Таным

2012: галактикалық үндесу мен эволюциялық ілгерілеу табалдырығы

Әділ Ахметов, сенатор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:


Майя күнтізбелерін жете зерттеген әйгілі ғалым Хосе Аргуэлльес 2012 жылды бүкіләлемдік эволюциялық ілгерілеу мен галактикалық синхрондық үндесу кезеңі деп бекер атамаған. Себебі аталмыш жыл 5000 жылдық тарихы бар тас ескерткіштерге таңбаланған байырғы майя күнтізбесіндегі сәуегейлік дәуірдің соңы болмақ. Дәлірек айтқанда, 2012-дегі 21 желтоқсан – 13 бөліктен тұратын майялардың 5126 жылдық Ұлы циклінің аяқталып, бір жүйеге кіретін Күн, Меркурий, Шолпан, Жер, Марс, Юпитер, Сатурн, Уран, Нептун және Плутон сынды он ғаламшардың галактикалық мүшелден шығатын мезгілі. Түн ортасында Күн мен Түн теңеліп, кезінде Исаак Ньютон ашқан тартылыс заңының ғаламат күшінің әсерінен Күн де, Жер де, Күн жүйесіндегі өзге ғаламшарлар да аспан әлеміндегі Құс жолының экваторынан өтетін галактикамыздың дәл ортасындағы «қара тесікке» бағытталған ось бойына сап түзейтін болады. Бұл ғажап құбылыстың нақты болар мезгілін математика тұрғысынан әлемде алдына жан салмаған майя абыздары біздің заманымыздан 3114 жыл бұрын болжап, тіпті келесі галактикалық шерудің 26000 жыл өткен соң ғана қайталанатынын кесіп-пішіп кеткен сыңайлы.

Ұлы цикл тамамдалатын 2012 жыл – бұл күнде бүкіл әлем назарында. Оның үстіне аталмыш галактикалық құбылыстың тым жа­қындап қалғанын қазіргі заман ас­троном­дары да теріске шығарып отырған жоқ. Сондықтан небір айтулы ғалымдардың дәйекті пайымдарымен қатар, сан қилы сәуегейлік болжамдар да, қорқынышты алыпқашпа мақалалар да, фантастикалық кино-баяндар мен кітаптар да кесе-көл­денеңдеп, сайысқа түсуде. Пікір білдіру­шілердің ішінде әйгілі визионерлер де, футу­рологтер де, социологтер де, эко­философтар да баршылық. Олардың бір бөлігі 2012 жылы орын алатын әлгі құбы­лысты тек қана жамандыққа жорыса, екінші бөлігі оны бүкіл әлемнің қайта тү­лейтін, адамзат санасының самғап кө­теріліп, күрт ілгерілейтін әрі тазаратын мезгілі деп, жақсылыққа жориды. Сон­дықтан жамандық өзімен кетсін деген ниетпен жамандықты жастанған ой-пікір­лерден ат-тонды аулақ ұстап, тек жақ­сылыққа бағытталған әрі ғылыми дәлел­дермен дәйектелген түйінді пайымдарды ортаға салғанды жөн көрдік.

Ендеше, байырғы заманда қазіргідей озық технологиясыз-ақ ғылым мен білім­нің, әсіресе математика мен архи­тек­тураның, шыңына жетіп, аспан дене­лерінің сан қилы циклдерін қолмен қой­­ған­дай дәл анықтап, уақыт пен кеңістіктің сырын терең ұққан, болашақты да дәл болжай білген және соның нәтижесінде әлемде теңдесі жоқ озық өркениет орнатқан майя­лардың психикалық болмыс-бітімін олар­дың шамандық наным-сенімдерімен ұштастыра зерттеген, «2012 жыл: Кецаль­коатлдың қайта оралуы» және де басқа кітаптар мен Американың ең айтулы жур­налдарында жарық көрген ондаған ғылы­ми мақала­лардың авторы Дэниел Пинчбек түйіндеген соны пайымдарға бір сәт назар ауда­райық.


   Абай ОМАРОВ (коллаж)

Ғалым өз еңбектерінде 2012 жылы орын алуы мүмкін қауіп-қатерді жоққа шығармайды, бірақ әлгілердің салдарын азайтатын тиімді жолдардың да бар екенін ескерте келіп, олардың үлкен қарқынмен өзгеріп келе жатқан адам санасымен бай­ла­нысты екенін алға тартады. Дэниел Пинч­бек қазіргі кезде адам санасын өзгер­туге итермелеп отырған басты себептерді үш топқа бөледі. Бірінші топқа – эколо­гиялық дағдарыс пен күрт өзгеріп келе жатқан климатты және соның салдарынан тұқымы құрып бара жатқан жан-жануар­лардың кейбір түрлері мен табиғи байлық­тардың сарқылуын, екінші топқа – тез ілгері­леп келе жатқан ақпарат техно­логияларын, әсіресе өте жылдам дамып келе жатқан интернет ғаламторы мен ұялы байланыс құралдарын, сол сияқ­ты келе­шекте салда­ры жойқын апатқа соқ­тыруы мүмкін нано­технологияларды, ал үшінші топқа қолмен ұстап, көзбен көруге әсте болмайтын телепатиялық, экстра­сенсор­лық немесе психофизикалық құбы­лыстар­ды жатқыза­ды. Жоғарыда аталған­дардың бәрі де адам санасы мен пси­хи­касының өзгеруіне үлкен ықпал жасайтын факторлар екенін айта келіп, ғалым ең соңғы топтағы адамның телепатиялық, экстрасенсорлық және психо­­фи­зикалық қабілеттеріне ай­рық­­ша мән беру керектігіне назар ау­дарады. Себебі Дэниел Пинчбек өзі сияқты адам­ның әлгіндей ерекше қабі­леттерінің сырын ұғуды зерттеу жұмысының негізгі өзегіне айналдырған ағылшын ғалымы Руперт Шелдрейк енгізген «адам психи­касы­ның морфогенетикалық өрісі» деген терминді басшылыққа ала отырып, теле­патиялық қасиет пен қабілет көпшілік назарына ілік­кен сайын және оларға көңіл неғұрлым көбірек бөлінген сайын күшейе түсетінін алға тартады. Ғалымның бұл пайымы негізсіз емес. Өйткені мұндай тұ­жы­рымға ол майя шамандарымен (бақсы­ларымен) етене араласа жүріп, олардың морфо­генетикалық өрісін зерттеу бары­сында көз жеткізген. Морфо­генетикалық өрістің иттерге де тән құбылыс екенін Руперт Шел­дрейк нақты дәлелдепті. Ғалым әртүрлі иттермен арнайы бейне жүргізіп, олардың бөлмелеріне арнайы орналас­тырылған бейнекамералар арқылы 200 шақты иттің телепатиялық қабілетін анық­та­ған. Ғалым иттердің алыста жүрген иелері­нің үйге бет алған әрбір сәтін айныт­пай сезіп, мазасыздана бастайтынына көз жеткізген.

Ғылым мен адамзаттың рухани құнды­лықтарының байланысын өз зерттеулерінің басты нысанасына айналдырған әрі адам санасы мен сенімінің ғаламды өзгерте алатын қуатты күш екеніне өзінің де, өзге­нің де көзін жеткізген әйгілі амери­калық ғалым Грегг Брейденнің  құнды пікірі де айтуға тұрарлық. Ол – байырғы майялар ашқан астрономиялық заңды­лықтар мен олардың сәуегейлік ой-пікірлерін қазіргі физика ғылымының нәти­желерімен сабақ­тастыра зерделеп, кванттық теориямен шебер ұштастыра білген ғұлама. Кезінде «Мартин Мариэтта Аэроспейс» компания­сының әуе-ғарыштық компьютерлер жүйе­сін жасақтап, «Сиско Системс» корпора­циясы­ның техникалық жетекшісі болған Грегг Брейденнің ғылыми туындылары бүгінде 14 тілге аударылып, 23 елде жарық көрген. Ол – «Сана коды», «Құдіретті мат­ри­ца» секілді бірнеше құнды еңбектің авторы. Ойшыл ғалым 2012 жылдың соңы­на таман орын алатын жоғарыда аталған галактикалық құбы­лыстың салдары Жер магнит өрісінің өзге­руіне немесе магнит полюстерінің күрт ауысып кетуіне (инверсияға) әкеліп соқ­тыруы да мүмкін деген болжам жасайды. Брейден өз пайымдауларының негізсіз емес екендігінің дәлелдері ретінде Күн бетіндегі дақтар мен алпауыт магнит дауыл­дарының араға 10-11 жыл салып қайта­ланып, бұрынғыдан бе­тер үдеп оты­ратынын, сол сияқты, 2000 жылы шегіне жеткен Жердің магниттік белсенділігінің қазіргі кезде 38 пайызға төмендегенін тілге тиек етіп, әлемде 1800 жылдан бер­мен қарай жүргізіліп келе жат­қан ғылыми тәжірибенің нәтижесі көрсетіп отырғандай, соңғы 100 жылда Жер магне­ти­змі­нің 7 пайызға кеміп кеткенін көлденең тартады. Ғалым сілтеме жасаған және бір гео­логиялық дереккөзге қарағанда, кейін­гі 76 миллион жыл ішінде магниттік инвер­сия Жерде – 171 рет, оның ішінде соң­ғы 4,5 миллион жыл ішінде 14 мәрте қайта­лан­ған сыңайлы.

Грегг Брейденнің адам санасына қа­тысты басқа пайымдаулары да ешкімді бейжай қалдырмайды. 1993 жылы ғалым Жердің магнит өрісі ауытқуының адам миына қаншалықты әсер ететінін анықтау үшін халықаралық деңгейде нысаналы зерттеу жүргізген бір топ ғалым ашқан керемет жаңалықтың куәсі болғанын айта келе, зерттеу нәтижесінде әлгі ғалымдар, біріншіден, адам миында миллиондаған магнит бөлшектерінің бар екенін дәлел­десе, екіншіден, әлгілердің Жер магниті өрісімен тікелей үн қатысып отыратынына көз жеткізген. Бұл ғажап ғылыми жаңалық Брейденге өзін көптен ойландырып жүрген және бір жұмбақ құбылыстың сырын ұғуға жол ашады. Адам миындағы магнит бөл­шектерінің сырттан келетін электро­маг­ниттік тербелістерді қабылдайтын қа­сиеті мен қабілетін Грегг Брейден музы­­­кант­тар мен суретшілердің Ай толған сәтті асыға күтетінінің ең басты себебі деп пайым­дайды.

«Ойды ой қозғайды» демекші, жоғары­да аталған заңдылыққа сүйенсек, Айдың электромагниттік өрісі теңіз суларының ауық-ауық жағадан аулақтап, тартылуы мен кейін серпілуіне қалай әсер етсе, ада­м­затқа да, фауна мен флораға да дәл со­лай әсер ететін болғаны ғой. Демек, Брей­деннің Айдың электромагниттік қуатын адам миындағы магнит бөл­шектерге тікелей әсер ететін, шабытын шалқытатын фактор ретінде қарастыруы – санаға қонатын пайым. Өйткені ғылым дәлелдеген және бір дерек бойынша, Жердегі судың көлемі мен адам ағзасындағы судың құра­мы 70 пайызды құраса, адам миын­дағы бұл көрсеткіш 85 пайызға теңеледі екен. Демек, теңіз суларын қоз­ғайтын Ай­дың қуаты адам миындағы суға да дәл солай әсер ететінін түсіну қиын болмаса керек.

Өз тұжырымының дұрыстығын тереңі­рек дәлелдей түсу үшін Грегг Брейден және бір-екі мысал келтіреді: 1909 жылы бри­тан­дық физик Джефри Инграм Тейлор ғылыми тәжірибе жасап, әлгі тәжірибені сырттай бақылаған адамның электро­магниттік өрісінің немесе тербелісінің тә­жіри­бе жасалған бөлмедегі кванттық бөл­шектердің «тәртібіне» тікелей әсер еткеніне көз жеткізеді. 1998 жылы Тей­лордың әлгі тәжірибесін Израильдің Вейц­ман институ­тының ғалымдары да қай­талап, тура сондай нәтижеге қол жеткізеді. Олар Тей­лор ашқан жаңалықтың дұрыс­тығына көз жеткізіп қана қоймай, әлгіндей тәжірибеге неғұрлым көп адамның назары ауса, тәжірибе де соғұрлым нәтижелі болатынын дәлелдеген. Грегг Брейден аталған тәжіри­белердің нәтижесін негізге ала отырып, адамзаттың санасы бір фокусқа бағытталса, өте пәрменді қуат көзіне айналатынына титтей де күмән келтірмейді. Демек, көпші­лік қауым біле бермейтін бұл құбылысты бүкіл адамзат білетіндей етіп дәріптеу қажеттігі сұранып-ақ тұр. Оның үстіне адам санасының пәр­менді күш екенін басқа ғалымдар да құп­тайды. Мысалы, Жапония ғалымы Масару Эмотоның сана қуаты­на қатысты көз­қарасы Руперт Шелдрейк пен Грегг Брей­деннің пайымдарын одан бетер тереңдете түседі. Судың қасиеті мен қыр-сырын жан-жақты зерттеп, әлемдік мәні бар жаңалықтар ашқан Масару Эмото – төл тіліміздегі «Судың да сұрауы бар» деген аксиоманың негізсіз емес екенін ғылы­ми тұрғыдан шыңына жеткізе дәлел­деген даныш­панның дәл өзі. Мысалы, ғалымның еңбектеріне www.spiritofmaat.com (интер­нет-журнал) берген оң пікірдің орысша мәтіні былайша сөйлейді: «Масару Эмото расшифровывает информацию, заложен­ную в кристаллах замороженной воды, – и полу­чает потрясающие результа­ты! Если вы до сих пор сомневаетесь в том, что ваши мысли воздействуют на мир вокруг вас, познакомтесь с трудами Эмо­то». Әле­м­­дік ғаламтор жүйесінің бірі – Крайон сайты (www.kryon.com) жарияла­ған төмен­гі жолдар алдыңғы пікірдің мәнін тереңдете түседі: «Эксперименты японско­го ученого Масару Эмото убедительно демо­нстрируют влияние, оказываемое че­ловеческим соз­нан­ием на материю – в данном случае на воду» (бұл пікірлер ғалым еңбектерінің 2006 ж. орыс тілінде жарық көрген нұс­қала­рынан алынғандық­тан, сол қалпында беріліп отыр).

Шындығында да, Масару Эмото – судың көре алатын, ести алатын, тіпті естіген-көргендерін жадына тоқи алатын және жақсы сөз бен жаман сөзді ажырата білетін, тіпті құлақ құрышын қандыратын сазды музыкадан судың «жадырап», дөрекі сөз бен ұнамсыз үннен «күйзелетін», бірақ химиялық құрамы үнемі тұрақты қалпында қалып, физикалық құрамы толассыз өзгеріп отыратын ғажайып қасиеттерін жан-жақты аша білген ғалым. Масару Эмотоның зерттеу жұмыстарының ең басты құндылығы судың адам санасы мен жан дүниесіндегі эмоциясын табан астында сезе қоятын қабілеті мен бүкіл жаһандағы сан қилы электромагниттік тербелістердің бірін қалдырмай біліп отыратын әрі сіңіріп алатын мүмкіндігінің шексіз екенін дәлел­деп бергендігінде жатыр. Адамзат арман­дап жүрген ортақ тілді ғұлама ғалым судан, дәлірек айтқанда, судың мұз қал­пындағы кристалдарын микроскоп арқылы зерттеген кезде табады. Адам санасының судың физикалық құрамын өзгерте алатын қуатын басшылыққа ала отырып, 1999 жылы Масару Эмото Жапонияның ең үлкен көлі – Биваны тазартуға бел байлайды. Себебі дәл сол кездерде «Бива таза болса, Жапонияның барлық суы таза болады» де­ген жапондықтардың ескі мақалы мәнінен айырылғандай болып, бүкіл халық пір тұтатын әлгі көл қалың балдырдан қатты ластанып, иістене бастапты. Масару Эмото­ның ұйымдастыруымен белгілі бір келі­сілген уақытта Жапониядағы «Киелі құрсақ» немесе «Ана Көл» атанып кеткен Биваның жағасына 350 шақты адам жиналады. Олардың арасына 97 жастағы аузы дуалы әрі сөз рухын өте қадірлейтін Эмотоның ұстазы Нобуо Сиоя есімді абыз ақсақал да келіп қосылады. Келген адамдардың басты мақсаты – Жаратқанға жалбарынып, Бива­ның тазалығы мен әлемнің тыныштығын тілеп, ниет қылу болған. Ұстаз ақсақалдың басшылығымен 350 адам қосыла шырқа­ған дұғалы ән айналаны жаңғыртып, көл айдынын шарлап кетеді. Әлгі басқосудан кейін бір ай өтпей-ақ жергілікті газеттер киелі көлдің тазара бастағаны жайлы ақпарат таратады. Осыдан соң Масару Эмотоның адам санасы мен сол санадан өрбитін сөз рухының материяны өзгерте алатын қуатына деген сенімі бұрынғыдан да күшейе түседі. Ғалым енді бұл құбылыс­тың ғылыми негізін іздейді. Іздеген жоғын ол әйгілі Альберт Эйнштейннің қуат таби­ғатын бейнелейтін E=MC2 формуласынан табады. Себебі әлгі формуланың мәні қуат (E) масса (M) мен сәуле (C) жылдам­ды­ғы квадратының көбейтіндісіне тең деген заңдылықты білдіреді. Бірақ Масару Эмото Эйнштейн формуласындағы сәуле деген ұғымды сана деген ұғыммен алмастырып қолданады. Меніңше, жапон ғалымын осы бір батылдығы үшін жазғыру­дың реті жоқ сияқты. Өйткені сананың жылдамдығы сәуленің жылдамдығы­нан  озбаса, қала қоймайды ғой. Ал енді осы тұрғыдан Эйнштейн формуласын қолданып, Жер бетіндегі алты миллиард халықтың қуатын соншама халықтың массасы мен соншама адамзаттың сана жылдамдығының квадратына көбейтсек, нәтижесі шексіз квинтиллиард сан боларын көзге елестету қиынға соқпаса керек. Демек, санадан шыққан электромагниттік импульс бүкіл галактиканы шарлап кете­тініне күмән келтіруге болмайды. Мұндайда арақашықтықтың қандай да бір алыстығы адам санасының жылдамдығына тосқауыл бола алмайды. Оның үстіне қазіргі ғылым­дар сырын ұға бастаған телепатиялық құбылыс пен көріпкелдіктің де астарында кванттық физиканың қағидалары жатқа­нын кейінгі кезде ашылған ғылыми жаңа­лықтар мен заңдылықтар толық дәлелдеп отыр.

Дәл осы тұста дана халқымыздың «Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе?» деген жұмбақ нақылы еріксіз еске түседі де, көңілдің жүйрік екенін бірден мойындайсың. Өйткені көңілдің көзі сана емес деп кім айта алады?! Оны былай қойғанда, сана қуаты мен санадан бастау алатын сөз магиясының қуатына сену – әлемдік әмбебап феномен. Мәселен, өз тіліміздегі «Жақсы сөз – жарым ырыс», «Көп тілесе, көл болады», «Батамен ер көге­реді» секілді мақал-мәтелдермен қоса, тұрмыс-салтымыздағы ежелден келе жатқан жақсылыққа бағыштап, жастарға бата беру, асқа бата беру немесе ертеректе құрғақшылық жылдары Жаратқаннан жаң­быр тілеп, тасаттық беру дәстүрі ерік­кеннің ермегі емес қой. Мұның барлығы да – адамзаттың сана қуатына, санадан өрбитін сөз құдіретіне сенудің өмірдегі шынайы көріністері. Сосын мұндай сенім­нің бүкіл адамзатқа тән құбылыс екені де дау туғызбайды. Өйткені жоғарыдағы ғылыми тәжірибелердің нәтижелері осы пікірді жан-жақты дәлелдеп тұр.

 Демек, бұдан шығатын қорытынды мынау болмақ: 2012 жылдан адамзат тек жақсылық күтсе ғана аман өтеді. Сосын, ғаламшарлар сапқа тұратын 2012 жылды адамзат санасын өзгертетін және оны галактикалық деңгейге көтеретін ұлы табалдырық деп қабылдау қажет. Дәл осы жерде басын ашып айта кететін және бір шындық мынау – мүшел жаспен байланысты орын алатын қауіп-қатерлерді жоққа шы­ға­руға мүлде болмас, бірақ майя күнтіз­бесіндегі Ұлы циклдің соңын «ақырзаман» деп қабылдаудан аулақ болған дұрыс. Өйткені ондай циклдер бұрын да болған, кейін де бола береді. Мәселен, майялардың есебі бойынша, келесі циклдің реттік саны бесінші болмақ. Себебі майя космология­сында келесі Ұлы цикл Бесінші Күн деп аталады. Демек, тіршіліктің жалғаса бере­тініне майя астрономдары мен астро­логтері  де күмән келтірмеген. Ендеше, 2012 жылы болатын ғаламшарлар шеруін тек жақсылыққа бастайтын ұлы нышанға жорып, сана фокусын да тек жақсылыққа бағыттау – жарқын болашағын ойлайтын әрбір азаматтың міндеті. Сондықтан 2012 жылды адамзат санасын галактикалық деңгейге көтеретін, жамандық біткеннің бәрін артта қалдырып, САНАНЫ тазарта­тын, бүкіл адамзатты жаңа да Ұлы дәуірге шығарып салатын киелі табалдырық деп қабылдайық, ағайын. Бұл Ұлы сенімді адам санасына ұялататын әмбебап тетік тек ақпарат құралдары екенін ескере отырып, осы мақсатқа тез жету үшін газеттер мен журналдар, радио мен телеарналар және интернет желілері жақсылық идеясын дәріптеуге жұмыла кіріссе, нұр үстіне нұр болар еді деген тілек білдіргім келеді.




Көрілген: 4657    Пікірлер: 1

сенбі, 22.01.2011, 11:20

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30 31