Ашаршылықтан кейінгі Қазақстан немесе Левон Мирзоянның қазаққа сіңірген еңбегі

26 мамыр 2012, 12:26

Мирзоян істі қолға алып жатыр,
өзі де, сөзі де елге барып жатыр.
Төктіріп азық-тұқым мұқтаж елге,
егіске күшті ұранын салып жатыр.
Мирзоян іс басында күндіз-түні,
қозғады еңбекші елді салған үні...
Сұлуым, өкпеңді қой, көтеріл деп,
Бас иіп келіп тұрмын мен де, міне...


Сәкен Сейфуллин
1934 жылдың 8-16 қаңтарында Қазақстан өлкелік VIII партия мәслихаты болды. Күн тәртібінде – Қазөлкекомның есебі (Л.И.Мирзоян), екінші бесжылдық туралы баяндама (О.Ж.Исаев), өлкелік партия органдары мен БК(б)П XVII съезіне делегаттар сайлау. Мәслихат өлкелік партия ұйымдарының одан әрі атқаратын жұ­мысының бағдарламасын жасады, барлық коммунистің наза­рын республиканың халық шаруашылығын қалпына келтіру мін­дет­темелеріне аударды, оларды орындаудың жолдарын айқындады.
Мәслихат ұсынған орталық міндеттердің бірінің мәні мынадай: 1934 жылы ұжымшар құры­лы­сын­да жіберілген қателіктердің зар­даптарын толық жою мен Қазақ­станның ауыл шаруа­шы­лы­ғы мен өнеркәсібін дамыту қар­қы­ны­ның бүкілодақтық даму қар­қы­нынан қалмауына қол жеткізу. Мәс­лихат өнер­кә­сіп­ті басқару жүйе­сін сөзсіз қай­та құруды қам­та­масыз етудің, бас­шылықты кәсіп­орындарға жа­қын­датудың, инженерлік-тех­ни­ка­лық қызмет­кер­лерді тікелей өндіріске бағыт­тау­дың ма­ңыз­ды­лы­ғын атап көр­сетті.
Мәслихат өлкелік партия ко­ми­тетін сайлады. БК(б)П Қазақ өлкелік партия комитетінің бірінші пле­ну­мын­да бюро сайланды. Оның құра­мы­на В.Н.Ан­дрон­ников, Г.А.Асриев, А.Н.Гусев, О.Ж.Исаев, Ұ.Д.Құ­лымбетов, І.Ж.Құ­ра­мысов, Л.И.Мирзоян, Ж.Н.Сәдуақасов, С.Се­гізбаев және басқалар енді.
Қазақ өлкелік партия коми­те­ті­нің бірінші хатшысы болып – Л.И.Мирзоян, сәл кейінірек екінші хатшысы болып Садық Нұрпейісов сайланды.
1934 жылдың 26 қаңтары мен 10 ақпаны аралығында партияның XVII съезі өтті. Съездің шешімімен Л.И.Мир­зоян БК(б)П ОК мүшелігіне сайланды.

Абай ОМАРОВ (коллаж)

1934 жыл басталысымен-ақ жалпы алғанда, республиканың ауыл шаруашылы­ғындағы жағдайды одан әрі көтеруге ба­ғыт­талған бірқатар шаралар өткізу талап етілді. Күн тәртібіне оралмандардың ша­руа­шылық тұрмысын түзеу, мал шаруа­шы­лығын дамыту және азық-түліктік көмек­терді босатуға байланысты бірқатар мәсе­лелер қойылды. Сондықтан да Қазақ­с­тан басшылығы БК(б)П ОК мен КСРО Сов­­нар­комына өтінішпен шықты:

БК(б)П ОК – жж. Сталин, Кагановичке КСРО Совнаркомы – ж. Молотовқа
ОК пен Қазақстан үкіметінің өткен жы­лы көрсеткен орасан зор көмегі респуб­ликадағы жағдайды біршама жақсартты. Негізінен, малдың сойылуы мен талан-таражға түсуі тоқтатылды, азық-түліктің негізгі түрлеріне деген тапшылық жойылды және ауылдарда жағымды саяси көңіл күй қалыптастырылды. Осыған қарамастан, жағдай әлі де алаңдатып отыр және шаруа­шы­лықтарды, атап айтқанда, мал шаруа­шылығын одан әрі көтеруді қамтамасыз ететіндей бірқатар шаралар ұйымдастыру­ды уақыт талап етеді.
ОК-тен мынадай ұсыныстарымызды қарап, бекітуді сұраймыз:

Оралмандарды шаруашылыққа бейімдеу туралы
Оралмандарды орналастыру ісі төңіре­гіне ұжымшар жұртшылығын, МТС, кең­шарлар мен өнеркәсіп кәсіпорындарын жұмылдырдық. Дегенмен мемлекет тара­пы­нан мынадай шаралар жүзеге асырылуы қажет:
а) оралмандар ішінен 10 мың отбасыны аса тапшы жұмыс күші ретінде арнайы таң­дап алып, мақталы аудандарға, 5 мың ша­руа­шылықты қызылша егетін ұжым­шарға орналастыру қажет;
б) оралмандар қоныстандырылатын, мақ­та егілетін және қызылша себілетін аудандарға Сібір мен Қырғызстаннан 10 мың бас ат пен өгіз сатып алуға рұқсат бе­ріл­сін, бұл іске ұзақ мерзімді несиелер бө­лінсін;
в) қайтып көшіп келіп жатқан оралман­дардың үй-күйін ұйымдастыруға 1933 жылы Қазақ Республикасының бюджетінен 20 млн сом қарастырылып қойылғанын ескере отырып, КСРО Совнаркомына қо­сымша 10.000.000 сом, оның 5 мил­лио­нын ұзақ мерзімді несиемен бөлу ұсы­ныл­сын.

Мал шаруашылығын дамыту жөніндегі шаралар
а) 1934 жылы Қытайдан 150 мың бас ұсақ мал мен ірі қара сатып алуға рұқсат берілсін, бұл үшін ОК 1933 жылдың 15 мау­сымындағы шешімімен бөлінген тауар­лық қордан қалған 3 миллионға жуық сом қаржы пайдаланылсын;
б) Қазақстанда жылқы өсіруді дамыту үшін Қазақстанға одақтың ішінен 3 мың бас жылқы сатып алуға несие бөлінсін жә­не Наркомземге қазақстандық ұйымдар­мен бірлесіп, осы мақсатқа сәйкес сатып алатын ауданды анықтау тапсырылсын.

Азық-түліктік көмектер босатумен байланысты мәселелер
а) оралмандарға жіберіліп жатқан азық-түліктік көмектің бір бөлігі тегін бе­рілсін (35%), алыс аудандардағы ұжым­шар­­лар­дың қажеттілігіне жіберілетін кө­мек­­тер үш жылдық мерзімге несиеге бе­ріл­сін;
б) алыс аудандарға арналған азық-түлік­тік көмектерді жергілікті құралдармен тасып жеткізудің мүмкіндігі жоқтығы себе­бі­нен бірінші тоқсанда 100 жүк мәшинесі бөлінсін.
(ҚР Президентінің мұрағаты. 141-қор, 1-тізбе, 6664-іс, 30-32 бб.)
1934 жылдың көктемі шығысымен өлке­лік партия комитеті көктемгі егістік науқанына жан-жақты дайындық жұмыс­тарын бастады. Арнайы комиссия құрылды. Комиссияның міндетіне тұқымдық қорлар мен республика аудандарындағы техника күштерін жұмылдыру мен қадағалау-ба­қы­лау енгізілді. Оралмандардың аз бөлі­гінің болса да егістік жұмыстарына оралуын қамтамасыз ету үшін барлық шара қарал­ды. Алыстағы артта қалған аудан­дар­ға жауап­ты қызметкерлер уәкілдер ре­тінде жі­беріліп, олар егістік науқаны аяқ­тал­ған­ша қызу жұмыстың басы-қасында болды.

Алғашқы рекордтық астық
1932-1933 жылдардағы бұрын-соңды болмаған ашаршылықтан соң қазақ халқы бірте-бірте есін жинап, өзіне-өзі келе бас­тады. 1934 жыл көп мәселеде күрт бет­бұ­­рыс­­тар жылы болды. Дәл осы жылдан бас­тап Қазақстанның бүгінгі күннің ал­ғы­ш­арт­тарына қарай әлеуетті даму қоз­ғалысы бас­талды.
1934 жылдың күзі. Жағдай көңілді де күдікті болатын. Егін бітік шықты.
Астық дайындау жұмысына басшылық жасау үшін Қазақ өлкелік партия комитеті бюросының мүшелері, республика Қазөл­кекомы мен Совнаркомның жауапты қыз­мет­керлері іссапарларға жіберілді. Олар­дың алдына нақты міндеттер қойылды. Қа­лайша жинау, бастыру туралы үлкен нұс­қамаларды күтудің қажеті жоқ. Бәрі де анық болатын. Бір минөтті босқа жіберуге болмайды, бір дәнді де жерде қалдыр­мас­тан жинап алып, сақтау маңызды.
Қазөлкеком бюросының шешімімен егін орағы мен астық дайындау науқанына тікелей басшылық жасау үшін Л.И.Мирзоян Қарағанды облысына іссапарға жіберілді, ал Павлодар аудандарының тобына Сов­нар­ком төрағасы О.Исаев тағайындалды.
Партия мен кеңес ұйымдары, МТС сая­си бөлімдері және кеңшарлар бұқаралық-түсінік жұмыстарын кең көлемде жүргізу не­гізінде ұжымшарлар мен олардың ең­беккерлерін жұмылдыра білді. Астық тапсыру жоспарын мезгілінен бұрын орын­дау­ға, өнім жинауды аяқтау мен кептіруді ұйымдастыруға және астықты сақтауға республиканың ауылды жерлерде тұратын халқының бәрі жұмылдырылды. Алыс аудандардағы астықты алып шығып, оны ысырапсыз түгелдей мемлекетке өткізуді қамтамасыз ету үшін барлық шара қарас­тырылды. Ауыл-село еңбеккерлерінің ер­лікке тән еңбектерінің нәтижесінде 120 млн пұт жоғары сапалы дән жиналды. Бұл, шын мәнінде, Қазақстанның тарихындағы рекордтық өнім болды.
Астық үшін айқас барысында жаңа партия – кеңес қызметкерлері өсіп шықты. Ә.Досов, Қ.Тәштитов, М.Атаниязов, Х.Ақ­бо­тин, Ф.И.Оликов, Н.Брикульс, Н.Дау­ылбаев, И.Қабылов, Ә.Лекеров, С.Хами­тов, С.Тасболатов, И.Тәжиев, М.Желдібаев, Қ.Жұ­мағалиев, Т.Жанпейісов және бас­қа­лар республика еңбеккерлерінің арасында үлкен бедел мен құрметке ие болды. Олар өздерін партиялық, кеңестік және қоғам­дық жұмыстарда жақсы ұйымдастырушы әрі іскер басшы ретінде көрсете білді.
БК(б)П 1934 жылғы желтоқсан пле­ну­мы азық-түлік кәртішкесін жою туралы шешім қабылдады. Бұл күшпен жүргізілген ұжымдастырудың зардаптарынан шығу­дың маңызды да айқын жеңісі, бүкіл еліміз үшін Қазақстан үлкен үлес қосқан қуа­нышты оқиға болатын.


И.В.Сталинге, В.М.Молотовқа қазақ ауылдарының қайта дәуірлеуі туралы баяндама-хабарлама 1934 жылғы 19 қараша
Орталық Комитеттің 1932 жылғы 17 қыр­күйектегі «Қазақстанның ауыл шаруа­шы­лығы туралы, атап айтқанда, мал шаруа­шылығы туралы» қаулысымен көш­пелі, жартылай көшпелі қазақ шаруашы­лық­тарында мал шаруашылығын дамыту жө­нінде және Қазақстанның шаруашылық пен ұлттық ерекшеліктерінен туындайтын шара­ларды жүзеге асыруда бірқатар же­ңілдіктер қарастырылған.
Осы қаулымен мал шаруашылығымен айналысатын аудандарда ұжымшарлардың неғұрлым қолайлы түрі – жерді бірлесіп өңдеу жөніндегі серіктестік танылған бола­тын. Отырықшылыққа көшіру ісінің бірте-бір­те және қатаң ерікті жолмен жүргізілуі қажеттігі атап көрсетілген.
Байқап көру үшін мынадай тәжірибе жүзеге асырылды: бір қазақ шаруашылы­ғына және жеке пайдалануға – 100 басқа дейін қой, 8-10 бас ірі қара, 3-5 түйе, 8-10 жылқы, ал отырықшы жер шаруашы­лы­ғы­мен айналысатын аудандарда ең­бек­шінің жеке шаруашылығына пайдалану үшін 2-3 басқа дейін сиыр, 10-20 бас қой-қозы, 10-20 шошқа-торай бөлінді.
Бұлардан бөлек мынадай да шарттар қарастырылды: қазақтардың мал шаруа­шы­лығы қожалықтарына мемлекеттік бі­раз қарызына кешірім беріліп, оларды екі жыл бойы мемлекеттік салықтан және міндетті салықтардан босатты.
ОК бұл қаулысын біз көшпелі, жартылай көшпелі 43 ауданның бәріне және жеке­ле­ген отырықшы жер шаруашылығы аудан­дарында бар жартылай көшпелі малмен айналысатын шаруашылықтарға қатыс­ты қолдандық.


ОК шешімін жүзеге асырудың нәтижесінде біз мыналарға қол жеткіздік:
1. Қазақ ауылдарын қайта қалпына кел­­тіру бөлігі бойынша айтарлықтай та­быс­­тарға қол жеткіздік, 1932 және 1933 жыл­­дар басында мал шаруашылығы аудан­­дарында кең көлемде орын алған аштық жойылды, ашыққан қазақ малшы­лардың тобыр болып қаңғыбастыққа салынуы мен жаппай қоныс аударушылық толық тыйылды.
2. Осы екі жыл ішінде 160 мың көшпе­лі қазақ шаруашылығы орнықтырылып, шаруа­­шылығы түзетілді. Олардың 50 мыңы 1931-1932 жылдары өз жерлерінен үде­ре көшіп, көрші республикалар мен өл­келерге өтіп кеткен оралмандар болып ес­ептеледі. Осы мәртебеге ие топтан 48 мың шаруа­шы­лық Орталық Қазақстанның мал шаруа­шы­лы­ғы аудандарына қайтып орал­ды, ал қал­ғандары дәнді дақылды аудан­дар­ға, мақ­тамен айналысатын МТС, кең­шар­лар мен өнеркәсіп орындарына орна­ласып қалды.
3. Жіберілген қателіктер мен асыра сіл­теу­лерді шешімді түрде түзету нәтижесінде тұрғындардың малға деген қатынасы өзгерді: малды жаппай сою тоқтады. Сөй­тіп, мал басын сақтау мен өсіру жөніндегі нақты жұмыстар қолға алынды.
...5. ОК 1932 жылғы 17 қыркүйектегі шешімі негізінде көшпелі және жартылай көшпелі аудандарда жүргізілген шара­лардың бірі мынадай: 1117 қазақ ұжым­шары әртелдерінің жарғысында тек 168 ұжымшар ғана қалды. Қалғандары тара­ты­лып, 1423 серіктестік (ТОЗ-дар) болып қайта құрылды. Қайта құрылған әртелдерге 457 тауарлы фермадан қазақтардың жеке пайдалануына 240 мың бас мал берілді.
Қазақ ауылдарының шаруашылық тұр­мысы көтеріле бастағанына қарамастан, біз ОК пен Совнаркомның алдына 1932 жы­лы берген жеңілдіктерді тағы да кемі үш жылға созу туралы мәселе қоюды өте қажет деп санаймыз.
Осы айтылғандардың негізінде біз ОК пен Совнарком алдына мынадай ұсыныс-талаптар қоямыз:
1. 1935 жылдың қаңтарынан бастап Қазақ­станның 41 мал шаруашылығы ауданы бойынша қазақ ұжымшарлары мен олардағы еңбеккерлер мемлекетке мін­детті түрде дәнді дақылдар, ет, май, сүт тапсырудан және салықтардың барлық ақ­ша­лай түрі мен төлемдерден – сегіз жылға дейін, ал жеке шаруашылықтар бір жылға дейін босатылсын.
41 қазақ малды аудандарында шаруа­шы­лықтардың жалпы саны 180 мыңға жуық, ал олардың 78 мыңы малсыз. Бұл аудандардағы шаруашылықтардың тірлік деңгейінің төмендігі соншалық, олардан қандай да бір салық алу мүмкін емес. Бұл аудандардағы қираған шаруашылықтар ен­­ді-енді ғана аяқтарына тұрып келе жа­тыр, әлі де үлкен көмек пен қолдауға зә­ру.
2. 1935 жылдың 1 қаңтарынан бастап ше­каралық аудандар, сондай-ақ ­оты­­рық­шы жер шаруашылығы аудан­да­ры­на бекітілген қазақ ұжымшарлары, айрықша тізім бо­йынша барлығы 70 мың шаруашылық мемлекетке міндетті түрде дәнді дақылдар, ет, май, сүт тапсырудан және ақшалай төлем­дерден, екі жыл мерзімге босатылсын.
БК(б)П Қазөлкеком хатшысы Л.Мирзоян ҚАЗКСР Совнаркомының төрағасы О.Исаев
(ҚР ПМ, 141-қор, 1-тізбе, 6665-іс, 24-30 беттер)
Сонымен бірге Л.Мирзоян мен О.Исаев БК(б)П ОК мен РСФСР Совнар­комының қа­рауына мемлекетке міндетті түрде дәнді дақылдар, ет, май, сүт тапсырудан және ақ­шалай төлемдерден таяу­дағы екі-үш жылға дейін босатуды сұрап, ұсыныс түсір­ді. Қа­зақ­стан басшылығы осы уақыт ара­лы­­ғында республика қуаттанып, шаруа­шы­лығын біршама түзеп алады, одан кейінгі жылдары мемлекетке ауыл шаруа­шылығы өнімдерін артығымен, әлдеқайда көп көлемде қай­таратын болады деп үміт артады.
Л.Мирзоян Қазақстанда босқындарды шаруашылықтық орналастыру 1934 жылы негізінен аяқталғанын мәлімдеді. Осы­лай­ша, өзі де Ресейдің бұратана ұлтынан шық­қан Л.Мирзоян босқын­дардың туған жерге деген сүйіспеншілік сезімін жақсы түсініп, бірнеше мыңдаған қазақтардың ата-баба жұртына қайтып оралуына түрткі болды. Ол көрші өлкелер мен республикалардағы қа­зақ­тарды елге қайтару жұмысын бас­қа­рып жүрген Сейітқали Меңдешев, Ұзақбай Құ­лым­бетов, Жанайдар Сәдуақасов және бас­қа да өкілдермен үнемі хабарласып, бос­қын­дардың малымен қайтуына кедергі жа­самауға қол жеткізуді талмай сұрады. Он­дағы ойы қоныс аударғандарды елге келген кезде бірден шаруашылық ағы­мына қосып, уақыт өткізбей олардың аяқ­тарына тұрып кетуіне қол жеткізу болатын. Әрине, өлке­дегі жаппай босқын­шылықты тоқта­ту­ға бағыт­талған саясат барысында кейбір келең­сіз жағдайлар да болды. Атап көр­сетсек, көптеген қазақ бауырымыз қоныс ауда­рып барған жағы­нан туған жерге жете алмай, арманда қалды. Бұған сол кезде адамдар тағды­рына немкетті қара­ған, бір­те-бірте күш алып, нығая бастаған әкімшіл-әміршіл жүйенің бюро­краттық басқару әдісі кінәлі еді.
Өлкедегі мал шаруашылығының да­муын­да оңды құбылыстардың көп болған­дығына қарамастан, Голощекин тұсында болған асыра сілтеуден, одан туған сал­дардың бәрінен тез айығып кету қиын еді. Бұлай дейтініміз, озат малшылардың екі слеті аралығындағы үш жылда (1933-1936 жж.) Қазақстандағы мал басы екі есе арт­­тырылып, 9 млн 300 мыңға жеткен еді. Соң­ғы слетта Л.И.Мирзоян қолда бар мүм­кіндіктерді талдай отырып, алға нақты, ірі міндеттер қойып, мал басын 20 миллионға жеткізуді басты мақсат етіп қойды. Алайда жоспарланған осы көр­сет­кіштің өзі ұжым­дас­тыруға дейін жалпақ қазақ даласында мыңғырған малдың жартысы ғана еді.
1937 жылғы маусымда өткен Қазақ­стан компартиясының І съезінде Л.Мир­зоян Қазақстандағы мал басы өсімінің КСРО-ның басқа республикаларымен және өл­келерімен салыстырғанда ерекше жоға­ры дәрежеде дамып келе жатқан­дығын мақтанышпен баяндады. Шынды­ғында, алдыңғы жылмен (1935 ж.) са­лыс­тыр­ғанда 1936 жылғы өсім: мүйізді ірі қара бойынша КСРО-да – 14,8 пайыз, Қа­зақ КСР-да – 23,5 пайыз, қой мен ешкі КСРО-да – 20,1 пайыз, Қазақ КСР-да – 27,5 пайыз, жылқы КСРО-да – 4,7 пайыз, Қазақ КСР-да – 16,7 пайыз, шошқа КСРО-да – 34,8 пайыз, Қазақ КСР-да 40 пайыз болды.
(Казахская ССР (Факты и цифры) «Большевик Казахстана», 1937, №3, с. 84)
Нәтижесінде колхозшылардың әрбір 100 шаруашылығына 1933 жылы 460 бас­тан мал келсе, 1934 жылы – 545 бас, 1935 жылы – 758 бас, ал 1936 жылы 1018 бастан мал тиді.
(Мирзоян Л. Казахстан – союзная республика. «Большевик Казахстана», 1937, №4, с. 26)
Міне, осылайша, республика басшы органдарының Л.И.Мирзоян жетек­ші­лі­гімен өлкедегі күйзелген ауыл шаруашы­лығының, оның ішінде мал шаруашы­лы­ғының ауыртпалықтардан арылуына игі ықпал жасағандығын көреміз.
Көп қайғы-мұң көрген қазақ даласына өмір қайта орала бастады. 30- жыл­дардың басындағы орасан зор көлемдегі қайта құрулар шаруалардың тұрмысына үлкен өзгерістер енгізді. Адамдар оты­рық­шылық өмірге бейімделді: қалалық киімдерді кие бастады, патефондар, велосипедтер, эл­ектр жарығы, радио әдет­тегі үйреншікті нәрсеге айналды. Қазақ­тар үйді мықты да ыңғайлы етіп сала бастады, ішін әлі де қазақтың киіз үйінің дәстүрлі үлгісіне тән тәртіппен безендіретін болды.
Қазақстанда әр жылдары қызмет істе­ген басшылардың бәрінен Левон Мирзоян өзінің жан-жақты біліктілігімен, іскер­лі­гімен ерекшеленді. Ол халық шаруашы­лығының барлық саласындағы жұмыста мол тәжірибелі қызметкер болатын. Мә­де­ни, партиялық, бұқаралық, саяси-тәр­бие­лік жұмыстардың әдістері мен тәсіл­дерін жетік меңгерген ұйымдастырушы да бола­тын. Аз ғана уақыт аралығында Қа­зақстан большевиктері Мирзоянның ақыл­ды бас­шы­лығымен асу бермеген қиындықтарды жеңе білді.
Өлкелік партия комитетінің бірінші хат­шы­сы әрдайым халықтың қалың ортасында болды: астық үшін, ауыл шаруа­шы­лығын көтеру үшін, мәдениетті дамыту үшін нұс­қау­лар берді. Балалардың бола­шағына көп алаңдады: балабақ­шалар, мектептер, ем­ханалар салдырды. Қазақ­тарды ком­байн, мәшине жүргізуге үйретті, оқыт­ты. Адамдарды қалай тәр­бие­леуге, қайта өзгер­туге болатынын көрсете білді.
Ол адамдардың еңсесін көтеруге, үмітін үкілеп, сенімін оятуға шебер еді. Жанатын жүрекке от беретін, шабытқа ша­быт қосып, намысқа қамшы баса біле­тін. Адамның қолынан бәрі де келетінін айтып, сендіруге бесаспап еді. Оның ны­санаға дөп тиетін, жүректерге жететін емен-жарқын әңгіме­сінен кейін-ақ адамдар білек сыбанып, жең түріп, арқалары қозып, жұмысқа тың жігермен кірісетін, тір­шілік жанданып, қызу еңбек басталатын.
Левон Исаевич үшін үнемі алға қарай ұмтылу тән еді. Ол мамандардың бастама­шылдығын, саналы түрдегі тәртіптілігін бағалады. Олардан қашанда қызмет ба­бын­да шындықты айтуды, әркімнен өзі басқаратын буындағы істің нақты жағда­йын жасырмауды талап ететін. Оның ха­лықтың алдында сөйлеген сөздері адал­ды­ғымен және тікелігімен, өткір саяси түй­сігімен, жалпы саяси мәселелерді бастан өткеріліп жатқан сәттің тәжірибелік міндеттерімен үйлесімді өре білуімен ерекшеленетін. Ол адамдардың көңіліне ұлы сенім мен жарқын үміт ұялатты. Оның бір мезгілде республикамыздың дамуының экономикалық әлеуметтік, мәдени салала­рындағы мәселе­ле­рімен қатар айналысып, көптеген маңыз­ды жұ­мыс бағыт­тарын ат­қаруға қабілет­тілігі еріксіз құрмет сезі­мін туындатады.

Тілеу КӨЛБАЕВ, тарих ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі