Жалпыұлттық аза тұту шаралары тұжырымдамасы қажет пе?

30 мамыр 2012, 13:10


Ғарифолла ЕСІМ, Сенат депутаты:
– Жалпы, ашаршы­лықтың түптамы­ры­на үңілу керек. Ол неден шықты? Бұл – Карл Маркс­тың «жекеменшікті құрту ке­рек» деген идеясынан туған «төң­ке­ріс». Сондай мем­лекет құруды Ленин іс­ке асырды. Мінеки, соның нәтижесінде КСРО аумағындағы барша халық аштық­қа ұшырады. Сондықтан аштықтың түбірі – социализм. Басқа қадамдарға бармас бұрын біз осы шындықты түсініп, со­ған баға беруіміз керек. Бұдан бөлек, аш­тық­ты тар түсіністікпен қарамау керек. Өйт­кені 1920-30 жылдармен ғана шек­телген жоқ, ол 70-жылдарға де­йін болып келді. Сондықтан да мен ең ал­ды­мен со­циалистік санадан құтылу қажет­тігін алға қоятын едім. 31 мамырда жа­зық­сыз құрбандарды ел болып еске алып, ме­шіттерде құран бағышталуы керек. Жиындар өтуі, жастармен тарихи сана­ны жаңғырту жұмыстары жасалуы шарт. Бірақ бұл – «ұлттық» емес, «елдік» жұмыс. Сондықтан да Қазақ елінің аза тұта­тын күні тиісті шаралар ескеріліп жатыр.


Бүркітбай АЯҒАН, Мемлекет тарихы институтының директоры:
– Жалпы, осы күнге дейін бұрынғы от­арлау саясатының зардаптарына бір­қатар елдер бағасын беріп жатыр. Бұған Украинаны мысалға алсақ та жеткілікті. Ал біздің ғалымдардың арасында айтылатын ойға келсек, Қазақстанда Тәуелсіздік жыл­дарының басында осы бағытта Парламентте арнайы комиссия жұмыс істеген еді. Сол комиссия көп шаруа тындырды. Алайда әлгі комиссия өз жұмысын аяғына дейін жеткізген жоқ, бастаған керемет шаруалары сол күйі аяқталмай қалды. Ендеше, сол комиссияны қайта құрып, оны аяғына дейін жеткізсек екен. Ал аза тұту рәсімдері не болмаса жалпыұлттық аза тұту шараларына келсек, мұның қандай іс-шарамен қамтылуы тиістігін бірден айта қою қиын. Дегенмен мемлекеттік деңгейде билік тарапынан белгілі бір дәрежелі деңгейге көтеретін мәселе екендігі рас. Мұнда да шетелдердегі тәжірибелерге көз жүгірткен орынды.


Сабыр ҚАСЫМОВ, саясаттанушы, заң ғылымының докторы:
– Қазақтың басынан өткен ашаршы­лық – адамзаттың тарихында болмаған реп­рессияның бір түрі. Өйткені мен бі­ле­тін тарихта бүтіндей ұлт санының тең жартысына жуығын жалмаған мұнша­лықты зұлматты трагедия орын алмаған, мейлі соғыс, мейлі апат болсын. Ендеше, ол күн мемлекет тарапынан ескерілуі керек. Мұны Ұлттық аза тұту күні немесе Қаралы күн, Ұлт трагедиясы күні деп жариялаймыз ба, әйтеуір, соны жасауға тиіспіз. Олай болатын себебі – мұндай қасі­ретті кезеңді ескермей, апатты тағ­дыр­ды халық ойламай, оны сана-сезімінен өткізбей Тәуелсіздікке баға бере ал­майды. Оның үстіне, ашаршылық бір­не­ше ғасыр бұрын емес, осыдан 80 жыл бұрын ғана орын алды. Екіншіден, ев­рейлер де, армяндар да, жапондар да ешкімнің көңіліне қарамастан, ешкімнің де көңіліне қаяу салмастан өздерінің ұлт­тық аза күндерін белгіледі, өздерінің жазықсыздан-жазықсыз құрбан болған­дарына осылайша ілтипатын, ниетін біл­діріп, боздақтарының рухына тағзым жа­сайды. Ал бізге не кедергі?

Сол үшін мемлекет тарапынан ресми шаралар тізбегі бекітілсе. Жыл сайын дәс­түрлі түрде ұлттың қайғылы қасіретін еске алудың күні ғана емес, сағатына шейін белгіленсе игі. Соған сай желбіреген Тулар түсіріліп, бір сәт қаралы музыка ойналса барлық жерде. Алдымен осындай мәселе қамтылса, кейіннен ұлттық тұжырымдамалар сол трагедияға арналып жасалса деп ойлаймын. Не болса да жарты халық қырылған бұл күн ескерусіз қалмауы керек. Біз өз құндылығымызды осылай ғана бағалай аламыз.