Мәжілісте аштықтың сұмдығы мен шындығы айтылды

30 мамыр 2012, 13:36

Кеше Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің ұйымдастыруымен Қазақстандағы жаппай ашаршылыққа 80 жыл толуына байланысты зұлмат құрбандарын еске түсіруге арналған шара болып өтті. Жиын барысында қазақ тарихының ең ауыр парақтарына тағы бір көз жүгіртіп, сөз сөйлеген шешендер әңгімелерін сұмдық фактілермен өрді. Алапат аштықтың тарихтағы орны, зұлматтың себеп-салдары туралы айтылды.
Жиынды ашқан депутат Алдан Смайыл: «Көрген қорлық, шеккен бейнет, азынаған азап­тың ащылығы мен құрбандығының көп­тігі жағынан тарихтағы барлық сұра­пыл­дардан асып түсті», – дейді. Оның ай­туын­ша, жойқын қатыгездік халықты қан қақсатып, ұлтты түп-тұқиянымен жұ­тып қою қатері тұрды. Ең ақыры қазақты ұлт ретін­де жоқ қылу жоспары біртіндеп өріліп, депутаттың сөзімен айтсақ, «кейбір коммунист көсемсымақтардың өзі соны мақсат тұтқан». Алаш ардақтысы Мұстафа Шоқай «Туркестан под властью Советов» деген еңбегінде Жетісу қазақтарының аш­тан қырыла бастағанын, большевиктердің оларға қол ұшын берудің орнына, мұны қа­лағанын айта келіп, қызылдар бас­шы­сының бірі Тоболин дегеннің сөзін кел­ті­реді. «Қазақтар – экономикалық жағынан әлсіз халық, сондықтан түбінде құрып ке­ту­ге тиіс, оларға көмек көрсетудің ор­ны­на қолда бар азықты майданға жөнелту ке­рек» депті әлгі. Бұдан өткен қандай жауыз­дық болуы мүмкін», – дейді жиын бары­сын­да бас баяндаманы жасаған депутат Алдан Зейноллаұлы. Сонымен қатар аш­тық­тың себеп-салдарына тоқтала келе, де­путат сонау жылдарға үреймен көз жү­гірт­кен шетелдік тарихшылардың бір­сыпыра фактілерін келтірді. Мәселен, канадалық тарихшы Р.Прис «коллективтендіру ба­ры­сында қолданылған зорлық пен оты­рық­шыл­дандыру ашаршылыққа әкеліп, 1 мил­лион­нан астам қазақтың қырылғанын айтқан. «Біз­дің ойымызша, Р.Пирс 1921-1922 жыл­дардағы ашаршылық туралы ай­тып отыр. Дәл осы тұстағы қырғын жай­лы мәлі­мет бізде әлі тапшы. Ұлттық эн­ци­кло­пе­дия­ның өзінде жүгіртіле айтылады», – дей келе, депутат Алдан Смайыл 1917 жылғы халық санағының мәліметтеріне сүйеніп, болжам жасады. «Санақ қоры­тын­дысында Ұлы жүз – 1млн 170 мың адам, Орта жүз – 2 млн 80 мың адам, Кіші жүз – 1 млн 790 мың адам, сөйтіп, үш жүз­ді қосқанда 4 млн 980 мың халық болып шығады. Егер қазақ­­тардың балаларды санақтан жасы­рып қалуға тырысатынын, елдің есебін алу­шылар шалғайға бармауы әбден мүм­кін екендігін ескерсек, 1917 жылы ата­ме­кенінде кемінде 5 млн қазақ болды деп толық айтуға негіз бар. Ал соның 30 пайызы, яки 1 млн 500 мың адам 1921-1922 жылдардағы аштықта қаза болған бо­лып шығады», – деп қоры­та­ды депутат. Ра­сында, көптеген деректе ХХ ғасыр басында қазақ саны 6 миллион­нан ас­қаны туралы мәлімет баршылық. Бас­қасын былай қойғанда, Ахмет Бай­тұр­сынұлының «Әлхамдилла, 6 млн қазақ бармыз!» деп айтатыны да осы кезең.
Ал сол 6 млн қазақты биліктегілердің қол­дан ұйымдастырған алапат аштығы қоға­дай қырды, қалғанын тентіретіп жібер­ді. Алдымен елдің батысынан бастау алған ашаршылық кейіннен бүкіл қазақ даласын шарпыды. «Егер 1917 жылы елімізде 5 млн қазақ болса (сол кездің өзін­дегі Қытайда, Бұқарада, Ауғанстанда, Хорезмде жүрген сырттағы қазақтарды қоспағанда – авт.), оның 1 500 мыңы 1921-1922 жылдары қырылса, тірі қал­ға­ны 3 млн 500 мыңға та­қайды. Мұның өзі – ойдан алынған көр­сет­кіш. Ал 1932 жылдан кейінгі алапаттан соң, 1939 жылғы санақ­тың мүлдем қисынсыз екенін дәлелдеу қиын емес», – дейді Алдан Зейноллаұлы. Де­путаттың пайымынша, 1932 жылғы аштық­та алғашқы зұлматтан әупіріммен сау қалған 3,5 млн қазақтың тең жарымы апат болды. «Ендеше, 1939 жылы 1 млн 750 мың ғана қазақ жер басып жүрді. Осын­дай көп деректен соң әр жыл­дар­дағы аштықтың барша құрбандарын есеп­теп көрсек, қазақ халқы тура 3 млн 250 мың адамынан айырылған», – дейді ол. Бұл ғана емес, энциклопедияның аштық құр­бандары туралы мәліметіне көз жүгірт­кен Алдан Смайыл онда 1930-1932 жыл­да­р­дағы адам шығыны 2 млн 200 мың адам­нан асып түскендігі көрсетілгеніне тоқталды. «Енді осы энциклопедиядағы 2 млн 200 мыңға 1921-22 жылдардағы зұл­маттың 1 млн 500 мың боздағын қос­саңыз, анау-мынау емес, 3 млн 700 мың адам шығады. Сонымен, «жыртқыш жыл­дар­дың» адам шығыны 3 млн 200 мың немесе 3 млн 700 мың адам болып шы­ға­ды» деген қоры­тындымен түйіндеді өз сөзін депутат.
Мәжілістегі шара барысында жаралы жыл­дардың шындығына сөз беріліп, ғалым-тарихшылар ашаршылық мәсе­ле­сіне жаңа көзқарастың керектігін айтты. Та­ғылымға құрметпен жүгіну керектігіне мән берілді. Мәселен, Әлеуметтік мәдени даму комитетінің төрайымы, депутат Дари­ға Назарбаева ашаршылық нәубеті қазақ халқының сан ғасырлық тарихында өте ауыр, аса азапты кезең болғанын айтты. Мұн­дай тарихтың ақтаңдақтары еш ұмытыл­мауы тиістігін ескертті.
Жабал ЕРҒАЛИЕВ, сенатор:
– Кеңес Одағының қаралы да қасі­рет­ті, тіпті қылмысты беттерін қайыра ақтара отырып, соның бәріне баға беру үшін біз де сан түрлі пікірлер жетегінде кетіп қалып жүрміз. Өйткені әркімнің іздегені – бір шындық. Алайда онда мы­на­д­ай шындық та бар: біреулер кеңес өкіметі мен сол саясаттың сойы­лы­нан қансырап қалды, ажал құшты. Ал енді біреулер сол кеңес өкіметінен өз­дерінің бақытын таппады ма? Ен­деше, өткен­ді тану тарихты пайымдап, оған әділ баға беру үлкен парасаттылық пен жауапкершілікті талап етеді.

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ, филология ғылы­мы­ның докторы:
– 1932 жылғы ашаршылық неге, не­ден пайда болды? Бұл сұраққа жауап жал­ғыз: 3 миллионнан астам қазақты қыр­ғынға ұшыратқан ашаршылықтың болу себебі биліктің кінәсінен. Осы­ған бай­ланысты Әлихан Бөкейханның бір сөзі еске түседі. 20-жылдардан бас­тап Мәскеуде үйқамақта отырған Әлихан Бөкейхан бір жолы Сталиннің қабыл­дауын­да болды. Сонда Сталин Әлихан­нан «қазақтардың арасындағы ком­му­нис­тердің жағдайы қалай»  деп сұрап­ты. Сонда Әлекең: «Біздің шығыс­та Қожанасыр әпенде бар. Сол айтады екен: менде бір таға бар, енді керегі үш таға мен бір есек» деп. Біздің ком­­му­нис­тердің шарасыздығы – осын­дай», – деп жауап берген екен. Расында, сол жыл­да­ры биліктегілердің шара­сыз­ды­ғынан қазақ халқы көп қырғынға ұшы­рады.

Жиын соңынан қатысушылар «Нұр Аста­на» мешітіне барып, ашаршылық боз­дақ­тарына арнап құрбандық шалды, жа­зық­сыз өмірден өткендердің рухына құран ба­ғыштады.