шешендік, ақынжандылық, сыпайылығы, мәдениеттілігі т.б. қасиеттері арқылы ерекшеленеді.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста