Қуғын-сүргін судьяларды да айналып өтпеді...

30 мамыр 2012, 12:42

1937 жылғы партиялық «тазалау», боль­шевик­тік саясатқа «қайшы» атаулыны жаппай жазалау сот жүйесін де айналып өтпеген. «Кеңестік құрылысқа қарсы үгіт-насихат» аса қауіпті мемлекеттік қылмыс ретінде қаралып, Кеңестер Одағының аумағындағы бірыңғай қолданыстағы РКСФР Қылмыстық кодексінің 58-бабы 10-ыншы және 14-тармағына сәйкес жаза қолданылып отырылған.
Батыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы болған Тәтиқо­жа Қожасовтың 1938 жылғы 20 қаңтардағы №1а бұйрығында мынадай жолдар бар:
– ҚКСР Әділет Халық Комиссариатының  1938 жылғы 3 қаңтардағы  №2 бұйрығын, БКП (б) Орталық Комитетінің ақпан – наурыз Пленумының шешімдерін басшылыққа ала отырып және ХАЛЫҚТАР КӨСЕМІ СТАЛИННІҢ (бұйрықта осылай ерекшелеп жазған) нұсқаулары біздің Батыс Қазақстан облысы­ның сот қызметіне тұтастай және толық қатысы бар екендігін назарларыңызға беремін.
Жекелеген жолдастардың саяси қамсыздығы, қараңғы­лығы, большевиктік қырағылығының осалдығы Батыс Қазақс­тан облыстық сотының  бұрынғы төрағасы болған Кириенко, Минин,  халық судьялары:  Хайруллин, Масақбаев, Маеми­ров, Құбаев, Сержанов сияқты халық жауларының, оларды  қорғаштаушы­лар­дың және мүдделестерінің арамызға кіріп кетуі, әсіресе қазақ­тарды (!) басшылық жұмысқа тартып, жылжытып отыруы – кешірілмес қателік. Халық жаулары сот­тар­ды  қоғам белсен­діле­рінен ажыратып, халық соттарының  облыс халқының алдында  есеп беру нау­қан­дарын әдейі  өт­кіз­бей тастады. Сондай-ақ ең­бек­шілердің арыз-шағымдарын қарамады. Контрреволюциялық іріткі салатын істерді қорғаштап, істерді қарауды жүйелі түрде созбалаушылыққа салды. Сөйтіп, кеңестік заңдарды өрескел бұрмалады».
 Бұйрық мәтінін тарихи ақиқатқа назар аударту үшін келтіріп отырмыз. Әйтпесе осы бұйрық – тарихи шындықққа берілген үзілді-кесілді баға емес. Биік лауазым тұғырында отырғандардың қас-қағым сәтте «халық жауы» болып шыға келуінде қандай мәніс болуы мүмкін? Бұйрықта есімдері аталған сот басшылары мен қызметкерлерінің көпшілігі кезінде жазықсыз жазаланып кеткен жандар.
Бұл жылдарда бұрын сотта жұмыс жасап, НКВД-ның назарына іліккен әріптестеріне бар жаланы жауып, алқалы жиындарда қаралау кең етек алыпты. Мәселен, шыңғырлаулық судья Имашев әділет қызметкерлерінің облыстық жиынында өз жұмысы туралы есеп бере келе, істер мен арыз-шағымдардың ұзақ уақыт қаралмай қордаланып қалуының негізгі себебін өзінен бұрын судья болған «халық жауы» Сүйегеновтен көреді.
Қамбар НҰРЫШЕВ, Батыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы:
  – Біз сол бір аласапыран жылдардағы құжаттарға сүйене отырып, жазықсыз жазаланған бірқатар батысқа­зақстандық судьялардың аты-жөнін анықтадық. Олар: Батыс Қазақстан облыстық сотының 1936-1937 жылдар­дағы төрағасы И.Кириенко, Маңғыстау ауданының халық судьясы Нығмет Хайруллин, Талов ауданының халық судья­сы Бисенғали Масақбаев, Теңіз ауданының халық судьясы Молдағали Маемиров, Тайпақ ауданының халық судьясы Құсайын Құбаев, Жымпиты ауданының халық судьясы Ғизат Сержанов, Шыңғырлау ауданының халық судьясы Қарабас Сүйегенов, Теректі ауданының халық судьясы Темірғали Дүйсенәлиев болғандығы мәлім болып отыр. Алайда ҚР ҰҚК БҚО бойынша департаментінің мұрағат қорынан Теректі ауданының халық судьясы Т.Дүйсе­нәлиев пен Шыңғырлау ауданының халық судьясы Қ.Сүйегеновтің істерінен басқаларынікі табылмады. Бұл екі судьяның әрекеттерінде қылмыс құрамы болмағасын істері кейін қысқартылған.

Темірғали Дүйсенәлиев – Кеңес үкіметінің алғашқы жыл­да­рында ауылдық кеңес хатшылығынан аудандық атқару коми­тетінің төрағалығына, одан соттың төрағалығына дейін өрлейді. Ұлт зиялыларын түп-тамырымен жалмаған «отыз жетінің» зауалында Теректі ауданының халық судьясы болып жұмыс жасап жүрген  Темірғали «қара тізімге» ілігіп, үстінен қылмыстық іс көтеріледі. Сөйтіп, Қиыр Шығыста айдалып жүрген жерінен тиісті органдарға өзінің жазықсыздығын сауатты жазып, ақыры кінәсіз екендігін дәлелдеп, елге аман-есен оралады. Өз құқығын заңмен қорғаудың мүмкіндігін таба білген азаматқа «үндеместердің» де тісі батпайды. Елге оралғасын Теректі ауданындағы «КИМ» колхозына төраға болады.
Тайпақ ауданының №5 ауылының тумасы, 1907 жылы дүние­ге келген Қарабас Сүйегенов Шыңғырлау ауданының судьясы болып жүріп, Кеңес үкіметіне қарсы ұйымға қатысып, қоғам малын ұрлағандар мен жойып жібергендердің істерін созбалаңға салды деген желеумен партиядан шығарылып, жұмыстан босатылған және қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Ісі Ба­тыс Қазақстан облыстық сотының арнаулы алқасының төрағасы П. Юшковтың төрағалық етуімен 1938 жылғы 25 шілдеде қара­лып,  Қылмыстық кодекстің 58-бабы 2, 7, 11-тармағы бойынша айыпталып, 25 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілген. Алайда Қ.Сүйегеновтің КСРО Бас прокурорына жазған шағымына сәйкес, ісі қайта тергеліп, қылмыс дәлел­ден­бегеннен кейін, 1939 жылы 11 қазанда тергеу амалдары уақытша  тоқта­тыл­ған. Дей тұрғанмен 1938 жылы шілдеде сотталып, тамыз айында Қиыр Шығысқа айдаумен жөнелтілген азаматтың бұдан кейінгі тағдыры жөнінде еш дерек жоқ.