Сағыныштан сарғайды алыстағы ағайын...

30 мамыр 2012, 13:00

Тағдырдың небір тепері­шін басынан өткізген қазақ тарихы – ең шерлі тарих. Қолдан жасалған сол қиянат­тардың зардабын халқымыз әлі де тартудай-ақ тартып келеді. Атажұрттағы қазақ өз жерінде аздың күйін кешіп, тілін, танымын, дәстүрін төрге оздыра алмай жаутаңдаса, кезінде төрткіл дүниеге тары­дай шашылған қандас­тарымыз елге деген сарытап сағынышқа шомып, ертеңгі күнінің қалай боларына дүдәмал күйде күн кешуде.
Ресми деректерге жүгінсек, 1921-1954 жылдар аралығында Қазақстанда 103 мың адам саяси қуғын-сүргінге ұшы­раған, 25 мың адам ату жазасына кесілген. 1930-1933 жылғы ашаршылықта 2 млн 200 мың адам қырылып, 1 млн-нан астам адам Қытай, Моңғолия, Ирак, Ау­ғанс­тан сияқты басқа елдерге босып кет­кен.
Қызыл террордың тепкісімен елінен, жерінен ауа көшкен қазақтың шетте де ше­кесі шылқымаған. Үркіп барған жұртқа сау­сағын безеп,  кемсітуге, төмендетуге ты­рыс­қан жергілікті халық зорлық-зомбылық көрсетуден тайынбаған. Көзкөргендердің айтуынша, мысалы, Қытай жеріне Алматы облысының Қорғас, Қалжат өңірлерінен өткен қандастарымызды сібелер мен дүн­гендер, Нарынқол аймағынан барғандарды қалмақтар аяусыз тонап, мал-мүліктері мен киім-кешектеріне дейін тартып алып отырған. 
Ашаршылық нәубеті белгілі жазушы Смағұл Елубайдың тағдырына да тікелей қатысты. Ол кісі өз ата-анасының дүрбелең кезінде Ақтөбенің Байғанин ауданынан үстірт арқылы Қарақалпақстанға, одан әрі Түрікменстанға ыққанын айтады. 1928-1933 жылдары сол бір ғана аймақтан 40 мың үй үдере көшкен екен. Және сол дала күні бүгінге дейін қаңырап бос жатқан көрінеді. Әке-шешесінің көрген қиындық­тарын бала кезінен естіп өскен Смағұл аға 1936-1940 жылдар арасында Түрікмен­станда қазақтардың көтерілісі болғанын айтады. Ашаршылық жылдарында Қа­зақстаннан ауып барған қазақтардың ара­сында адамның етін жегендері болса керек. Соны түрікмендер біліп алып, «адамның етін жеген қазақ» деп бетіне басқан, соған қорланған қазақтар үкіметке мәлімдеме жасаған. Сосын барып партия нұсқау беріп, әлгіндей кемсіту тоқтатылып­ты.
Қызыл империяның қыспағымен Шығыс Түркістанға жер ауған жұрттың бел баласы, жазушы Уақап Қыдырханұлы да сол бір зобалаң жылдарды: «Туған жердің тал бесігі бұйырмай, жөргегімде жер ауып, анамның құшағында арғы бетке асып кетіппін. Бесігім бебеу күймен тербетілді. Отансыздықтың отына ерте күйдік», – деп еске алады. Балалығы мен жастығын арғы беттегі аласапырандар арасында қалды­рып, 1955 жылы өмірін туған жерінде қайта бастаған танымал тұлға араға талай жылдар салып, ата-анасының бейітіне зиярат етуге барған екен. Жазушының сол сәтті сипаттай отырып: «Қара Ертістің жаға­сында, қара жардың үстінде бала кезде ішіне түсіп, қуыс-бұрыштарына жасырын­бақ ойнап жүретін ұра-жыралар болушы еді. Сол ұзын-ұзын орлардың едәуір терең сораптары әлі жатыр. Ол біздің әкелеріміз бен ағаларымыздың алғаш барғанда қа­зып, паналаған жеркепелері еді. Сол індер­ге суырша сүңгіп кіріп, сүйретіліп шығып жү­ріп, ел қатарына қосылып кетіпті. Таң­ғалдым. Қара жердің осы қыртысынан балалығымды қайта көргендей сезімде болдым», – деген сөздері де арғы бетке босқан жұрттың қиын да қатерлі тағдыры­нан сыр аңдатып тұрғандай.

Мұның бәрі – тарихқа айнал­ған шежірелер. Бүгінгі мәселе, әрине, өткеннің елесін қуу емес. Біздің ең үлкен мінде­тіміз – «Қайда барса да, Қорқыттың көріне» кезіккен және өмірден өтер-өткенше атажұртқа оралу­дан үмітін үзбеген қандастары­мыздың рухы алдындағы пары­зымызды өтеу, солардан қалған көздердің Отанына бет түзеген ұлы көшінің жоғын жоқтау, тілеуін тілеу...

Есте жүрер есті сөз
Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы:
– 1920-1930 жылдары халқымыз алапат ашаршылыққа, большевиктер тарапынан үлкен озбырлыққа ұшыра­ды. Сондықтан да атажұртын тастап, қашуға, көшуге мәжбүр болды. Шы­нын айтқан­да, ол «балапан басымен, тұрымтай тұсымен» кеткен заман бол­ды. Қазақ бір жағы – Ресейге, бір жағы – Қытайға, келе­сілері – Түрікменстан, Өзбекстан, содан ары қарай шұбы­рып, бүкіл әлемге шашылып кетті. Қа­зір дүниежүзінің 40-тан астам елінде сол босқындардың ұрпақтары тұрып жатыр. Егер де соларды қайтарып алуға мемлекет күш салмайтын болса, онда сырттағы 5 млн-ға жуық қа­зақ­тың жас ұрпағы бір жағы қытайланып, бір жағы орыстанып, өзбектеніп, тү­рік­теніп, сол бойы жергілікті халыққа сіңіп кетеді. Оларды алдағы 10-15 жылдың ішінде қайтармайтын бол­сақ, одан кейін «қайт» десең де, қайт­пайтын болады. Өйткені санасы, тілі, ұлттық дүниетаны­мы – бәрі өзгеріп кетеді.

Мен де сол елден қаша көшкен, Голощекин орнатқан зобалаңнан әзер құтылған ауылдың баласымын. Біздің ауыл Ауғанстан мен Түрікменстанның шекарасында отырды. Сол жерде жүр­генде әке-шешемізден «Қазақстан қай­да?» деп сұраушы едік. Сонда олар: «Анау қарауытып тұрған тауды көресің бе? Қазақстан сол Памирдің ар жағын­­да» дейтін. Сонда біз өзіміз ешқашан  көрмеген атажұрт – Қа­зақс­тан­ды са­ғын­­ғанда көз жасымыз мөл­тілдеп кете­тін еді. Мінеки, оралмандар  отаншыл­дығы осындай, ағайын. Босқын қа­­зақ­тар тура­лы осы пікірле­рім­ді Қа­зақстан халқы Ассамб­лея­сының 27 сәуір­де өткен сес­сия­сын­да Елбасы­ның алдында айттым.
Қазір Қазақстанда жұмыссыздық­қа, басқа да мәселелерге оралман­дарды кінәлайтын бір әдет пайда бол­ды. Бұл – үлкен әділетсіздік. Олар­ды тіп­ті «орал­ман» деп айтуға да бол­май­ды. Олар – азаматтығын алған адам­дар. Демек, олар да Қазақс­танның азаматтары. Жерімізді халық­пен тол­тыр­масақ, ол бізге мәңгілік бұйырмауы да мүмкін. Жай жатқан жер жау шақы­рады. Тәуел­сіз­діктің де, Қазақстан болашағының да тағдыры қазақтың санымен байланысты. Сон­дықтан орал­ман Қазақстан үкіметі­нің ең өзек­ті, үлкен басымдыққа ие мәселесі болуы керек. Бұл мәселемен айналыс­пау – Қазақстанның болаша­ғына нем­құрайды қарау деген сөз.