Саяси қуғын-сүргін зобалаңын зерттейтін арнайы ғылыми орталық құру керек пе?

30 мамыр 2012, 12:35

Жалпы, біздің елімізде саяси репрессия және ашаршылық құрбандарына қатысты мәселелер БАҚ құралдарында, тарихшы ғалымдардың ғылыми еңбектерінде аз жазылып жүрген жоқ. Дегенмен бұл күрделі тақырып бізде түбегейлі зерттелді деп ауыз толтырып айта алмаймыз. Тіпті мұны терең зерттеу ісі әлі қолға алынбаған десек те болады. Ал көрші Ресей мен Украинаға қарап отырсаңыз, олар мемлекеттік тапсырыс арқылы саяси қуғын-сүргін тарихына қатысты терең зерттеу жүргізіп, тіпті бұл зобалаңды зерттейтін арнайы мемлекеттік деңгейде ғылыми орталықтар құрған. Бізге де саяси қуғын-сүргін мен аштық құрбандарын егжей-тегжейлі зерттеу үшін ғылыми орталық құру қажет пе? Бұл жөнінде мамандар пікірі төмендегідей болды.


Болат САЙЛАН, тарих ғылымының докторы:
– Меніңше, ХХ ға­сыр­дағы қуғын-сүр­гін, аштық және басқа жал­пыұлттық трагедияны айғақтайтын тақы­рып­тар ар­найы мемлекеттік тапсырыс негізінде іргелі зерттеу объек­тісіне айналуға тиіс. Мемлекеттік-қо­ғам­дық бағдарлама не­гі­зінде жұмыс істейтін арнайы орта­лық немесе ғылыми топ құрылып, ол топ Парламент алдында есеп берсе, біраз шаруа атқарылған болар еді. Бұл төңіректе саяси репрессияны зерттеп, ол туралы көптеген еңбек жазған, тұжырым жасаған, кеңестік күйдіргі сая­саттың қаншама қазақты қалай қыр­ғынға ұшырат­қанын әшкерелеген ірі тарихшы ғалымдар ақыл­дасуы керек деп есептеймін. Мұны со­лардың пікірін ескере отырып шешуіміз қажет. Неге десеңіз, біздің тарихымыз әлі толық зерттеліп, жазылып біткен жоқ. Мен мұны қолда­й­мын.


Зира ТӨЛЕНОВА, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымының кандидаты:
–Бізге мұндай ғы­лы­ми орталық өте қа­жет. Кезінде белгілі тарихшы академик Манаш Қозыбаевтың бастамасымен арнайы мемлекеттік комиссия құрылып, жұмыс жүргізген болатын. Академиктің қоғам қайраткері ретінде атқарған сан-қыруар жұмыстарының бірі де осы қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға арналды. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Ке­ң­ес қаулысымен «Жаппай саяси қуғын-сүр­гін­дер құрбан­дарын ақтау туралы» комиссиясы құрылып, төрағалығына М.Қозыбаев, орынбасары болып Қ.Алдажұманов тағайын­далды. Алматыда саяси репрессия құрбанда­рына арналған тарихи мұражай ашылған болатын. Алайда 2005 жылы кейбір кісілердің араласуымен ол музей орна­ласқан ғимарат жекеменшікке сатылып кетті. Қазір Алматы қа­ла­сында саяси қуғын-сүргін және ашаршы­лық құрбандарына арналған ғылыми орталық қана емес, оларға лайықты мұражай да жоқ. Бұл елдігімізге сын емес пе? Сондықтан мұндай ғы­лыми орталық міндетті түрде ашылуы қажет.


Камал БҰРХАНОВ, Мәжіліс депутаты:
– Негізі, саяси репрессия мен ашар­шы­лық төңірегіндегі мәсе­лелер әлі то­лық зерттеліп біткен жоқ. Бірақ бүгінгі таңда бізде бір емес, екі тарих институты бар. Сондай-ақ әрбір университет­тің ішінде тарих факультеттері, кафедралары жұмыс істейді. Сон­дықтан бұл жерде тағы бір арнаулы ғылыми институт құрудың қажеттілігі жоқ деп есептеймін. Одан да университеттердің қарамағында арнайы осыған қатысты ғылыми орталық құрсақ дұрыс болатын секілді. Ал жаңа институт ашатын бол­сақ, оған қаншама қаражат кетеді, уақыт кетеді, оған кадр жинау керек, оның тірлігі көп. Ал онсыз да бар институттарымызда немесе университет қарамағындағы тарих факультеттерінде мұны ашсақ, ол әлдеқайда тиімді болады. Ол жерде онсыз да білік­ті кадрлар бар, жұмыстары жүйе­ленген, соншалықты шығын да шықпайды. Сон­дықтан осы жағына мән бер­геніміз жөн секілді. Одан да мемлекеттік ма­ңызы бар тапсырмаларды құрылып қо­йыл­ған институттарға орындатуымыз қажет.