Тәжірибелі дәрігердің бүйрегі жекеменшік емханаға бұрады

09 сәуір 2010, 12:53

Елімізде қаңтардан бастап кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде бюджет қарауындағы, www.alashainasy.kz/wp-includes/js/tinymce/plugins/wordpress/img/trans.gif" />сондай-ақ жекеменшік емханаларда тұрғындардың тегін емделуіне мүмкіндік беретін жүйе жұмыс істеуі керек еді. Әйтсе де, кейбір жекеменшік емханалар бұл жобаға қатысудан бас тартты.

Демек, біздегі ақылы медицина өз күнін өзі көре алады. Экономикалық дағдарысқа қарамастан, 2008-2009 жылдары жекеменшік сала шығынға ұшыраған жоқ, тіпті жаңа мекемелер ашылды.Мемлекеттік тапсырысты игерген кезде бұл сала бюджеттен қаржыландырылатын қосымша нарыққа ие болмақ. Министрліктің мәліметінше, елімізде мемлекеттік тапсырысқа қол жеткізген мұндай емханалардың үлесі тым аз: 1 пайыздан аспайды. Салыстыру үшін айтсақ, дамыған елдерде бюджет қаржыландыратын медициналық қызметтің 75 пайызы жекеменшік емханалардың үлесінде.

Еліміздегі жекеменшік медицина халықтың бір пайызына ғана қызмет көрсетеді. Өзге елдермен салыстырғанда бұл аз. Еуропада бұл көрсеткіш – 15 пайыз, АҚШ-та – 20 пайыз. Алайда бұл шынымен солай ма? Мәселен, Алматы тұрғындарының 60 пайыздан астамы жеке емханаларда емделгенді тәуір көреді. 2009 жылы оңтүстік астанада 65 мемлекеттік медициналық мекеме жұмыс істесе, сол кезеңде жекеменшік салада 1633 құрылым қызмет көрсеткен. Белгілі себептермен жұрттың көбі «жүгіріп жүріп» емделеді. Оның үстіне медициналық компаниялар, сондай-ақ жеке қызмет көрсететін дәрігерлер емделушілердің ресми мәлімет базасында тіркелгенін қаламайды да: себебі бұл төленетін салық көлеміне әсер етеді.

Жекеменшік саланың қоғамдағы орнын мемлекеттік емханалар мен ауруханалардағы мамандардың келіп-кету динамикасынан да көруге болады. 2005 жылдан бері мемлекеттік ауруханалар мен емханалардағы дәрігерлер саны небәрі 5 мыңға көбейген. Тағы бір қызық мәлімет: 1990 жылдан бері мемлекеттік мекемелердегі дәрігерлер «жасарып» кеткен (олардың орташа жасы – 28). Мұны түсіндіру қиын емес. Тәжірибелі мамандар жекеменшікке түбегейлі бет бұрды. Өйткені ірі орталықтардағы жалақы мөлшері бюджет дәрігерінің айлығынан төрт-бес есе артық. Ал жеке емханалар жастарды оқу бітіре салысымен қабылдамайтындықтан, кешегі студент мемлекеттік емханада тәжірибе жинақтайды. Алматыдағы әйгілі медициналық орталық қызметкерінің (белгілі себептермен есімін атамауды өтінді) айтуынша, оған кемінде жеті-сегіз жыл қажет. Жас маманның кімдердің есебінен тәжірибе жинақтайтынын тәптіштеудің қажеті шамалы.

Жетілген маманның жекеменшік салаға келуі үшін соған сай нарық болуы қажет. Бізде мұндай нарық кеңейіп келеді. Кейбір мәлімет бойынша, орташа деңгейдегі медицина орталығы жылына 150 млн теңге таза табыс тапса, ірі орталықтардың табысы 60-70 млрд теңгеге жететін көрінеді. Жекеменшік медицина нарығының жалпы көлемі жылына140-150 млрд теңгені құрайды. Бұл мемлекеттің медицинаға жұмсайтын бюджеттік шығынымен тұспа-тұс (жылына – 1,1-1,7 млрд доллар). Соған қарағанда, жекеменшік саланың жағдайы жаман емес. Мәселе басқада. Жекеменшік медицина мемлекеттік тапсырысты ұсынып отырған Денсаулық сақтау министрлігімен қоян-қолтық жұмыс істеуге мүдделі ме? Бұл орайда таяқтың екінші ұшын ұмытпаған жөн: жоба жүзеге асқан жағдайда жеке емхананың ішкі жұмысына мемлекеттік құрылымның қол сұғатыны сөзсіз. Әлбетте, оған жекеменшік емхана иелерінің құлқы жоқ. Бұған дейін медицина орталықтарына бір жылдың ішінде 75 тексеруші бас сұқса, мемлекеттік тапсырыс алған соң, ондай тексерушілердің көбейе түсетініне күмән жоқ. Бақылау, қатаң есеп жүргізу, жалпы мемлекеттің бизнеске араласуы осы нарықтағы ойыншылардың көңілінен шықпайтыны өзінен-өзі түсінікті. Одан басқа да түйткілдер жетерлік.