Домбыраға жақын Мұзафар

01 мамыр 2013, 12:04

Сыр өңірінде қалың қазақ тұрады. Соңғы санақта жергілікті ұлт 95 пайыз шамасында деген дерек қолымызға ілінген. Десе де өзге этнос өкілдері де жоқ емес. Солардың бірі – түріктер. Тегіміз бір бауырлар қазақ даласына қалай қадам басты? Бұл жайында тарихтан белгілі. Тілге тиек еткіміз келетіні – олардың бүгінгі өмірі.
Түрік ағайындар облыстың Жаңақорған ау­данын көбірек мекен етеді. Тағдыры тал­қы­ға түскенде кезінде осы аймаққа келген екен. Қазақтар қандас бауырына жылы пе­йіл танытты да. Шағын баспанасынан орын берді. Көже-қатығын ортақ ішті. Қа­заны бірге қайнады дегендей. Күн жа­маны кеткенде түрік бауырлар еншісін алды. Жеке шаңырағын тіктеді. Алайда бәз бая­ғысынша қазақпен ағайын-туыс­тық қа­ты­на­сын үзген жоқ. Осындай әулеттің қата­рында Аслановтар да бар. Сол отбасында тәр­бие көрген Мұзафар да қазақы өмірге бе­йім еді. Қазақ достары да жетерлік.
Аслановтар әулетін тегің түрік деп еш­кім бөлген жоқ. Олар да қазақы ортамен әб­ден сіңісіп кетті. Осылай жүріп қазақтың салт-дәстүрін үйренді. Мұзафар да бала күнінен сондай өмірді көріп өсті.
– Біз секілді қазақтар да үлкенді сый­лайды. Ата-ананың алдынан кесе-көл­де­нең өтпейді. Бұл – біздің ұқсастығымыз. Қа­зақтың осындай елгезек қасиетін жо­ға­ры бағалаймыз. Үлкендерден көп нәрсе ес­тіп өстік. Олар әлі күнге дейін қазақ хал­қы­ның қамқорлығын айтып отырады, – дейді Мұзафар ағынан жа­рылып.
Мұзафар Асланов бүгінгі күндері ау­дан­дық емханада қызмет етеді. Білдей терапевт дә­рі­гер.
Сонымен бірге ол домбыраға да жақын.
«Мен айтыс өнерін жақсы кө­ремін. Оны қалт жібермеуге тырысамын. Жер­ле­сі­міз, айтыскер Әбілқайыр Сыз­дықовтың жан­күйерімін. Айтысты көргенде делебем қозады. Қолыма дом­быра алғым келіп ке­те­ді. Бұл құнарлы топырақтан дары­ған қа­сиет болар», – дейді Мұзафар.
Мұзафар Ас­ла­новты жергілікті жұрт қазақтың ба­ла­сын­дай көре­ді. Дертіне дауа іздеп келген аға­йынға қазақша тіл қатып, үлкенге інілік ілтипат білдіріп жатады.