Талқы

Денсаулығымызды сақтандырғаннан қанша ұтамыз?

Бүгін қазақстандықтарға медициналық қызметтің тегін және ақылы екі түрі қатар көрсетіледі. Бірақ екеуінің жайы да бізде жетісіп тұрған жоқ. Біріншісіндегі бітпес ұзын-сонар кезек емделушіден көп уақытты талап етсе, екіншісіндегі қызметтің сұраған ақысына татымайтындығын тәжірибе дәлелдеп беріп отыр. Демек, екеуінде де науқастың көп шығындалуына тура келеді. Сондықтан бізде бүгіндері міндетті медициналық сақтандыруды енгізу өзектілік танытуда. Негізі, елімізде ақылы ерікті медициналық сақтандыру кең қолданысқа ие. Бірақ оны халықтың басым бөлігінің әлеуметтік жағдайы көтере бермейді. Алайда түбі міндетті сақтандыру жүйесін енгізетін болғандықтан, қазіргі қолданыстағы ерікті медициналық сақтандырудың тыныс-тіршілігін, сапасы мен шамасын бағамдап көрелік.

Кезінде міндетті сақтандыру жүйесін енгізетін болып, жаппай елге полис таратылып  беріліп те еді. Онда мемлекеттік қызметкерлерді әкімшілік, жекеменшік нарықта еңбек етушілерді жұмыс берушілер медициналық сақтандырумен қамтамасыз ететін болып шешілген. Алайда әкімдер мемлекеттік қызметкерлердің полисіне ақша аудармай, бұл жүйені жандандырмай жатып, жарға жыға салғаны есімізде. Ал бүгіндері елімізде еркін медициналық сақтандыру қызметі өсіп келеді. Ал олар сол тұтынушының таңдауына қарай белгілі бір мерзім аралығына жекеменшік емханамен келісімшартқа отырады. Ал денсаулығымызды сақтандырғаннан ұтамыз ба? Ол қаншалықты тиімді? Бұл туралы ойын ерікті медицина сақтандыру полисін тұтынушы мен сақтандыру компаниясының өкілі төмендегідей өрбітеді.

Әлия Жаппарқызы, журналист:
– Мен халықаралық компанияда жұмыс істеймін. Олар қызметкерлерін жыл бойына ерікті медициналық сақтандырумен қамтамасыз етеді. Яғни оның ақысын компанияның өзі төлейді. Әрине, басқалар үшін жауап бере алмаймын, ал мен үшін бұл өте қолайлы мүмкіндік болды. Қаламызда жыл бойына ауық-ауық бой көтерген эпидемия бірнеше рет қайталанады. Әрі ауруханада кезек күтіп отыру деген жоқ, алдын ала жазылған уақытыңызда дәрігер сізді қабылдайды. Яғни мен бұл арада емделіп қана қоймай, біршама уақытпен қатар ақшамды да үнемдей алыппын.

Шыңғыс Есетұлы, «Алатау» сақтандыру компаниясының Корпоративтік сақтандыру департаментінің директоры:
– Біздің ерікті сақтандыру қызметін тұтынушылар арасында ұлттық компания, екінші деңгейлі банктерден бастап ұсақ жекеменшік фирмаларға дейін бар.Тұтынушының таңдауына қарай сақтандыру жасалады. Яғни бұл сақтандыру түрі ұсынып отырған бағыттарына қарай қызметтің құны әрқилы болып келеді. Біздің ерікті сақтандыруда белгілі бір шектеулер бар. Мәселен, тіс емдетпейміз және емдеу ақысын төлегенімізбен, дәрінің бағасын өтемейміз. Дәріге ақшаны тұтынушы өз қалтасынан шығарады. Сол секілді созылмалы аурулар, ВИЧ/СПИД секілді қатерлі аурулар бойынша шектеулер бар. Қалай дегенмен де, бұл сақтандырудың тиімділігі болмаса, біз жұмыс істей алмас едік. Денсаулықты сақтау бойынша қызметтің тұтынушылар қатары өте көп. Әрі олардың көбісі, келесі жылы тағы да сақтандыру полисімізді сатып алып жатады. Мысалы, бізден 25 мың теңгеге полис алған адам, Құдай оның бетін әрі қылсын, қатты ауырып төсек тартып қалды делік. Біз оны ақылы клиникаға тегін орналастырамыз. Ол онда екі ай жатуы мүмкін. Осы кезең аралығындағы дәрігердің қызметі ол кісіге тегін көрсетіледі, әрі осы мерзім бойына ауру орналасқан аурухана палатасына ақы төлемейді.




Көрілген: 3515    Пікірлер: 0

жұма, 09.04.2010, 12:52

Достарыңмен бөліс:





  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30 31