Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Құпия құжаттар толық зерделенбей, зұлмат шындығы ашылмайды

30 мамыр 2012, 13:28

Ұлт азаттығы үшін күрескен ұлы тұлғаларымыз бен зұлмат жылдар турасында айтылмаған, жазылмаған дүние баршылық. Алаш тақырыбының кейбір тұстары зерттеушілердің өзіне әлі күнге беймәлім күйінде қалып отыр. Өте құпия түрде жүзеге асырылған жазықсыз жазалау үдерісінің қатпарларын зерделеуге Ұлттық қауіпсіздік комитеті мұрағатынан дерек-дәйек алудың қиындығы кедергі келтіруде.
Алаштанушы Тұрсын Жұртбайдың айтуын­ша, Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік коми­тетінің мұрағаттары зерттеушілер үшін әлі толық айқара ашылған жоқ. «Бір кездегі Орталық комитеттің хаттары, теле­грам­ма­лары түбегейлі зерттелмей, саяси реп­рес­сия, аштық туралы әңгіме қозғау мүмкін емес. Мемлекет ішіндегі жағдайды ба­қы­лап отыратын жергілікті жердегі арнайы ме­кемелердің жоғары жаққа жолдаған мәлімдемелері бірден-бір сенімді құжат болып табылады. Республикалық ішкі істер бөлімінің Одаққа жіберген мәліметтері ба­рын­ша шындыққа жақын. Қауіпсіздік коми­тетінің де мәліметтері аудандық, облыстық, өлкелік, республикалық партия комитеттерінің мәліметтерімен салыстыра оты­рып берілсе, мүмкіндігінше шындыққа жа­қын тұжырым шығады. Осы  құжаттардың басы бір жерге тоғысқанда ғана «ашар­шылық кездейсоқ болды ма, ауа райының қолайсыздығынан туындады ма, әлде қолдан қасақана жасалды ма» де­ген сауалдарға жауап аламыз. 1921-22 жы­л­дар мен 19931-32 жылдардағы ашар­шы­лық комитетінің мағлұматтарын салыс­тыру қажет. Өкінішке қарай, бұл тарапта баспасөзде ешқандай мағлұмат жазыл­ма­ған. 1926, 1939, 1949 жылдардағы санақ­тың мәліметтеріне көз сүзіп, қателіктердің себептері мен құрбандардың санын анық­тауға болады деп ойлаймын. Соғыстан кейін­гі санақта қазақтардың саны 1 мил­лион­ға жетпей қалған. Ал 1913 жылғы санақта қазақтар 6 870 000 шамасында еді. 370 мың адам Отан соғысында опат болды делінеді. Кейінгі санақта тіркелген қазақтар мен майдан даласында шейіт болғандарды 1913 жылғы санақ нәти­же­сі­нен шегергенде, ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарының есебі шығатын тәріз­ді. Бірақ нақты дәйектерді құпия мұра­ғат­тар ғана береді», – дейді алаштанушы ғалым.
Өмірін мұрағаттық деректерді дәйек­теуге арнаған, үнемі ізденіс үстінде жүретін тарихшы Болатбек Нәсенов те бірнеше жыл Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұра­ға­тына кіре алмай сарсаңға түскенін әңгі­ме­леп берді. «Комитет төрағасының атына үш жыл бойы хат жаздым. Ол мүлде илік­педі. Есесіне, оның бірінші орынбасары ал­ты айдан кейін маған мұрағатқа кіруге әрең дегенде рұқсат берді. Жақында тағы барып едім, ондағылар «бұдан былай мұрағатқа кіруге ешқандай рұқсат беріл­мей­ді» деп үзілді-кесілді жауап қайырды. Әйгілі Нұрмақовтың жиындардағы сөзі, Рысқұловтың мәлімдемелері тағы басқа ресми хаттамалар мен мәлімдемелер зерттеушілердің қолына түспей тұр», – дейді тарихшы.
Тұрсын ЖҰРТБАЙ, алаштанушы:
– Сонау түркі дәуірі, Шыңғыс хан заманы, кейінгі Қазақ хандығын айт­па­ған­да, күні кеше қазақты қисапсыз қыр­ғынға ұшыратқан қуғын-сүргін мен ашар­шылықтың ақиқатын аршып алу оңайға соқпай отыр. Осы бағытта бел­гі­лі бір нәтижеге қол жеткізу үшін ар­найы мемлекеттік комиссия құрылып, оларға құпия мұрағаттар есігі толықтай ашылуы тиіс. Одан кейін ашық, бүкпесіз салыстырмалық жұмыстар жүргізіліп, қо­рытындылар шығарылуы керек.