Таным

Мағжан өлімінің шындығынан Кеңестің өтірігі қымбат па?

  • Мағжан өлімінің шындығынан Кеңестің өтірігі қымбат па?

    Мағжан өлімінің шындығынан Кеңестің өтірігі қымбат па?

Райхан ЖҰМАБАЕВА, Мағжан Жұмабаевтың немере қарындасы (інісі Қалижанның қызы):


Кейінгі кезде «Мағжан Жұмабаев 1938 жылы атылмаған» деген сөз шыға бастады. «Магаданда айдауда жүрген жерінен Баукең көріпті» дейді. Ол 1948 жылы болса керек, яғни ату жазасына кесілгеннен 10 жылдан соң. Ал Баукең­нің өтірік айтпайтынын барша Алаш жұрты біледі. «Алаш айнасы» бұл тақырыпқа арнайы бет арнап, «біледі-ау» деген ғалымдар мен көзіқарақты мамандардан мән-жайды сұра­ған болатын. Таяуда редакциямызға ақынның немере қарын­дасы Райхан апамыз хабарласты. Жасы жетпістің жетеуіне келген кейуана ақиқатты іздеп, Магаданға дейін барып қайтыпты. Біз ол кісімен сұхбаттасқанды жөн көрдік.


Күтпеген хабар Колымаға жол тарттырды

– Мен Мағжанның туған інісі Қали­жанның қызымын, атым Райхан, – деп бастады әңгімесін сексенге келіп қалса да, ажа­рын бермеген апамыз. – Әттең, дүние-ай, ақын ағаның өзінен тікелей ұр­пақ қал­ған жоқ, бірақ туыс-тума, жалпы Жұма­баев­тар әулетінен Мағжан ағаның бар-жоғын түгендеп жүрген Қызылжарда, яғни туған жерінде Тасболат деген інісінің ұлы екеуміз ғана. Менің жасым болса – мынау, 77-демін, кәрілік күн санап өз де­ге­­нін жасатып, ауру-сырқау дегендер шыға береді екен ғой. Былтыр тамыз айын­да қатты ауырып, жансақтау бөлі­мінде жат­қанмын. Сәл бетім бері қараған шақта маған Саят Жансүгіров хабарласты. Біле­сіз­дер ғой, Ілиястай ағамыздың ұлы. Екеу­міз жақын дос, сырласпыз. Хабар­ласты да, халімнің біршама жақсы екенін сөзім­нен, даусымнан білген соң: «31 мамыр­дағы «Жас Алашты» оқыдың ба?» деп сұрады. Ауырып жатып оқи ал­май қалып едім, әйтпесе күнделікті баспа­сөзді қадаға­лап отырамыз ғой. Ауру­ха­надан шыққан бойда әлгі газетті тауып, оқыдым. Сөйтсем, онда Атыраудың Құл­са­рысында тұратын Абдолла Әбдірахманов атты 92 жастағы қарт кісі кезінде өзінің Магаданда, Колыма лагерінде Мағжан ағаммен бірге отыр­ғанын айтыпты. Әлгіні оқығанда төбем­нен біреу мұздай су құйып жібер­гендей сілейіп отырыппын да қалыппын. Мәссаған, 1938 жылы атылып кетті деп жүрген ағамыз бер­тінге, 1951 жылға дейін тірі болыпты. Өз көзімен көрген адам міне тұр. «Егер туыс­­тары болса, тіпті сол Мағжан жерлен­ген жерді апарып көрсетіп, көрген-білген­дерімді айтар едім, ақын аманаты әлі күнге мой­ным­да тұр, күні ертең арғы дүниелік болып кет­сем, ол аманат мойнымда кетеді, екін­ші­ден, қиянат жасаған болып табы­лам», – деген қария сөзінен соң өшкенім жанып, өлгенім тірілгендей егіліп жылап алдым. Ол кісіге сол сәттен бастап ризамын, жасына қарамай, бізді сонау жер түбіндегі Магаданға бастап апарғанына да тіпті тәнті болдым. Тіпті 92 жастағы ол кісі түгіл, 77-дегі менің өзімнің сондай ұзақ жолға шы­ғам дегеніме балаларым «бес минуты кем 80-десіз, ауруханадан шық­қа­ныңыз да кеше» деп қарсы болды. Сонда да бой бермей «Мен бәрібір бара­мын, осыдан Мағжан ағам үшін жолда өліп кетсем, ар­маным жоқ» дедім. Расын­да, жол алыс та ауыр екен, қазақ текке «итжеккен» атамаған ғой: Мәскеуге дейін ұшақпен төрт сағат, ары қарай Магаданға дейін 12 сағат ұштық. Мага­дан­ның губернаторы қайта құдайына қараған азамат екен, әрі қарай Колы­ма­дағы лагерьге дейін тағы 650 шақырым кедір-бұдыр жолға төтеп беретін көлік пен қасымызға жол бастаушы адам қосып берді. Әйтеуір, әупірімдеп ит арқасы қиян­дағы Сусу­ман ауданына да жеттік қой. Ауылдың аты да қазақшаға ұқсайды екен өзі, Берелех деп аталады. Әбекең, Абдол­ла ағамыз, өзі отырған лагерьді көр­генде жылап жіберді. Бір кездері көр­ген азабы, тозағы есіне түскен шығар. Мағ­­жан ағамен сол жерде отыр­ғанын, қалай көргенін айтып берді. «Қай қиырда жүрсе де, адам өз қанын іздейді екен ғой, лагерьден өзім секілді қазақты кез­дес­тір­генде ауылымды көргендей елжіреп, көзі­ме жас келгенін, сол сәттегі сезім­ді тілмен жеткізе алмай­мын. Ал Мағ­жан аға­ның бойынан ақ­сүйек­тігі білініп тұратын яғни қандай азап көріп, қандай жа­ман жерде жүрсе де, тектілігі білініп тұр­атын. Қай­та-қайта «Сәбиттің көзіне бір қарар ма еді, шіркін» деп айтатын», – дейді. ­

– Сонда Мағжан ағамыз лагерьде қашаннан бастап отырған?

– «Атылды» деп шығарған 1938 жыл­дан 1951 жылға дейін сол азап лагерінде жүргенге ұқсайды. Бұл деректің шын­ды­ғын растайтын бір адам да бар, ол – өтірік айтуы екіталай қазақтың қаһарман баты­ры Бауыржан Момышұлы. 1948 жылы соғыс біткен соң да әскери тапсыр­ма­лармен жүріп сол Магадан жеріне жолы түссе керек. Сонда «осындағы азап лаге­рінде қазақтың бір ақыны айдауда жүр» деген әңгімені естіп, әуелі естіген әлгі деректің растығына көз жеткізу үшін, екіншіден, оның кім екенін анықтау үшін барыпты. Сол жерде Мағжан ақынды көріп, таңғалып әрі оның аянышты халіне жаны ашып, намысы келіп, елге бары­сы­мен шығарып алуға кіріспек болады. Бірақ оны сезіп қойған сол кездегі бас­шы­лық Баукеңді шұғыл әскери бұйрықпен басқа жерге жібереді де, сол бойына екеуі кездесе алмай қалады. Әбекеңнің айтуы бойынша, Мағжан лагерьде 1951 жылға дейін оты­рып­ты. «Бір күні, – дейді Әбекең, – Мағжанның тіпті жүруге шама­сы  келмей, еңбектеп қалды». Қасы­на барып хал сұраған екен: «Аяқтарым ісініп кетіп, баса алмай тұрмын, еңбектемеске лаж жоқ» деп, сол еңбектеген күйі қара жұмысын істей беріп­ті. Қалай ауырмасын, өзі ол жердің қысы адам төзгісіз, 50-60 градус суық, одан мұзды судың түбінен құм алдырып, ол құмды елетіп, алтын ізде­теді екен. Ал беретін тамақтары күніне небары 400 грамм нан ғана. Ауырмай қайтсін? Сөйтіп жүргенде көп ұзамай Әбекең таңертең далаға шыққанда сон­да­ғылардың аузынан «Магжан умер» деген қаралы хабарды есті­ген. Жүгіре жет­кенде, ең аяныштысы сол, оны «қазақ­тың сондай бір беткеұстар тұлғасы-ау» деген ешкім жоқ, күрекпен алып, ары ысыра салған. Жалпы, лагерьде кім өлсе де, олардың жансыз денесіне қарап, рәсімін жасауға ешкімнің құлқы да, мүмкіндігі де болмайтындықтан, жан-тәсілім еткендер сол құлаған жерінде қала береді екен. Кейін барып оларды жинап әкетіп, бір жерге топтап көме са­ла­ды. Соны естігенде қалай жыла­майын?!.

– Ақынның, әсіресе тәнінен гөрі жаны азапқа түскен шағында өлең жаз­бауы, іштегі ыза, намыс, мұң мен шерін тарқатпауы мүмкін емес секілді, сол лагерьде өткізген жылдарында Мағжан ағамыз ештеңе жазбапты ма, сұрадыңыз ба Абдолла қариядан?

– Әрине, жазған. Бір қойын дәптерге түртіп жүрген іштегі мұң мен шерін өзі көз жұмарынан біраз уақыт бұрын осы Әбе­ке­ңе беріпті. «Алматыданмын деген біреуді көрсең, соған бер» деген екен. Ал ол кісі тағдыр­дың күллі шырғалаң тұсында әлгі дәптерді жоғалтып алса керек. Сол үшін ақсақал өзін-өзі ке­шір­местей кінәлап, сондай қатты қапа­ланады. Негізі, Әбекең қол­жаз­баны әлде­кімнің әдейі ұрлағанын айтады. Әбекең әлгі Колымада он жылдай отырған. Осы жолы бізді бастап барғанда бүгінде музейге айналған барактардан өздері кезінде жұмыс істеген қайла, күректерін көріп, «осылар біздің қанша жыл қолымыздан түспеді ғой» деп жылап жіберді. Мағжан аға жайлы айтқанда да үнемі көзіне жас алды. Өзі ширақ, тың, әйтпесе жасы жүзге жа­қындап қалған кісі ғой. Менің өзім сек­сендегі жасымда әрең бардым, ал ол кісі менен он шақты жас үл­кен, бірақ соған қара­мастан өзінің денсаулығын, өмірін қатерге тігіп, ит арқасы қиянға бізді бастап барды. «Төрім­нен көрім жуық адаммын, ертең кенеттен олай-бұлай болып кетсем, бұл ақиқат өзім­мен кетпесін әрі арғы дүние­де Мағ­жанның аруағының алдында қалай жауап берем?» деп ойласа керек. Әйтпесе жол шынында қатерлі еді. Екі мәрте ұшақтан әрі қарай да 700-ге жуық шақырым көлікпен кетіп бара жатқанда үнемі жүр­гі­зушінің бетіне қарадым да отырдым. Егер сәл қалғып кетсе, біздің бір биіктен сай­ға құлдырап кетуіміз әбден мүмкін еді.

Жұртты шатастырғандардың бірі – Зылиха жеңгеміз

– «Мен Мағжан айдауда болғанда соңынан 14 рет іздеп бардым» деген Зылиха жең­ге­міздің сөзі шындықтан гөрі өтірікке көп жақын. Ал қазақтың барлық қалам­гер­лер қауымы, ғалымдары сол Зылиханың сөзі­не имандай сеніп, тарихқа солай енгізіп жіберген. Ал шындығында жағдай тіпті басқа. Мағжан ұсталысымен, яғни «аты­лы­сымен» көп ұзамай ол жеңгеміз бір татар полковнигіне күйеуге шыққан. Ленин­­градта сол кісімен тұрды. Мен қанша рет Мағжан ағаның делосын сұрап едім, «дело жоқ, жоғалған» деп маған бер­ген жоқ. Сонда ол қайда? Егер өз көзім­мен істі оқып шықсам, Мағжан аға лагерьде қалай өмір сүрді, оған кімдер келіп-кетті, тергеу қалай жүргізілді, барлығын өз көзіммен көрер едім. Мен білетін бір ақиқат – інісі Сәлімжан Мағжан ағаның артынан іздеп барып, кездескен. Сонда Зылиханы «туыс­қан қарындасымыз еді» деп алдап, әрең кездестірген. Сөйткен Зылиха кейін ағамызға емін-еркін қалай баруы мүмкін, бір емес, 14 рет? Осы тұста қисынсыздық, яғни «өзі жоқтың көзі жоқ» деп айтыла салған өтірік бар секілді. Сөйткен адамның сөзіне имандай ұйып, тіпті Зылиханың өзін «лагерьде 14 жыл отырды» қылып шығарып жатқан ғалым­дар да бар. Менің соған жаным ауырады. Шын мәнінде, Зылиха апамыз айдалған жоқ. Ең бір таңғаларлығы да сол, басқа «халық жауларының» әйел­дері Сібірге айдалып, сондай ит азапты түрмені көрсе, Зылиха жеңгеміз емін-еркін өмір сүрді, ешкім оған саусағының ұшын да тигізген жоқ. Бұл да – күдікті жағдай. Тағы бір күдікті жағдай – ол кезде бір қаладан екін­ші қала­ға бару деген қатаң тергеумен жүргізілді, ал Зылиха еркін жүріп-тұрды-мыс. Сондай-ақ ол кісіден ағамыздың қол­­жаз­баларын, өзіндегі мұрағатын сұрап еді, «білмеймін, не до этого было» деді де, қоя салды. Қалай ғана Мағ­жан­ның жары бола тұра, оның жазған дүниелерін сақтап қалуға тырыспаған? Мы­салы, әлгінде айтқан Мандель­штам­ның әйелі вокзал­дарда скамейкалардың астына тығылып жүріп, ақын өлеңдерін, қолжазбаларын сақтап қалған, жанта­лас­қан. Қазекемнің намыс­сыздығына күйі­­немін осы тұста, әлгіндей әйелді «Мағ­жанның сүйгені» дейді. Ал ақын аға шын мәнінде Санкт-Петербург университетін тамамдап, мұғалімдер семинариясында өзінің қол астында оқытушы болып жұмыс істеген Гүлсімді және Жәмиланы сүйді. Жәми­ламен үйленгелі тұрған шағында басына түскен түрлі жағдайлар екеуін екі жақ­қа айырып жіберген ғой. Әттең, аға­мыздың өз кіндігінен ешқандай ұрпақ қал­ған жоқ.

– Қолжазбалар қалай сақталды? Мағжан атамыздың өлеңдерін бүгін­гі­ге жеткізген кім?

– Әмина Нұғыманова деген қазақ қы­зы Қытайдан келеді. Сол кісі Мағ­жан­ның 1923 жылы шыққан өлеңдерін «әйелі ғой» деп Зылихаға әкеліп берген. Ал оны Хамза Абдуллин атты Мағжан аға­ның шәкірті бастырып, жарыққа шы­ға­руға көп еңбек сіңірді. Хамзаның ең­бе­гін қалай айтсақ та жарасады: өзі Колы­ма­дан жаңа келген, қолына қарап отыр­ған шиеттей бала-шағасы бар, ала­тын зейнетақысы тым аз, соған қара­мас­тан, ұстазының әлгін­дей еңбегін ты­ғып жүріп бастырып, Алматыдағы зиялы деген­дердің бәріне таратып берді. Соның біреуін маған да бер­ген.

Жетімдік тақсіреті Жұмабаеваға жуа да сатқызды...

– Сіздер Мағжанның жақын туыс­тары ретінде қуғындалдыңыздар ма?

– Жоқ, қуғындап, бізді айдаған жоқ. Бірақ үнемі «дәл қазір біреу алып кете­тіндей» сондай бір қорқыныш пен үрейде өмір сүрдік. Темір торға қамалмасақ та, «халық жауының» туысы деген ат жамы­лып, еркін өмір сүре алмадық. Жетімдіктің тау­­қыметін тарттық. Балалық шағым на­ға­­­шыларымның қолында Омбыда өтті.

– Неге, әкеңіз қайда?

– Сол тұста өзі «халық жауының» туыс­тары не болатынын, не істеу керектерін біл­мей, жандалбасаға көшті ғой. Менің шешем де елден «халық жауларының әйел, бала-шағасы түгіл, туыс-тумаларын түгел қамап жатыр екен» деген сыбыс естіп, мені алып, біршама жұртпен бірге Ауғанстанға қашпақ болыпты. Әкеміз қарсы болып, ешқайда кетпеу керектігін айтқан. Содан екеуі келісе алмаған болуы керек, анам жолға шыққан да, әкем елде қалып қойған. Кейін өзінің тегін қайта-қайта ауыстырып жүріп, әйтеуір, Курскінің әскери қаржы институтын бітірді. Ал біз болсақ сол қашып бара жатқанда Душан­беден ары өткізбеген соң, қайтуға мәжбүр бо­лыппыз, әйтеуір, нағашыларымызды пана­лаппыз ғой. Тұрмыс өте ауыр еді. Репрес­сия, содан көп өтпей соғыс бастал­ды. Балалық ша­ғым­ды еске алғанда, үнемі көз алдыма өзім­нің вокзал маңында нан мен шай сатып отырған кейпім келеді. Ол Куломзина деген теміржол стансысы еді, сонда соғыс­қа аттанып бара жатқан сол­дат­тарға азық болсын деп алып шығамыз ғой. Күнелтудің көзі жалғыз сол болатын ол тұста. Өзім онға толар-толмас жас­та­мын. «Кіш­кен­таймын, қолымнан кел­мей­ді» дейтін әңгі­ме болмайтын бізде, басқа түсті, біз көндік. Кейде тіпті өзіміз жеуге нан таппай қалған да кезіміз болды, он­дай­да нан табу үшін вагон аралап пияз сататынмын. Бірде пия­зым өтпей, әбден қорландым, өзімнің жетімдігім мен тұр­мыс­тың ауырлығын қатты сезініп, содан Ертіске кетіп өлгім келді де. Тіземе дейін суға кіріп, «неге менің өмірім осылай бол­ды екен?!.» деп налып тұрған шақта, әйтеуір, жүрек түбінде бір үміт оты жылт етіп, алдымыздан жарық күннің туатынын құлағыма сыбыр еткендей болды. Сосын өлім жайлы қорқынышты ой­дан бас тарттым да, ілби басып үйге қайт­тым.

Ақын өмірінің ақиқатынан  кеңестің өтірігі қымбат болып тұрғандай...

– Апа, әлгіндей «Мағжанды көзбен көрдім, Колымада бірге отырдым» деген көзі тірі куәгер бар, олай болса, ен­дігіде ақынның өмірбаянына өзге­ріс еніп, тарих қайта жазылатын шы­ғар?

– Колымаға барып келген соң тиісті орын­дардың есігін қағып, «Мағжан атыл­ған» деген деректі жоққа шығаруды, сол ар­қылы жалған тарихты лақтырып, шы­найы дерекке жүгінуді талап еттім ғой. Бірақ сонда олар мені «қайдағы бір 92 жас­­тағы қартқа сеніп, өзгерте салатын тарих ойыншық емес, оның үстіне, Кеңес үкі­метінің ондай деректерден қателесуі мүм­кін емес» деп тыйып тастады. Яғни не маған, не әлгі тірі куәгерге ешкім сенген жоқ, құлақ асар түрі көрінбейді. Күні бү­гінге дейін қақпаған есігім жоқ, бірақ мені адам ғой деп, айтқан сөзіме құлақ асып жат­қан адам көрмедім. Басқа емес, қазақ­тың қаһарман батыры Баукең, Бауыржан Момышұлы Мағжан ағамызды көргенін айтты ғой. Ол кісінің өтірік айт­пайтынын, ешкім­нен қорықпайтын ержү­рек мінезін күллі қазақ біледі, әлі күнге аңыз қылып ай­тады. Шынымды айтсам, бүгінде не істе­рім­ді білмей дал болып отырмын. Енді бір ғана жағдай қоғамды елең еткізбесе...

– Ол қандай жағдай?

– Таяуда Мағжан ағамды көрген, Колы­­мада бірге отырған Абдолла Әб­ді­рах­манов ағамыз Алматыға келіп, пресс-кон­фе­рен­ция беріп, дүйім жұртшылық алдында өзінің Мағжанмен бірге лагерьде отырғанын айтады. Жаратқан ол кісіге сол күнге аман-есен жетуді жазсын. Түбі Мағжанның өтірік өмірбаяны жойылып, шындық жарыққа шығуға тиіс қой.




Көрілген: 4180    Пікірлер: 1

жұма, 20.04.2012, 15:32

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30 31