Конституция – құқықтық жүйенің іргетасы

30 тамыз 2012, 12:37

– Қазіргі кезеңдегі өркениетті елдердің мемлекеттік құқықтық тәжірибесінде конституция нор­ма­ларының алатын орны ерекше болып табылады. Мемлекеттің қоғамдық, саяси өмірінде қоғам өмірінің негізгі салалары мен мемлекеттің түбегейлі мәселелерін реттейтін, сол арқылы қоғам­дық дамуды жетілдірудің іргетасы болып табылатын конституцияға нор­ма­тивтік құқықтық акт ретінде ерекше рөл беріледі. Конституция  мемлекеттің өмір сүруінің басты тірегі болып табылады. Себебі конс­ти­туция қандай да болсын елдің болашақ­тағы бағытын айқындайтын құқықтық идеялардан, мемлекеттік құрылысты, құқықтық жүйені бекітетін негізгі норма­лар­дан тұрады.
Конституция мемлекет өмірінің негізгі бастауларын – мемлекеттің құрылысын, саяси және әлеуметтік-экономикалық  жүйесінің негіздерін бекітеді, адамның қоғамдағы алатын орнын байқатады.
Конституция – тиісті елдің көпшілік аза­матының мүдделерінде мемлекеттік және қоғамдық өмірдің басты ұстанымдарын бекітетін және мемлекеттің бүкіл құқықтық жүйесінің өзегі болып табылатын норма­тив­тік акт. Жалпы, конституцияда конститу­циялық құрылымның бағалы мұралары, институттары мен нормалары ресми түрде бекітіледі. Олардың негізінде мемлекеттің құрылымы мен нысаны, билік тәртібі орны­ғады.
Қазақстан Республикасының қолда­ныс­тағы Конституциясы 1995 жылдың 30 тамызында қабылданды. Бұл Конституция еліміздің стратегиялық мақсаттарын анық­таған Ата Заң болды. Конституция Қа­зақстан­ды демократиялық, құқықтық, әлеуметтік және зайырлы мемлекет ретін­де орнықтырумен қатар, мемлекеттің басты мақсаттарын, қызметінің түбегейлі қағидаларын, мемлекетіміздің ең жоғары құндылығы – адам, адам өмірі, құқықтары мен бостандықтарын белгіледі.
Егемен Қазақстанның тарихында орын алған 1993 және 1995 жылдардағы Конс­титуциялар саяси реформалардың жал­пыұлттық бағдарламасын іске асырудың, еліміздің құқықтық кеңістігінде терең өзге­рістер жасаудың заңды нәтижесі болып табыл­ды.
Бұл Конституциялар еліміздің экономи­калық, әлеуметтік табыстарға жетуіне, саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуіне, қазақстандық әрбір отбасының әл-ауқаты­ның артуы мен өмір сүру стандарттарының өсуіне, Қазақстанның демократиялық дамудың жаңа кезеңіне аяқ басуына берік тұғыр жасап берді.
Біз осы тұғырда біртіндеп ашық та де­мо­кратиялық қоғамы бар құқықтық мем­ле­кет қалыптастырып жатырмыз. Қазіргі кездегі Қазақстандағы құқық жүйесінің қалыптасуы елімізде құқықтық мемлекет құру бағытымен ұштастырылуда. Сондық­тан еліміздің Ата Заңының мәні мен оның алатын орны барған сайын жоғарылауда.
А.Ж.ЖАРБОЛОВА, заң ғылымының кан­дидаты, мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының доценті