Ата Заңым – ар-ожданым, намысым!

30 тамыз 2012, 13:26

Көк байрағым аспанымдай зеңгір көк,
Желбірейді мен Тәуелсіз елмін деп.
Елдігімді, ерлігімді паш еткен
Көк туымды биіктерден көрдім көп.

Биіктерге көтерілсе байрағым,
Арқаланып арта түсер айбарым.
Бөрі мінез, жылқы тектес бабамдай,
Ту көтерсе қозып кетер қайдағым.

Алты құрлық басын иген нарқына,
Көз тимегей қазағымның даңқына.
Тарихымды өзі-ақ танып білмей ме
Бойлаған жан Елтаңбамның парқына.

Әнұраным шырқалғанда шарықтап,
Құс патшасы көк байрақта қалықтап.
Алтын арай күн нұрымен оянған,
Өз Отанын ардақтайды халық хақ.

Кім таныса елдігімнен танысын,
Ертең күліп ататұғын таң үшін.
Осыларды сақтап тұрған барлығын,
Ата Заңым – ар-ожданым, намысым!


Бақытбек СМАҒҰЛ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты