Талқы

Денсаулық саласы аты бірыңғай, заты қайшылықты жүйеге ұрынған жоқ па?

  • Денсаулық саласы аты бірыңғай, заты қайшылықты жүйеге ұрынған жоқ па?

    Денсаулық саласы аты бірыңғай, заты қайшылықты жүйеге ұрынған жоқ па?

Күнделікті тірлігімізге азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуды көздейтін жаңалықтың енгізілуі, әлбетте, қуанышты. Алайда түрлі саладағы бетбұрыстар мен жаңа жүйелер шынайы өмірмен қабыспай, бастапқы мәнін жоғалтып, жасандылық күйінде қалып жатады. Денсаулық сақтау саласына биылдан бастап енгізілген Бірыңғай ұлттық жүйе туралы да осыны айтуға мәжбүр болып отырмыз.


Қарапайым тұрғындар үшін медициналық қызметті жетілдіруді басты мақсат еткен жаңа жүйе учаскелік емхана таңдаудан басталды. Жүйенің әуелгі талабы бойынша кез келген тұрғынға өзіне ұнайтын емдеу мекемесін таңдауға толық құқық берілді. Қалың бұқара кезіккен алғашқы түйткіл осы жерден қылтиды. Алматы сияқты мегаполис тұрғындарына қай учаскелік емханада қызмет сапасы қаншалықты деңгейде екенін анықтау қиын еді. Бірақ халық шартты түрдегі қалауы бойынша емхана таңдауға мәжбүр болды. Дегенмен «осы тәуір-ау» деген емхананы таңдаған тұрғынды күтіп тұрған көл-көсір жеңілдік тағы болмай шықты. Керісінше, өз учаскесінен бөлек емхананы таңдайтын адамға қатаң талап қойылды. Ең әуелі, емхана ауыстыратын тұрғын «учаскелік дәрігерге өзім келіп қараламын, үйге шақырмаймын» деп құжат рәсімдеуі қажет. Өйткені жаңа жүйе бойынша басқа емхананы таңдаған жағдайда бұрынғы учаскелік дәрігеріңіз екібастан, тіпті жаңа дәрігеріңіз де үйге келіп көмек көрсетпейді. Жағдайыңыз өте ауыр болса, жедел жәрдем шақыра аласыз. Мамандардың айтуынша, мұндай талаптың қойылуына медицина мекемелеріндегі қосымша материалдық мүмкіндіктердің жеткіліксіздігі себеп.


Гүлшаһира ҚАМБАРОВА, Алматы қалалық № 5 емхананың бас дәрігері:

– Қаңтардың бірі мен ақпанның бірі аралығында жүргізілген кампания нәтижесінде, біздің емханаға 1270 адам тіркелді. Басқа емханалардан, Алматыға жақын аудандық емханалардан бізге келіп тіркелгендер бар. Қаскелең, Іле аудандарының тұрғындарына тіркелуге рұқсат етеміз, бірақ олармен үйге дәрігер шақырмау жөнінде келісімшарт жасастық. Өйткені ауруларды қарауға арналған аумағымыздан басқа жаққа баруға шамамыз жоқ. Бүгінгі шешілмей тұрған мәселенің бірі сол болып тұр. Біздің ғана емес, қаланың барлық емханасында жағдай осындай. Бірақ бұл мәселе Астанадағы басшыларымыздың алдына қойылды, сондықтан ол жыл аяғына дейін шешіледі деп ойлаймыз. Ал үйге дәрігер шақырмау жөніндегі талабымызға тұрғындар қарсылық білдіріп жатқан жоқ.


Мұны басқаша айтқанда, қазіргі медициналық әлеуетіміз бірыңғай ұлттық жүйеге дайын емес. Бұл жайт саланың басшыларына мәлім. Сол себепті халық жапа-тармағай емхана ауыстырып, қиындықтарға тап болмасы үшін мамандардың өзі жыл басында дүркін-дүркін түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, бұрынғы емханаларынан ауыспау қажеттігін ескертті. Сөйтіп, жаңа жүйені енгізушілердің өзі оның бастапқы мәніне қарсы шыққандай болды. Емханаларға қайта тіркелу мерзімінің өте шектеулі уақыт аралығында, яғни қаңтардан ақпан айына дейін ғана жүзеге асырылғаны сондықтан. Бұл кезде көпшілік жаңалықты естіп те үлгермеген еді.


Ләйла АХМЕТҚЫЗЫ, Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы:

– Біз қаңтар, ақпан айларында тұрғындарға өздеріңізге қолайлы емхананы таңдаңыз деп ескерттік. Егер қаланың бір шетінде тұрып, екінші бір шеттегі емхананы таңдайтын болса, учаскелік дәрігердің аурулардың үйіне баруға мүмкіншілігі жоқ. Бостандық ауданының дәрігері Әуезов ауданындағы тұрғынға бара алмайды, көлігі жоқ, бұған қосымша бөлінетін қаржы тағы жоқ. Қалада учаскелік дәрігерлердің өзі жетіспейді. «Мүмкіндік болса, емхананы ауыстырмаңыздар» деп те жар салдық. Әсіресе, бұл кішкентай баласы бар отбасыларға қиын болады. Ал ескертуге құлақ аспай, кейін түрлі келеңсіздіктерге тап болып жатса, бұған тұрғындардың өзінен басқа ешкім кінәлі емес.


Марина БЕЛАШЁВА, Алматы қаласының тұрғыны:

– Менің жұмысым сондай, учаскелік дәрігерлердің қызметін пайдалана қоймаймын, бірақ басқа қарапайым тұрғындар үшін емхана таңдау құқығы берілсе де, кейін оларға тиісті жеңілдік ойластырылмауы, әрине, кемшілік. Жалпы алғанда, бұл жүйе дұрыс насихатталған жоқ. Мысалы, мен емхана таңдаудың тәртіптері мен басқа да ірілі-ұсақты мәселелері туралы осы кезге дейін білмеппін.


Жазира БЕКОВА, Алматы қаласының тұрғыны:

– Теледидардан естігенім, жаңа жүйе бойынша енді еліміздің кез келген қаласынан емделе аламын. Бұрын мұндай мүмкіндік жоқ болатын. Ал басқа учаскелік емхана таңдап, ауыстыруға болатынын білмеппін. Қазір басқа емханаға тіркелемін десем де кеш болған екен.


img_253912


Денсаулық сақтаудың бірыңғай ұлттық жүйесі дәрігерлерге де оңай тиіп жатқан жоқ екен. Аты-жөнін, жұмыс орнын атамауды өтінген учаскелік дәрігерлердің бірі бізге бұл жүйемен бірге қағазбастылық көбейіп кеткенін айтты. «Бұрын ауруларды қарауға уақыт кетірсек, қазір кесте толтыруымыз, есеп беруіміз көбейді. Ештеңеге үлгермейміз. Бір ғана артықшылығы, аурулар біздің көмегімізге неғұрлым көп жүгінсе, соғұрлым айлығымыз артады деп ойлаймыз», – дейді ол. Жаңа жүйенің піспеген тұстары дәрігерлер мен сала басшылары арасында қайшылық та туғызып үлгерді. Осыдан екі ай бұрын Астана қалалық денсаулық сақтау басқармасының алқа мәжілісінде ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Елжан Біртанов емханалардың басқа мекемелерден ауысып келген азаматтарға үй жағдайында қызмет көрсетуден бас тартуы заңбұзушылық болып табылатынын айтты. «Науқастың үйіне барып қызмет көрсету – кепілдендірілген тегін медициналық көмектің бір бөлігі. Ол азамат үшін ақша алғысы келсе, дәрігер медициналық қызметті оның үйіне барып көрсетуге міндетті», – деген болатын вице-министр. Бірақ Астана мен Алматыда да, басқа қалаларда да Біртановтың бұл талабы орындалып жатқан жоқ.



Ресми дерек

Алматы қаласында денсаулық сақтау саласына Бірыңғай ұлттық жүйені енгізу барысында 24 стационар мен 28 емхана қаржыландырудың республикалық деңгейіне ауыстырылды. 2010 жылы оларға бюджеттен 10 152 900 000 теңге бөлінеді. 1 қаңтар мен 1 ақпан аралығында 6409 адам бір емханадан екіншісіне тіркелді. 20 565 тұрғын жаңадан тіркеуден өтті.





Көрілген: 3783    Пікірлер: 0

жұма, 09.04.2010, 13:13

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30