Жаралы жылдар жыры

31 мамыр 2012, 12:37

Не көрмеген, бәрін көрген азаптың,
Сол болды ғой сорақысы мазақтың.
Сардалаға ақ сүйегі шашылып,
Ит мүжіді алтын басын қазақтың!

Бауырына басу үшін даласын
Қынадай ғып қырды қазақ баласын.
Тең жарымы жер бетінен жоқ болған
Кімге айтады момын халық наласын?

Қиянатпен қолдан жасап аштықты,
Қалың елдің көмейіне тас тықты.
Елін жойып, жерін басып алатын
Кім болжаған мұндай сұмдық қастықты?!

Аштық жалмап небір жайсаң, нар ұлын,
Таппай қалдық боздақтардың қабірін.
Қадірлеуге, аялауға міндетті
Бүгінгі ұрпақ тоқшылықтың қадірін!

Жойылмады Алаш елі алайда,
Аман қалып, үлгі болды талайға.
Елбасымыз күні-түні толғанды,
Қазақ елін ел қылам деп қалай да.

Қазақ елі, Қазақстан, Қазағым,
Сенің ұлы тарихыңды жазамын.
Аштықтағы Алашымның азабын
Ескерткіш қып мәңгілікке қалдырған
Азат елге арналады ғазалым!!!

Бақытбек СМАҒҰЛ, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы, «Нұр Отан» ХДП мүшесі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі