Енді біраз уақыттан кейін қазақ балалары отандық компьютерлік ойындармен қауышатын болады. Шетелдік «Контр страйк» ойынының атыс-шабыс даңғазасын енді қазақы қоңыр үн ауыстырмақ. Ұлттық құндылықтарды ұрпақ санасына бала жастан ұялатуды мақсат тұтқан оңтүстік жастары жуырда жаңа жоба ұсынды. «Қазақ хандығы — Алдараспан». Енді ғаламтордың төрінде қазақ хандары мен жоңғарлар ашық айқасқа шығуы мүмкін.
Әрине, ғасырлар бұрынғы ұлтымыздың жоғалып кетуге шақ қалған құнды тарихын осылай жас өскінге түсінікті етіп жеткізу оңай шаруа емес. Көбіне кітап-журнал оқымайды деп кінәланып жататын ұрпақтың уақытының басым бөлігі ғаламтор кеңістігінде өтетіні рас. Осыны ескерген өнертапқыш жастар Шымкентте өздері ойлап тапқан Black and White тобының тарихи компьютерлік ойынын көпшілік назарына ұсынды. Айтуларынша, бұл бастама жас толқынның өткенге деген қызығушылығын оятады. Білімін арттырады.
Жандос ҚАЛТАЕВ, Black and White тобының мүшесі:
– Біз бұл жобаны алдағы уақытта 15 тілге аударуды жоспарлап отырмыз. Орталық Азиядағы кез келген жасқа қолжетімді болуын қамтамасыз етеміз. Жоспарымызға сай, жобаның бастапқы талап ететін қаржысы — 100000 $. Егер қаржы табылып жатса, жобаны тоғыз айда толықтай саудаға шығаруға болады. Бір қызық жері – мұнда ойынға қатысушы әрбір этностың, қазақ хандығының ерекшеліктеріне куә бола алады. Мысалы, бойтұмар, алтын асық сияқты немесе бір қиындықтан өтуі үшін ақсақалдардың ақ батасын алуы керек. Бұл ойынды ойнау үшін физика, алгебра, геометрия, биология, астрономия сынды сабақтардан дайындалған арнайы сұрақтарға да жауап беруіңіз керек. Сондықтан бұл – бүгінгі білімпаз жастар үшін таптырмас көмек.
Осылайша кәсіпкер болуды көздеген жастар өздерінің өнертабыстарын ұсынып, кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының жобалары арқылы қаржылық қолдауға да ие болмақ. Ал жас кәсіпкерлер идеясы байқауы барысында жолда адасқан жанға бағыт көрсететін ұялы телефонға орнатылатын көмекші-бағдарлама, азық-түлік өнімдерін саудалау әдістері сынды бизнес жобалары да ұсынылып, жұртшылықты қызықтырды.
Нұржан ӘЛТАЕВ, ОҚО кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының директоры:
– Жалпы, идеялардың инновациялығы, жаңалығы қандай, соған қарап жатырмыз. Өте қызық, тың идеялар бар. Мұндағы қазылар алқасының құрамында бизнесмендер де болғандықтан, кейбір жобаларға қызығушылық танытуда. Солардың бірі – «Қазақ хандығы — Алдараспан» атты ойындар жобасын ұсынған Black and White тобы.
Садық ШЕРІМБЕК, «Қазақ хандығы — Алдараспан» жобасын жасаушы:
– Компьютерлік ойындардың ұрпақ санасына, өсіп-жетілуіне кері әсері шаш етектен. Компьютер алдында күндіз-түні отырған бала бұйығы, томаға-тұйық болып өседі. Кейбірі тіпті ұлттық болмысынан айырылып қалып жатыр. Біз ұзақ уақыттық зерттеу нәтижесінде осы кемшіліктің орнын толтырмақ ниетпен осы жобаны ұсынып отырмыз. Мұнда кез келген батырға ат қойып, жекпе-жекке шығаруға болады. Мәселен, қазақтың қас батырлары Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбайларды жоңғардың нояндарымен шаршы алаңға шығаруға мүмкіндік бар. Мұның өзі батыр бабаларымыздың ерлігін, атын тануға, екіншіден, жеткіншекті ерлікке, өжеттікке тәрбиелеуге көмегі зор.
«Қазақ хандығы» жоңғарды жекпе-жекке шақырады
12 сәуір 2013, 12:27
