Таным

Ашаршылықты әшкерелеген тұңғыш туынды

  • Ашаршылықты әшкерелеген тұңғыш туынды

    Ашаршылықты әшкерелеген тұңғыш туынды

(Басы  газетіміздің өткен №77 (759) санында)




Кәкімжан Қазыбаев

Сұрапыл

(үзінді)

Малыбай тыжырынып кетті. Ішіп отыр­ған шайын лоқсып құсып жіберді.

«Көрген сен тұрғай, көрмеген менің ха­лім мынау, қарағым-ау, қалай дәтің барып айтып отырсың» дегендей келініне аяныш­пен қарады.

– Сұмдығы басқада. Шеттеу бір үйге келсек, түндік есік түп-түгел жабық. Тірі пенде иісі сезілмейді. Тобымызбен ішке кірдік. Кемпір-шалы жүктің түбінде отыр­ған-отырған күйінде қатыпты. Отыздарға әлі жетпеген келіншек қан-қан, етпетінен есікке ұмтыла құлаған сияқты. Сол шамалас, бірақ сақал-мұрты өсіп, әбден жүдеген жас жігіт қолында шөміші бар, оты сөнген қазан-ошақтың түбінде серейіп жатыр. Қақпақты ашып қалғанда бәріміз шалқамыздан құладық. Қазан ішінде... Амангүлдей жас сәби...

– А, не дейді? – Шар еткен Дәмелінің дау­­сы шықты. Қайша қараса, енесі шалқа­лап құлап барады. Аузынан емшек үзілген бала да баж ете қалды. Өңі қашып бара жатқан Дәмеліні көріп, Малыбай орнынан атып тұрды.

– Су бүрік, қарағым, талып кеткен шы­ғар, – деді Малыбай. – Бұл әңгімені естіме­ген ғой, сірә.

– Қорқытып алам ба деп айтпап едім. Жүрегі үлкен адам алдымен жүректен кетеді. Апамның жүрегі елжіреуік қой. Осы үйдегі біраз дәнді де сол аяныштығынан таратып алды. Бар қайыршыны асырай аларсың ба? «Жемтік бар жерге қара қарға көп үймелейді» демекші, бірінен бірі ести ме, осы үйдің алдынан аш-арықтар шық­пайды. Үкіметтің қорға жинаған бір клет астығын да Ақылжанға апам тараттырып жіберді.

– Баласымен екеуі сөзге келіп қалды, – деді Қайша жаңағы сұмдықтан көңілді басқа жаққа бұрғысы келіп. Бұл кезде Дәмелі есін жиып, басын көтерген еді. «Уһ» деп бір кесе салқын көже ішті. – Ақыл­жан өкіметтен қорқып, астықты таратқысы келмеді.

– Қорқақтығы саған тартқан, – деді Дәмелі езу тартып.

– Судың да сұрауы бар, бір клет астықты кім кешіреді? – Малыбай баласын жақта­ды.

– Сонда не, қамбада астық тұрып, жұрт қырылмақ па? – Дәмелі ашу шақырды.

– Оу, сен тірілейін дедің ғой, – Малыбай қалжыңға ұқсатып айтқан болды бұл сөзді.

– Содан әлгі оқиға қалай болған?

– Қасымыздағы дәрігердің айтуы бо­йынша, сәби әке-шешесінен бұрын жан тапсырған. Ақыры өлді ғой, жейік деген болуы керек күйеуі. Оған ана қарсылық көр­сетсе, көнбесе керек. Аштықтың аярлы­ғынан асқан дүлей, арсыз күш болмайды. Көнбеген әйелін ол пышақтаған, содан ол жанұшырып есікке қарай ұмтылған. Өлі сәбиді қазанға салған соң өзінің де, онсыз да әлі құрыған сорлының күні біткен болуы керек деп жобаладық.

– Астапыралла, не сұмдықты құлақ естіп отыр, құдайым-ау!

Малыбай орнынан тұрып, теңселіп жүр­ді де қойды. Дәмелі Амангүлге қай­тадан емшек берді. Солқылдатып сорғанда кеудесін сорып әкете жаздайды. Өзге балаларынан мұндай мінезді көрген жоқ еді, ашаршылық жылы туған бала ашқарақ бола ма, немене?

Малыбай қалың ойға кетті. Алпыс жыл­қыны түгел айдап келіп, аман-есен Бастұ­маға тастап кеткенін айтудан қорықты. Бір клет астықты тараттырып жүрген Дәмелі оны мына бөтен ауылға бөліп беруден де тайынбайды. Қара құнанды сойып тастат­па­ғанына да өкінді. Бірақ бұл кетісімен Қоспанбет бір амалын тапқан шығар. Мына жағдайда басқа жылқының аман болуы да күмәнді.

Малыбайдың көз алдына қарны жер сызған өзінің жирен қасқа биесі келді. Әне-міне құлындайын деп тұр еді.

– Сонымен, әлгі детдомың не өзі, қарағым?

– Мына жағдайда өкіметтің дұрыс ой­лап тапқан шаруасы, әке. Жетім балаларды тәрбиелейтін жер. Шодыр аға ауданда бірнеше жерден ашқызды. Панасыз қалған балаларды сонда жинатып жатыр. Тамақ, киім түгел өкіметтен. Жаңағы отыз баланы да сонда әкеп өткіздік. Төртеуі жолда өліп кетті. Әке-шешесінің аты-жөнін білетіндер өз әкесінің атымен тіркелді. Әлі тілі шықпа­ған, кімнің баласы екенін білмейтіндерді аузымызға кімнің аты түссе, соған жаздыра салдық. Не істейміз басқа? Күтушілердің атауына жеңіл болсын деген ой ғой.

Біраз үнсіз отырды да, Қайша енесі мен атасына мөлие қарап:

– Бір сәбиді Ақылжанның атына жаздырып жібердім, – деді. – Өлген шешесінің емшегіне жабысып жатқан жерінен көтеріп алдық.

«Мұнысы қалай?» дегендей Малыбай көңіліне бірден секем алды. Амандық болса, өзі бала көтермей ме? Тап сондай ой Дәмеліге де келген болуы керек. Ажы­райып тұрып келінінің бетіне қарады.

– Сен өзің... көргендеріңнен қатты шошын­ғаннан саусың ба, қарағым?

Малыбай әлденеден үрейлене қойды бұл сұрақты. Дәмелі де жауап күтті.

– Жоқ, әлгі сәбиді аяп кеттім. Шодыр аға сол балалар үйінің біреуін басқаруды да сұрады. «Педагогсың ғой» деді. Бірақ жер аяғы қашық, барып-келіп қайдан жұмыс істеймін. Ұстаздықтан да сән кетті ғой, барлық ауылдың мектебі қараң қалды. Алдағы уақытта мұғалімдердің күйі не болар екен?

– Детдомың дұрыс асырай ма, әйтеуір? – деді Малыбай.

– Асырауын асырайды ғой. Бірақ қатты әлсіреп келгендері онда да өліп жатыр.

– Өзіміз қолдан жетім жасап, өзіміз әуре болып жатырмыз де, – деді Дәмелі тынышталған Амангүлдің аузынан емшегін алып, бесіктің жамылғышын түсірген күйі. – Аузынан ақ май ағызсаң да, әке-шешесіз баланың күні не күн? Енесінен айырылған қозы екеш қозы да маңырауық болады.

Иә, бұл аса бір ауыр әңгіме болды. Төбеден түскен зіл секілді бірдеңе жанды жаншып барады.

Малыбайдың туған ауылына қайтқысы келіп кетті. Ажы тұқымынан екені рас болса, қалғанын аман алып қалмай ма. Соншама қайғылы хабар жеткізген мынау Қарауылтөбеде қалудың өзі қиын секілді. Бүгін соттап жіберсе де, қалған жылқыны тірілеріне түгел таратып бергісі келіп кетті. Күні кеше қара құнанды сояйық дегенде, зыр-зыр еткен батырың екі күннің ішінде өзгеріп шыға келді. Өмірден әмірлі не бар?

Алыс сапардан шаршап келсе де, түні бойы ұйықтай алмады. Шошынып ояна берді. Біресе Амангүлін біреу қазанға салып жібергендей, біресе мініп келген атын дәу бір қара жетелеп бара жатты, біресе күні бойғы қайта-қайта есік алдынан шықпай қойған аштар көзін ала беріп  Ақылжанды тарпа бас салғандай.

«Бәріне сен кінәлісің, сендер аша тұяқ қалдырмай, барын сыпырып алған, – деп, жан-жақтан аш қасқырдай бүкіл зауалды Ақылжан әкелгендей арс-арс етеді. – Алдымен сенің қара сорпаңды ішеміз».

– Астапыралла, астапыралла. Қалаға­ныңды ал, баламнан аулақ, – деп шошып оянды.

Шымылдық қана бөліп тұрған бір үйдің іші. Қайша атасының азапқа түсіп жатқанын сезіп, бүгінгі әңгімені бекер айттым ба деп өкінді. Әнеукүні алғаш үйге келіп түнегенде, өзінің де көз алдынан өліктер, әсіресе детдомға өткізген арса-арса балалар кет­пей қойған. Күндер өте көмескілене бастап еді, көрдіңіз бе, қайта жаңғырығып жатқа­нын. Қазір еске алу қиын болғанымен, уақыт ұмыттырар деп те түйген. Жоқ, мұн­дай қасіретті ұмыттыру уақыттың да қолы­нан келмес. Міне, көзі көрмеген, құлағы ғана естіген атасының аласұрып жатқанын көрмейсің бе? Бірақ бүгінгі күні бойғы ісіп-кепкендердің суретінің өзі-ақ оның жүрегін тілім-тілім еткен шығар. Адам аяғыш енесі­нің мінезі де өзгеріп барады. Бұрынғыдай үйдегіні үлестіруді сап тыйды. Өз бала-шағасының қамын ойлауы керек. Қу жоқтық ең кең деген мейірдің өзін көндей қатырып тастай ма, қалай? Астындағы атын түсіп беріп, дәмді тамағын қонағының аузына тосатын қазақ бүгін өзгеге бір уыс бидайды, бір кесім құйқаны қимайды. Артында болған соң – мырза да, артында болмаған соң сараң екен ғой. Өзгеге қай­дан қисын ақырғы дәмін, өзіне де тіршілік керек. Кімнің де болса бүгінгі есіл-дерті – мынау сұрапылдан тірі қалу, аштан өлмеу. Қырғызға ауып кеткен бауырлары­ның халі де осындай ма екен? Қуғын-сүргіннен, домалақ арыздың әлегінен жапа шектік дегеніміз әншейін екен ғой. Мына аштық­тың тырнағына ілінбесек жарар еді. Бар сенері –Ақылжан, оның етегінен ұстағаны жақсы болған. Кімнен артық, бір жерде бұл да серейіп қалатын ба еді. Ауылнайлық алатын паегі бар. Аштарға деп келіп жатқан азын-аулақ азық-түлікті де тарататын – осы. «Қазан ұстағанның қарны ашпас» деген бар емес пе? Бірақ ел басына туған күн оны да қатты жүдетіп барады, келмек күні кеше еді, аман болса жарады. Талық­сып барып таң алдында Қайша көзін әрең ілді.

Малыбай өз-өзінен қысылып ол жатыр. Шәкен қарттан басқаны неге көрмеді, үй-үйді неге аралап шықпады, кімнің тірі, кімнің өлі екенін неге анықтамады? Сонау жылдары Қармыс ауылынан біржола қайтып келгенде, тайлы-таяғымен бәрі қуанбап па еді, жоғалған үйір табылғандай үймелеп, ағайын ағынан жарылғанда өзі де бір жасап қалмап па еді. Қаны бірдің жаны бір, саялап келгені осы ағайын, Ақылжанды алақанында ұстауға тырысқан осы ағайын, кеше Лепірбай жазықсыз қаматқанда, Анарбайдың әлегінен ауданға шапқанда, орта жолда жоқ боп кеткенде қан жылаған осы ағайын, әзірге қалтақтап аман жүргені де сол ағайынның ақ тілеуі шығар. Ал олардың басына күн туғанда, тышқан мұрнын қанатар халі болмағанда, бұлардың жырақ кетуіне жөн болсын, Ақыл­жандікі қызмет бабы, жарайды, өкімет қайда жұмсаса, сонда барады. Ал Дәмелі екеуінікі не? Дүлдүл тәте деп басына көтергенде құдайдай, күн туғанда тайып бергені несі? Рас, манағы айтуына қараған­да, бұл жақта барымен ауылға қол ұшын беріпті. Түпсіз қазына, таусылмас азық-түлік мұнда да жоқ қой. Өзінің де сұлы жеп отырғаны шекенің қызғандығынан болмас. Десе де, бұл ауылдан өз ауылының халі мүшкілірек көрініп кетті. «Ер – туған жеріне, ит – тойған жеріне». Тәубе, Ақылжан аман болса, бұларды аштан өлтіре қоймас. Бірақ бір ауылдан сопайып өздері қалғанда не мархаба табады? Әуелі ет жақыны Қоспан­бетті де тағдырдың тәлкегіне тастап кетті-ау! Мен үшін, жеңгесі Дәмелінің бір ауыз сөзі үшін қыс бойы сонау Балқаштың сағасында болып жылқы бағысты. Иесіз қалған жылқыны бақтың не, бақпадың не. Соның бір құнанын союға да баж-баж етіп қарсы болғанына Малыбай енді ұялып отыр. Өзі барғанша мынау қаптап жүрген аштар аман-есен алып келген үйірін қасқырдай таламасына кім кепіл? Әй, бірақ ісіп-кеуіп жүрген сорлылар жылқы ұстауға шамасы келеді дейсің бе?

Ағайын түгел қырылып қалмас. Тірі қалғандары ертең бетіне басар. Жас емес, осы Ажы ауылының ақсақалдарының біріне айналып келеді. Ақсақалдық құр­мет­ке ғана иелік емес, құрметтің де міндеті бар. Күні кеше күшік күйеу болып бір жоғалып еді, енді әкім баласының артынан кетіп тағы жоғалуы керек пе? Мұнысы ағайындыққа сыймас. Уақыт басқа, заман басқа дегенмен, ағайыннан кетуге болмас. «Өзге жерде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дегенді қазақ бекер айтты дей­сің бе?! Осы заманға дейін небір айбын­ды жау шауып, быт-шыт етсе де, ағайын­дықтың арқасында қайта қосылып, қайта ел болды емес пе қазақ. Ағайынға адал болуды ғасырлар бойы өмірдің өзі аманат етіп, қанға сіңірген халық емеспіз бе. Ашаршылық сол ағайындықты, ажырамас жікті түк қалдырмай мүжитін кезқұйрық болғалы тұр ма? Қой, қиын кезеңнің өзінде де ес жиған мақұл болар. Өлсек, көріміз бірге болсын. Таң атысымен осы ойының бәрін Дәмеліге айтпақ болып жатқанда  Малыбайдың да көзі ілініп кетті. Шошыта берген үрейлі түстерінен гөрі бұл ойлары ертек секілді жанына майдай жақты.

Дәмелінің де өзегін өртеген азапты сезімдер аз болмады. Оның көз алдынан бауыры Нарғазы кетпей қойды. Қой бастаған серкедей бөлініп жүретін Қармыс­тың еркесі балық аулауды кәсіп еткеннен кейін не сорым? Мынау уақыт оны да тарының қауызына сыйғызғаны ма? Құдайторының өлімі белін және сындырып кетті десеңші. Ат – адамның қанаты, ал Құдайторы қандай қанат еді. Амангүлдің туғанына да, Ақылжанның үйленгеніне де келе алмады. Тапшылық, тарлық Нарғазы­дай ердің аяғына да шідер салған екен-ау! Түгінің керегі жоқ, төбесін көрсетсе бола­тын еді ғой.

Ақылжанның үй болғанын қандай армандаушы еді. Шын сағыныш осы екеуінікіндей-ақ болсын. Тазыларын ертіп, Құдайторымен көсілте ауыл шетінен көрін­генде бір сәнділікті ала келуші еді. Бүкіл ауыл мәз-мәйрам болып қалушы еді. Нар­ғазының тазылары мен құсын тамақтан­дырудың өзі Дәмеліге аса бір асқан ләззат әкелетін. «Сенің асың адамдардың ғана емес, аңдардың да тәбетін шақырады, бар ықыласыңмен жасайсың ғой» дейтін.

Қараңғыда көзінің жасы тамып-тамып, Дәмелі аса байқай қоймағанымен, сол жас тамған Кеңесжан ұйқылы-ояу жыбыр-жыбыр етті. Сағыныш жасын ұстау Дәмелі­нің қолынан келмеді. Бір жағынан, қорла­нып та жатыр. Нарғазыдай азаматты уақыт жасытып жүрмесе жарар еді. Дәмелінің есіне анасы Балжан түсті. Мына күндерді көрмегеніне шүкіршілік. Құса боп өлетін еді ғой ол байғұс. Бауырын көргісі келіп кеткендігі сонша – Малыбайдың бүгін мініп келген атымен Амангүлді алдына алып, Кеңесжанды мінгестіріп кетіп қал­ғысы да келді. Жете ала ма, қаптап жүрген аштар бір жерге қамап, өздерін өлтіріп, астындағы атын сойып алса қайтесің. Малыбай, Ақылжан, Қайша тірідей өледі ғой. Алдың күз, артың жар деген осы. Қазір жолаушы шығудың өзі қияметтей қиынға айналып кетті. Бауырын ойласа – баласы, баласын ойласа бауыры есіне түсіп, Дәмелі ұзақ қиналып жатты. Бір үйдегі ересек үшеуін үш жерде ашаршылық салған зіл осылай азапқа түсірді.

Еш нәрседе шаруасы жоқ Кеңесжан мен Амангүл ғана. Олар сәбилік қатты ұйқының уысына әбден іліккен. Пәк көңіл­ге бұлыңғыр, бұқпасы көп түстер де жола­майтын болса керек. Шіркін, осы сәбилік­тің тазалығындай өмір неге таза емес? Ашаршылық осындай балаларға да тырнағын салды-ау. Детдом қаншасына пана болар дейсің. Бұлардың артықшы­лығы – Ақылжандай атқа мінген ағасының барлығы. Өзге балалардың, өзге аштар­дың қамымен ол да бірнеше күн үй көрмей жүргенін мына пыш-пыш еткен мұрындар қайдан білсін. Бір кіріп алса, дендей дерт секілді ашаршылық дегенің аса қомағай апат екен ғой өзі. Жалмап жатыр, жалмап жатыр.

Ақылжан бұл жолы қатты қалжырап оралды. Қайша бәйек болып, қас-қаба­ғына қарай берді.

– Қазір сәске түске қарай аштар тағы қаптайды. Тамағыңды ішіп алшы, – деп бір аяқ сұлы көжені ұсынды. Шамырқана жұтып-жұтып жіберген Ақылжан шашал­сын да қалсын.

– Қауыз тұрып қалды-ау тамағыңа, құдай-ай, сақтай көр, – Дәмелі шыр-шыр етті.

– Әбден-ақ тазартып ем қауызын. – Өзін кінәлі сезінгендей Қайша жаутаң-жаутаң қарай берді.

– Тұманың суық суынан жұтып жібер.

Бір бақыр суды алып Кеңесжан тұра ұмтылды. Шіркін, өмір-ай, өз өркеніңді өсіруді, өз жапырағыңды жаюды тоқтат­пайсың-ау! Жап-жалаңаш тасты жарып шыға келетін ағаш та сол тіршіліктің қуаты-ау! Мынау қысылшаң өмірде Кеңесжан да тап сол күнге ұмтылған тал шыбықтай жұлқынып келеді. Өмір осы үзілместігімен, жалғастығымен қымбат қой. Шыбық екеш шыбық та тіршілікке құмартса, ми берген, ақыл берген адамға неге құмартпасқа? Апыр-ау, сол ақыл мынау ашаршылықтай зұлматтың келерін білмеді ме? Соған апарып тірер апатты жолды айналып өте алмады ма? Кеңесжан анау әкеле жатқан суының бір тамшысын төкпеуге тырысады, сол құрлы сақтықтың болмағаны ма?

Шашалып жатса да, Ақылжанды ой иірімі үйіре берді, қамалай берді. Екі-үш жұтып жіберген соң, тамағына инедей шаншылған қауыз ары кеткендей болды да, сәл жеңілденді.

– Менің суым қуып шықты, – деп жай­наң қағады Кеңесжан. Дәмелі мен Қайша­ның да көңілі жайланғандай.

– Ат қана жейтін сұлыны адамға жегіз­ген, құдайым-ай, мынау сұрапылды тоқта­тар амал таптыңдар ма?

Анасының сұрағы Ақылжанның өңме­нінен өтті. Аштыққа қарсы күрес комиссия­сының аласұрып іздестіріп жатқаны да осы ғой. Әр-әр жерден қоғамдық тамақ ұйымдастырылды. Қайнап жатқан қазан­ның, үлестіріліп жатқан нанның кезегіне тұрғандарды көрсең зәрең ұшады. Бет-ауыздары домбыққан, көздерінде осынау өмірден түңілгендей мұң бар. Әсіресе бала­ларын жетектеп жүргендер өте ая­ныш­ты. Сол кезекте тұрып-ақ сылқ етіп құ­лап, жан тапсырып жатқандары да аз емес. Үлестірмеге ілінсе де, одан іше са­лы­сымен ішін ұстап бүрісіп, жер жастана­тындар тағы бар. Ауылдағы сурет ашылмай қалған түндіктер, жабылмай қалған есіктер болса, Сарқандтың көше­сін­дегі сурет мал жүріп өткеннен кейін далада қалатын тезектер секілді ана жерде бір, мына жерде бір теңкиіп жатқан өлі адамдар. Сол өлік-тезекті терудің өзі арнайы қызмет түріне айналған. Оларды көметін жердегі көрініске ет-жүректен жаралғандардың көз тоқтатып қарауы қиын.

Бәсібек ауылына комиссия келгенде Ақылжан күтпеген жерден Сүзеген молда­ға кездесті. Қартайған екен, жарықтық. Жүдеген де. Оқытатын бала қалмаса, жана­засыз, имансыз өліктер жөнелтсе, молдекеңе берер түк болмаса, Сүзекең жүдемегенде кім жүдейді? Ақылжан шәкірт кезіндегідей иіліп сәлем берді. Солғын тартқан жанары жалт еткендей болды да, өңі қайтадан мұңды кейіс алды. Мүмкін, есіне осы шәкіртін оқыс бір жазала­ғаны, большевиктің отырған орнына аунағаны үшін шыбыртқылағаны түскен шығар. Мүмкін, «менің айтқаным келді ме, Құдайды жоққа шығарғандарды Құдай жазалап жатыр» деп тұр ма екен. Жанары­нан жылт еткен бір жарқылдың көрінуі «сен менен оқыдың ғой, адам болғаның сол оқудың арқасы емес пе» деп тұрғаны ма? Әйтеуір, жылуы да бар, суығы да бар кездесу болды. Хал-жағдайды сұраған соң, комиссия мүшесі ретінде Ақылжан Сүзеген молдаға өздерімен бірге жүрген керуеннен екі пұт бидай бергізді. Бұл жәрдем ол кез әкеңнің тіріліп келгенінен де қымбат еді.

Сүзеген молда іштегі қуанышын жасыр­ғысы келгенімен, бидайды қапқа салып жатқанда бүкшең-бүкшең етіп, сақалы қалтылдап кетті. Қолын жайып, Ақылжанға ұзақ бата берді. Сонау жылдардағы бере алмаған батасын бар ықыласымен енді беріп тұрғандай. Және қандай жағдайда. Мынадай керуен ілестіріп жүрген адамнан бұл дүниеде ауқатты адам жоқ сияқты боп көрінді оған.

Бірақ Ақылжанға осы ұйымдастырған­дарының бәрі кешіккен көмек сияқтанды. Көп адам өліп кетті, көп ауыл иесіз қалды. Енді ішкен тамақтарын көтере алмай, жұт­тан шығып, көкке аузы ілінгенде тышқақ­­тап өз-өзінен қырылатын мал секілді адамдар да көмекті ала отырып, жусандай жапырыл­ды. Өлшесе өзімен кетсін, тап Қайша екеуін­дей екі жастың өлігінің үстінен шықты-ау! Қосылғандарына көп болмаса керек, әбден жүдеген, құр сүйек. Сонда да соңғы демі бітерде айқаса жатыпты, киіз үйдің қабырғасына тақай жиналған жұпыны жүктің жанында бір-біріне сүйене қатып қапты. Махаббатты да аямаған аштық аза бойын қаза етті.

Мынау сұрапыл болмаса, өмір дәмін, оның ләззатын енді ғана таттық па деген жастардан әлде бір әдемі ұрпақ тарар ма еді, оның ішінен ақын, батыр, сұлу жандар шығар ма еді. Жас келіншектің аштыққа дейін келісті болғаны байқалып-ақ тұр. Арыған кезде жылқыға жал-құйрық қалай жараспаса, жүдеген кезде әйелге шаш та сондай жараспайды екен-ау. Қолаң шаш қобырап, ағаш басынан түскен құстың ұясындай ұйпа-тұйпа болып жатыр. Бір қолын жігітінің иығына аса жан тапсырыпты. Әлде де болса соның бір жәрдемі, не соның белгісін білдіргені ме екен? Бәрінен де Ақылжанды қатты тебіренткені өлер алдын­да да бұл екеуінің қатарласа құшақтасып жатқандары. О, махаббат, аштыққа сенің де әлің келмей қалған-ау. Мана Сүзеген молданың «бұл Алланың ісі емес, адамның ісі ғой» дегені жүрегіне садақтың оғындай қадалып еді. Махаббатқа да адамның ақымақтығынан келер апат аз емес-ау.

Қайшасы есіне түсіп кеткен. Оны бір зұлымдықтың тырнағынан алып шықса да, енді мына ашаршылық деген апаттан алып шыға алар ма екен? Бір ғана Қайшаны ма! Әкесі, шешесі, іні-қарындасы, тіпті бүкіл 27-інші ауыл осының мойнында емес пе? Мынау керуенді 20-сыншы туған ауылына да бұрып әкетер еді-ау, бірақ аудандарының бөлек болып тұрғандарын қарашы! Ол жақта да бұл аудандағыдай қарекет бар шығар. Онда да аштықпен күрес жөніндегі комиссия жұмыс істеп жатқан шығар. Бәрінің есіл-дерті – алдағы пісер астыққа жұрттың аузын тигізу. Сосын не боларын өмір көрсетер.

Қу тамақ не істетпейді, бір жердегі сирек егінді көргенде мынадай жағдайды естіді: тұқым себілісімен аткөшектер егін­дікке қарғадай жабылып, топырақ арасын­дағы дәнді біртіндеп теріп жепті. Қанша қуғанмен өкімет түк істей алмапты. Көсенің сақалындай әр жерден бір шыққан сабақ «мен де ашаршылықтың құрбаны­мын» деп тұрғандай. Ең қиын уақыт осы июнь айы болғалы тұр.

Аудандық комитет әр ауылнайға есеп жүргізуді тапсырды: бұрын қанша адам болып еді, енді қаншасы қалды? Шодыр ауылдық совет төрағаларын түгел комиссия құрамына кіргізіп, бірінің жерін біріне әдейі аралаттырған. Сұмдықты да көрсін, сұра­пылды да өз жандарымен сезсін. Орыс халқы басым мекендерде қанша айтқанмен, малды түгел сыпырып, жұрттың аузына тоспаған. Ақпен жандарын сақтап, жаңа егінге жетуге мақтаулы болмағанмен, хал­дері бар. Бірақ босқындар оларды да қажытқан. Айналайын қазекем, белсен­ділік­ке басам деп, ауылымен көп жерде шоңқиып қалыпты. Аштықтың тырнағы киіз үйдегілерге қаттырақ батқан.

Ақылжан есеп жүргізуде Қайшасына қатты сенді. Сауатының барлығына шүкір­шілік. Бірақ әкесінің шыдай алмай туған ауылына кетіп қалғаны едәуір алаңдатты. Өздері үй болғалы әке жүзін көрген жоқ. Бәрінен де уақыт әмірі күшті болып, әкелі-балалы екеуін екі жақта тастай домалатып жүр. Алтын қазығы, туған ауылы. Туысқан­дық сезім жем жеген жерін айнытпай табатын жылқы секілді туған ауылына аяқ-қолын жерге тигізбей алып кеткен ғой. Әйтпесе көптен баласын бір иіскеу үшін жарты күн аялдауына болмас па еді. Келер мерзімі белгісіз, құр күтіп қалам ба деп ойлаған шығар. Мынадай жағдайда иесіз тастап кеткен бір үйір жылқы онсыз да малсақ адамның дәл құлағының түбінен шұрқыраған да тұрған шығар. Адалдықтың да қамшысы аямай алдына салып айдай береді. Ақылжанның түсінігінде әкесі сон­дай қамшы ұдайы үстінен үйіріліп тұратын пенделердің қатарына жатады. Шұғыл кетісін солай деп қана түсінді.

(Жалғасы бар)




Көрілген: 3646    Пікірлер: 0

сенбі, 12.05.2012, 12:22

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30 31