Түркістандық рухы айқын тұлға

Түркістандық рухы айқын тұлға

Ерте үзілген балалық
Еліміздің көрнекті мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұлов қазіргі Алматы облысы, Тал­ғар ауданында 1894 жылы 26 желтоқ­санда дүниеге келген. Ресми деректер мен тарихи құжаттардың көпшілігінде осылай көрсетіліп жүргенімен, қайраткердің қызы Сәуле Рысқұлова әкесінің шын негізінде 1896 жылы туғанын айтады. Тұрмыс тауқы­метін жастайынан тартып, ерте есейген Тұрар кезінде екі жасын ұлғайтып жазғызып алған көрінеді.
Тұрардың әкесі Рысқұл Жылқайдарұлы кәнігі аңшы, шабандоз, көкпаршы адам болған. Отбасын асырау қамымен аңшылық жасап, өмірінің көп бөлігін тау-таста өт­кізген Рысқұл XIX ғасырдың 80-жылдары жергілікті билеушілердің озбырлығы сал­дарынан елден шеттеп, Сырдария облы­сының Черняев уезінен (қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданы) Жетісу өңіріне көшіп келген. Бірақ жаңа қонысында да көптеген әділетсіздікке душар болған. Осы жағдайды Тұрар өзінің бір еңбегінде: «Әкем жергілікті әкімдердің қорлығына шы­дай алмай, күншығыс Талғар болысының управителі Саймасай Үшкемпіровті атып өлтіреді», – деп баяндаған. Анасы сәби күнін­­­де қайтыс болып кеткен Тұрар әкесі істі болып, түрмеге жабылғанда небәрі 11 жас­­та екен. «Қанға – қан, жанға – жан» деп дүрліккен болыстың туыстары «ардақты адамымыздан айырған сұмның жалғыз ұлын бауыздап, кегімізді аламыз» деп, Тұрарды өлтірмекші болғанда, төңіректегі ел ара түсіп, әрең аман алып қалады. Мұны естіген Рысқұл түрме бастығы Приходькоға қайта-қайта өтініш айтып жатып, Тұрарды қасына алады. Әуелде түрменің ауласын сыпырған Тұрар артынан Приходьконың баласын күймемен гимназияға таситын болады. Күндіз осындай жұмыстарды ат­қарып, кешке әкесінің жанына келіп жатып жүреді. Рысқұлмен бірге түрмеде жатқан революционер Александр Брон­ников Тұ­рар­дың қайсар мінезін, алғырлығын бай­қап, оған назар аудара бастайды, орыс­ша сауат ашқызып, жазу, сызу үйретеді. Соттың үкімімен Сахалинге 10 жылға жер ауда­рылған Рысқұл конвойлар айдап бара жат­қанда қашып кетеді. Сөйтіп, 1907 жылы Жам­был облысы Талас өңіріндегі нағашы­ларының ауылында қайтыс болады. Тұрар қарындасы Түйметай екеуі өгей шешесі Ізбәй­шәнің қолында қалады. Қиыншы­лықтың дәмін осылайша бала кезінен татып өскен Тұрардың бойында әлеуметтік әді­летсіздікпен қоса, ұлттық езгіге қарсы күрес рухы да ерте оянады. ­

Бүркіт АЯҒАН, Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымының докторы, профессор:
Большевиктік платформада жүріп, елдік мүдделер үшін күресті
– Тұрар Рысқұлов – қазақтың ел бастаған саяси серкелерінің бірі. Тұрар туралы айтқан кезде сол кезеңдегі биліктің ұста­нымына назар аударғанымыз жөн. Ол кез­де мәскеулік саясаттың салдарынан қазақ элитасы екіге бөлініп қалды. Екі бағыттық ұстаным болды. Біреуі Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов бастаған алаш­ордашылар болса, екіншісі Тұрар, Сәкен, Сейітқали Меңдешев сияқты зиялылардың бағыты болды. Екіншілері Кеңес өкіметінің негізгі қызметінде жүрді. Олардың стра­тегиясы бір болды да, тактикалық мәсе­лелері екі түрлі болды. Бірақ екеуі де қазақ автономиясына, қазақ мемлекетін құру ісіне өз ой-жоспарларымен адал қызмет етті. Сондықтан да біз осы екі бағытты ұс­танған зиялыларға да аса құрметпен қа­рауға тиіспіз. Тұрарлар өз мақсаттарына «коммунистік партияның формасы арқылы жетеміз» деп ойлады. Және олар бұл жолда көп нәрсеге қол жеткізді. Сол 1920 жыл­дары Қазақ автономиясы құрылды. 1936 жылы ол Қазақ Советтік Социа­листік Рес­публикасына айналды. 1936 жылғы Конс­титуция бойынша Қазақстан кәдімгі республика болып шыға келді. КСРО құ­ра­мын­дағы республикалардың бірі бол­ғандығымыздың арқасында біз 1991 жылы Одақ ыдырағанда бұрынғы шек­арамызбен тұтастай шығып кеттік. Яғни өз тер­ри­ториямызға иелік етуіміздегі бұл кісілердің еңбегі ерекше.
КСРО кезінде қанша жерден көркейді десек те, дәл сол уақытта біздің қазақ алтын тордағы жолбарыстай күй кешті. Бас көтерген адамдарды Мәскеу жендеттері қырып тастап отырды. Қазақ аштық жылы бір қырылса, қуғын-сүргін жылдары бір қырылды. Сол кезде Алашорданың бірде-бір азаматын билікке жолатпауға тырысқан. Сталин «Оларды тек кітап жазуға, журнал шығаруға, әдеби жұмыстарға ғана тарту қажет» деген арнайы нұсқау берген. Міне, осы тұста большевиктік платформаға кірген Тұрар сияқты қазақтар сол платформада жүріп, елдік мүдделер үшін күресті.
Большевизм дегеніміз ол кезде пәрмені мықты, аса үлкен, керемет күш болатын. Ақ­шасы да, қаруы да, билігі де бар де­гендей. Сондықтан олармен ашық кү­реске бару, оларды жеңу мүмкін емес еді. Алайда орыстардың идеясын айтып, солардың ұстанымдарын жақтай жүріп, өзінің халқын алға сүйреу осы Тұрарлардың қолынан келді. Солардың еңбегінің арқасында елімізге инвестиция келді. Ашаршылық кезінде Мәскеуден көмек сұрау арқылы Тұрар ашығып жатқан елін құтқарып қалды. Саясатта ашық күресіп жүріп, мұны істеу еш мүмкін емес еді. Солардың қызметін істей жүріп, елдік мәселелерде халыққа Тұрар Рысқұлов елеулі пайда келтірді.
Мен «алашордашылардың қудалануына Тұрар Рыскұловтың тікелей қатысы болды» деген пікірмен түбегейлі келіспеймін. Оларды бір-біріне қарсы қойған – мәскеулік саясат. Ал олардың тікелей жеке бастарына қатысты өшпенділіктері мен бас араздықтары болды деп ойламаймын. Керісінше, олар астыртын болса да кездесіп, бірінің идеясын бірі қостап отырды.

Қайраткер тұлғаның қалыптасуы
Бастауыш білімді Меркідегі орыс-түзем­дік мектепте алған Тұрар, одан кейін 1910 жылы Пішпектегі I дәрежелі ауыл­шаруа­шылық мектебіне қабылданып, оны 1914 жылы қазан айында бау-бақша өсіруші мамандығы бойынша бітіріп шығады. Cо­сын оған Самара қаласындағы орта дәре­желі ауылшаруашылық училищесіне түсу үшін арнайы жолдама беріледі, бірақ «көшпелі қазаққа жер өңдеуді оқудың қажеті жоқ» деп шеттеткен училище дирек­торы Тұрарды оқуға қабылдамай қояды. Білім алуға деген талабы зор Тұрар сонда да мойымастан Ташкенттегі мұғалімдер семинариясына түсуге тырысады. Бірақ онда да «бұратана» деген ат алдынан шы­ғып, қабылданбауға айналған соң, оқу министрлігіне шағымданып жүріп, арнайы рұқсатпен сынақ тапсырып, студент ата­нады. Оқи жүріп, Ташкенттің іргесіндегі Крас­новодск тәжірибе алаңында бағбан болып істейді. 1916 жылы жазда қазақ даласында ұлт-азаттық көтеріліс басталған кезде оқуын тастап, Меркедегі жақын­дары­на кетеді. Толқу үстіндегі жергілікті халық ақыл сұрап Тұрарға келе бастайды. Бұл жөнін­де Тұрардың: «...Мен олардың жақ­сылап ұйымдасуы керектігін айтып кеңес бердім. Көбінесе патшаның чиновниктеріне шабуыл жасау керектігін, сөйтіп, қазақтан майданның қара жұмысына адам алуды тоқтаттыру керектігін айттым. ...Учаске приставы менің үйімде жасырын мәжілістер болып жүретіндігін сезіп қойыпты», – деп жазғаны бар.
Сол мезетте Тұрар Әулиеатадағы көте­рілістің ұйымдастырушысы ретінде тұтқын­ға түседі. Бірақ түрмеден шыққаннан кейін де өзінің идеялық ұстанымынан айнымай­ды. 1917-1918 жылдары Әулие­ата уездік Сов­депі аткомының төрағасы болады. Ашар­шылыққа ұшыраған халықты араша­лап қалуға, орыстар мен қазақтардың ара­сындағы қарым-қатынасты реттеуге, кеңес­терге жергілікті халық өкілдерін көптеп тартуға барын салады. Тұрардың тікелей басшылығымен Әулиеата қаласы маңында қоғамдық тамақтандыру орын­дары ұйым­дастырылады. Одан кейінгі уақытта Тұрар Түркістан денсаулық сақтау халкомы, Түркістан ОАК төрағасының орын­­басары, кейін­­нен төрағасы, РСФСР Ұлт істері жөнін­дегі Халық комиссары төр­ағасының орын­басары қызметтерін ат­қарды.
Түркістан тәуелсіздігі жолындағы күрес
Түркістан Компартиясы жанындағы Мұсыл­мандар бюросының төрағасы әрі республика жетекшісі ретінде Тұрар Түр­кістан территориясының бірлігін сақтап қалу мәселесін бірнеше рет көтеріп, оны мекен етушілердің біртұтас халық екендігін, тек тағдырдың тәлкегімен бөлшектеліп кеткендігін дәлелдеуден танбайды. Өзі төрағалық еткен жергілікті атқару комитетін Түркістанның тарихи-объективті жағдайы мен ерекшелігін басшылыққа алып, жұмыс істейтін органға айналдырады, сондай-ақ оны жергілікті халықтардың құқын қор­ғайтын ұйым дәрежесіне көтереді.
Рысқұловтың принципшілдігі мен та­бан­дылығы шамына тиген Орталықтың басшылары оны «пантүрікшіл» деп айып­тады. Тұрардың Түркістан Республикасының саяси-мемлекеттік егемендігі жолындағы табанды күресінен іштартқан Мәскеудегі басшылар оны елден шеттетуге күш салды. Сөйтіп, 1924 жылы ақпанның 4-інде Рыс­құловты Коминтерн атқару комитетінің құ­рамына қызметке жіберіп, Орталық-Шығыс бөлімі меңгерушісінің орын­басар­лығына бекітті. Ал 1924 жылы жазда Комин­терн атқару комитетінің Моңғолия­дағы өкілетті өкілі етіп тағайындады. Тұрар онда да ірі жұмыстарға ұйытқы болып, Моңғолия Конс­титуциясының жобасын әзірлеуге атсалысты. Ел астанасының атын Улан-Батор (Қызыл батыр) деп қоюды ұсынды.
Тұрар Рысқұловтың ең соңғы жоғары қызметі Ресей Федерациясы Халық Комис­сарлары Кеңесі төрағасының орынбасар­лығы болды. Ол кезде жасы әлі отызға да толмаған Тұрар 1926 жылдың мамырынан бастап, бұл қызметті 11 жыл бойы атқарды. Сонымен қатар Рысқұлов Түрксіб темір­жолын салуға басшылық еткен үкімет ко­мис­сиясының төрағасы болып, оның әуел­де жоспарланғандай алты жылда емес, төрт жылда пайдалануға берілуіне ұйытқы болды. Маманданған қазақ жұмыс­шы­ларын қалыптастыруға, қазақ жастарын Ресей және шетел оқу орындарында көптеп оқытуға көп көңіл бөлді.
Қазақ өлкелік БК(б)П комитетін бас­қарған Ф.Голощекиннің «Қазақстанда кіші Қазан төңкерісін жасау» идеясына ашық қарсы шықты. Халықтың аштық жыл­дарын­дағы күйзелісін жүрегіне жақын қабылдаған ол 1933 жылы барлық мәсе­лені ашық айтып, Сталинге хат жазды, аш­тықпен күрес барысында басшылыққа алы­нуға тиісті нақты ұсыныстар жасады. Тек содан кейін ғана Қазақстанға азық-түлік жөнінен көмек көрсету мәселесі ше­шіле бастады. 1932-1933 жылдардағы сұмдық аштық салдарынан қазақ халқы жойылып кетудің аз-ақ алдында қалғанда шындықты айтуға Тұрардан басқа ешкімнің батылы барған жоқ. Ұлы Тұранның тәуел­сіздігін көксеген Тұрар идеялары больше­виктік жүйеден, әрине, қолдау тапқан жоқ. Отаршылдық пен шовинизмді батыл айыптап, түркітілдес халықтардың конфе­дерациясын ұсынған, экономикалық-саяси тәуелсіздігін арман еткен Тұрар «пан­түрікшіл», «халық жауы» деген айыппен 1937 жылы тұтқынға алынып, 1938 жыл­дың 10 ақпанында атылды. Әділетсіздік мұнымен ғана біткен жоқ. Тұрардың жан­ұясы, бүкіл бала-шағасы мен туған-туыс­тары да мейлінше қудаланды.
Тұрар Рысқұлов және Алаш зиялылары
Мәскеулік жымысқы саясат сол тұстағы қазақ элитасының екіге бөлінуіне себепкер болды. Тарихшы ғалым Бүркіт Аяған айт­пақшы, «Екі бағыттық ұстанымның бірі Әли­хан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов бастаған алашордашылар болса, екіншісі Тұрар, Сәкен, Сейітқали Меңдешев сияқты зиялылардың бағыты болды. Тұрарлар өз мақсаттарына «коммунистік партияның фор­масы арқылы жетеміз» деп ойлады. Және олар бұл жолда көп нәрсеге қол жеткізді. Мысалы, сол 1920 жылдары Қа­зақ автономиясы құрылды. Ол 1936 жылы Қазақ Советтік Социалистік Республикасы болды. КСРО құрамындағы республика­лардың бірі болғандығымыздың арқасында біз 1991 жылы Одақ ыдырағанда бұрынғы шекарамызбен тұтастай шығып кеттік. Яғни өз территориямызға иелік етуіміздегі бұл кісілердің еңбегі ерекше».
Бір қарағанда, әрқайсысының ойы әртүрлі сияқты болып көрінгенімен, Тұрар­дың тәуелсіздік жөніндегі идеясы Мұстафа Шоқайдың да, алашордашылардың да мақ­сат-мұратымен тікелей ұштасып жатты. Тек олардың күрес жолдары әртүрлі болды. Мысалы, Мұстафа Шоқай ұлттық тұрғыдағы Түркістан Республикасын коммунистік пар­тияның араласуынсыз құрмақ болды. Қызыл жүйенің өкілі ретінде Тұрар өз ойларын социалистік кеңістік шеңберінде жүзеге асыруға тырысты. Бір анығы, ол қандай жағдайда да ұлт зиялыларынан мүлдем қол үзіп кеткен жоқ. Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, С.Сәдуақасовтарды астыр­тын болса да қолдап, байланысқа түсіп, ел азаттығын көксеген идеяларын қуаттап жүрді. Алашордашылармен байланысы әш­кереленсе, Т.Рысқұловтың кеңес басшы­лы­ғы тарапынан қуғындалатынын білген ұлт зиялылары оны сақтау мақсатымен ау­лақ жүруге  ты­рыс­қан. Кейбір мәселелер бойынша сын айтқанымен, Мұстафа Шо­қай­дың өзі Тұрарды «коммунистік бет­перденің ар жағынан түркістандық рухы көрініп тұрады» деп жоғары бағалаған...

Қалила ОМАРОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алашорда» деректі фильмінің режиссері:
Үлкен еңбегі – қазақты ашаршылықтан құтқаруы
– 1919 жылы Сырдария өңірінде аштық болды. Қазақтар аштан қырылып жат­қанда, большевиктер «Кеңес өкіметін орнатамыз» деп алысып жатты. Сонда Тұрар «Халық қырылып жатқанда Кеңес өкіметінің керегі не?» деп айтысқан. Тұрардың көзге түсетін жері де – осы. Ол – жас та болса өте өткір, позициясы айқын, көзқарасы анық адам.
Алашорда тарағаннан кейін, Алаш қайраткерлері оппозициядан кетіп, әрқай­сысы әр жерде бас сауғалап, жұмыс істеп жүрді. Сұлтанбек Қожанов Ташкентте «Ақ жол» газетін ашып, зиялылар соның маңына жиналды. Сол кезді зерттеп жүрген тарихшылардың пікіріне жүгінсек, Алаш қайраткерлері саяси аренадан кетіп, большевиктік көзқарастағы жаңа билік келген кезде қазақты басқаруға сахнаға үш тұлға шығады. Олар – Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Смағұл Сәдуақасов. Осы үшеуінің ортасына от түседі. Сталин Сұлтанбек Қожановтың «Ақ жолын» жауып тастауды бұйырып, хат жазады. Ондағы келтірілген фактілер Тұрардың хатынан алынған. Билік осылайша зиялы қауымды өз мақсатында пайдаланып, оларды бір-біріне айдап салды. Оны дипломатиялық жолдармен әдемілеп іске асырды. Сондай қиын кезеңде большевиктік, пролетарлық көзқарастағы билік өкілдерінің ішінде қазақ болмаса, халықтың жағдайы қиындайтын еді. Сондықтан билікке араласу керек болды. Ол үшін солардың сөзін сөйлеп, солардың жауын жамандауға мәжбүрлік туындады. Сол себепті де Тұрар Алаш қайраткерлерінің саясатын жоққа шығаруға, өзін большевик ретінде көрсетуге мәжбүр болды. Тұрардың трагедиясы осында.
Дегенмен Тұрардың тарих алдындағы үлкен еңбегі – қазақты ашаршылықтан құтқаруы. Ең бастысы, қалай құтқарып қалды десеңші? Ол үлкен ерлік істеді. Қазаққа тікелей геноцид жасап отырған Сталинге еш қаймықпастан хат жазды. Ол кезде Сталинге тіке келіп, қатесін айту тұрмақ, сыртынан сөйлеу мүмкін емес болатын. Соған қарамастан бірінші болып Тұрар қарсы сөйледі...

Қайраткердің кісілік келбеті
Жарлының отбасында дүниеге келіп, өзінің табандылығы мен еңбекқорлығы, тұлғалық тегеуріні арқылы көрнекті мем­лекет қайраткері дәрежесіне көтерілген Тұрар Рысқұловтың адами қасиеттері де ұрпаққа үлгі боларлықтай. Бұл ретте қай­раткердің жары Әзиза Рысқұлова: «Тұрар көпшіл, адал, мейірімді, еңбекқор, өзінен гөрі өзгенің қажет-мұқтажын көбірек ой­лайтын жан еді», – деп еске алған екен. Мәс­кеуде тұрған жылдарында үлкен қыз­мет атқарғанына қарамастан, Тұрар күйеуі қайтыс болған қарындасы Түйметайды бес баласымен елден көшіріп алады, одан басқа да немере інісі, өзге де ағайын-тума­лары бала-шағасымен Рысқұлов­тардың үйін паналаған. Елден барған зиялы аза­маттардың да Тұрардың отбасына соқпай кетпейтіні сирек болған. Тағы бір қасиеті – Тұрар, ең алдымен, тазалықты сүйген. Әкесінің «жағаңды кірлетпе» деген ес­кер­туін есінен шығармаған ол киімін кір шал­дырмай, мұнтаздай қалпында жүретін әдетінен өле-өлгенше танбаған. Тіпті ату жазасына кесілген кезінде де «ақырғы тілегіңді айт» дегендерге «жуынып-шайы­нып, тазаланып алайын» десе керек. Сондай-ақ Тұрар ешқашан атақ-даңққа, мансапқа қызықпаған. Жетім балаларға ар­­найы пансионат ашқызған кезінде көп адам оған Тұрар Рысқұловтың атын беруді ұсыныпты. Бірақ Тұрар келіспей, пан­сио­натты «Жас Түркістан» деп атауға кеңес беріпті.
Тұрар Рысқұлов әлемдік деңгейдегі ре­форматорлығымен бірге, экономика, мәдениет, дипломатия, тарих, ғылым, бі­лім­нің әр саласын жете меңгерген аса талант­ты адам болған. Мысалы, «халық жауы» ретінде ұсталар алдында ол «Қа­зақ­стан тарихы» атты көлемді ғылыми еңбегін жазып бітіруге таяу қалған екен. Алайда тәркіленген қағаздарының ара­сында кеткен бұл құнды еңбек сол күйі ұшты-күйлі жоғалған. Тұрардың экономика саласына қатысты еңбектері мен басқа әдеби мұралары да көп болған. Бір өкініштісі, сол шығармалары күні бүгінге дейін ғылыми жүйеленбей де, зерттелмей де келеді. Тұрарды әр қырынан танытатын тарихи құжаттар Мәскеудегі, Ташкенттегі мұра­ғаттарда әлі қаттаулы жатыр. Осы орайда тұрартанушы, белгілі геолог Молдияр Серікбайұлы: «Өмірі мен шығар­машылығы, қайраткерлігі жан-жақты зерт­телген жағдайда Тұрар әлемдік деңгейдегі ірі қайраткерлердің қатарынан әлдеқашан орын алар еді», – деген ой айтады.

Дихан ҚАМЗАБЕК, филология ғылы­мының докторы, профессор, алаштанушы ғалым:
Алаш қайраткерлерімен идеялас болды
– XX ғасырдың басындағы, сол ғасыр­дың аса күрделі 20-жылдарындағы қай­раткерлердің бірлік, елдік мәселелеріндегі көзқарастарын, ұстанымдарын бүгін біз жиі айтуға тиістіміз. Өйткені көп жағдайда бірі большевик болып көрінетін, екіншісі алашордашылар деп есептелетін зиялылар осы 20-жылдары елдік идея мәселесінде біріккен сияқты. Мысалы, Алаш зиялы­ларының Тұрар Рысқұловқа қатысы қай жерде көрінеді? «Заки Балиди Тоганның естеліктері» деген кітапта: «20-жылдары Тұрар Рысқұлов Орталық Азиядағы боль­шевизмге қарсы басмашылар қозға­лы­сымен астыртын байланыста болған» деген деректер жазылған. Яғни «Олармен Тұрар белгілі бір адамдар арқылы байланыс жасап тұрған» дейді. Бұдан оның ұлтқа қызметінің бір көрінісін аңғаруға болады. Екінші мысал, Түркістан зиялыларына 20-жылдары Орынборда бас сауғалауға тура келді. Сонда 1922 жылы Халел Дос­мұхамедов бастаған зиялыларға көптеген мәдени, рухани ұйымдарда жұмыс істеуге тура келді. Осындай рухани, мәдени ұйымдар жұмысының өз дәрежесінде атқарылуында да Тұрардың еңбегі ерекше деп есептеймін. Оның үстіне, туысқандығы жағынан Жаһанша Досмұхамедұлы мен Тұрар Рысқұлов – туған бажалар. Сон­дықтан да ол жағынан бұлардың арасында байланыс болды. 1922 жылдың аяғына қарай құрылған «Талап» мәдени-ағарту ұйымына елшіл азаматтар топтасқан еді. Ол ұйымда Мағжан Жұмабаев та, Мұхтар Әуезов те, Мұхамеджан Тынышпаев та болған. Бұлардан өзге де Алаш зиялылары осы ұйымның мүшелігінде болды. Сол ұйымға Тұрардың бірнеше мәрте нақты көмек көрсеткендігі «Ақ жол» газетінде жазылған.
Негізінде, мен тұрартанушы емеспін. Бірақ белгілі бір дәрежеде Алаш зиялы­ларының бағытына ден қойған адаммын. Жалпы, Тұрар Алашқа байланысты сын пікір айтқан күнде де, оны заманның бедерінде қарауымыз керек. Тіпті тереңірек зерттеп қарасаңыз, сондай пікірлердің өзі де кей жағдайда Алаш зиялыларын құтқарып отырған. Белгілі дәрежеде Тұрар мен Мұстафа Шоқай түрлі полярлық позицияда жүрсе де, Алаш қайраткер­лерімен идеялас болғандығын көреміз. Яғни жалғыз шаппай, түркі халықтарымен, түркі зиялыларымен бірлесе үн қатуы, ақылдасуға әрекет етуі осыны көрсетеді. Мен Смағұл Сәдуақасовтың өмір жолын зерттеу барысында осыдан 20 жылдай бұрын ол кісінің туған-туысқандарымен жолыққан болатынмын. Солар Тұрарды аузынан тастамай, «қиын жылдары бізге Тұрар көмектесті» деп айтып отыратын. Тіпті Смағұл Сәдуақасовты соңғы сапарға жөнелту сәтіндегі қамқорлығы да Тұрардың қайраткерлігін көрсетеді.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста