Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Сан ұлтты айрандай ұйытқан – Ата Заң

30 тамыз 2012, 12:44

Қазақстан егеменді ел ретінде құрылғалы бері екі Конституция қабылданды. Солардың әрқайсысы қоғам мен халықтың талқысынан өтті. Тәуелсіз мемлекет жайлы көп ғасыр бойы аңсаған арманның нобайы айқындалды.

Мемлекетіміздің басты құжаты—Конституция
Кәмелетке толған азаматқа жеке куәлік берілетіндігі сияқты, өз тәуелсіздігін жа­рия­ла­ған мемлекеттің де ең басты төлқұ­жаты Ата Заңы болуы қажет. Бұл жөнінде белгілі амери­калық саясаткер Томас Пейн былай деп жазған болатын: «Конституция – мемлекеттен бұрын болатын зат, ал мемлекет – бар болғаны Конституцияның төлі ғана».
Бірлігі мен татулығы жарасқан еліміз осыдан 17 жыл бұрын 30 тамызда жаңа Конс­титуцияның қабылдануына бірауыз­дан дауыс беріп, тарихи таңдау жасаған болатын. Осы жылдар аралығында Қазақ елі демократиясы дамыған, зайырлы, құқықтық мемлекетке айналды. Ата Заңымыз қабылданған 1995 жылдан бері Конституция күні мемлекеттік мереке саналады. Бұл күнде еліміздің экономикасы өрлеп, табысы тасып, халықаралық беде­лінің де арта түсуі – негізгі заңымыздың сар­қылмас мазмұнының дәлелі. Мұндай жетістіктерге Конституцияның мызғымас­тығының бірден-бір кепілі – ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салиқа­лы саясаты мен қажырлы еңбегінің нәти­же­сінде қол жеткізіп отырмыз. Адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандық­тары болып саналатын Ата Заңымыз елі­міз­­дің кез келген азаматының денсаулығы мықты, әлеуметтік жағдайы жоғары, білімі мен біліктілігі үнемі жетілдіріліп отыратын, пікірін еркін білдіре алатын, өз таңдауы өз еркінде болуын қамтамасыз етті.
Кемелді Конституция – елімізді мекен­деген ұлттар мен ұлыстардың ұдайы бір­лік­те болып, берекелі өмір сүруінің кепілі. Ата Заңымыздың арқасында мемлекетіміз алауыздықтан, түрлі жанжалдан аман.
Халықаралық құқықтың принциптерi мен нормаларын құрметтеп, мемлекеттер арасында ынтымақтастық пен тату көршiлiк қарым-қатынас жасау, олардың теңдiгi мен бiр-бiрiнiң iшкi iстерiне араласпауы, халықаралық дауларды бейбiт жолмен шешу саясатын жүргiзуді көздеген Конс­титу­ция­мыздың арқасында мемлекетіміз әлемде орын алып жатқан соғыс ошағына айналудан, саяси тұрақсыздықтан, шека­ра­лық дау-дамайлардан алшақ тұрып ке­ле­ді. Конституцияның негізінде көптеген жұмыс атқарылды. Соның ішінде Прези­дент мемлекетіміздің Тәуелсіздігін жария­ла­ған күннен бастап қысқа мерзімде елі­міз­дің ал­ғашқы сыртқы саясат стратегиясын бекітіп, әлемнің 150-ден астам мем­лекетімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Конститу­цияның 2-бабына сәй­кес, мемле­кеттің аумақтық тұтастығын қам­та­масыз ету мақсатында көрші елдер­мен шекарамызды шегендеп алдық. Қа­зақстан 1993 жылы ТМД елдері арасын­да алғашқылардың бірі болып ядролық қаруды таратпау туралы келісімге қосылды. 1995 жылы бұрынғы Семей полигонында соңғы ядролық заряд жойылды.
Еліміз сыртқы саясатта көп қырлы, сын­дарлы саясат ұстанды. Астана халықаралық басқосулар өткізудің орталығына айналды. 2001 жылдың 22 қыркүйегінде Рим Папа­сы II Иоанн Павел Қазақстанда болып қайт­ты. Бұл Қазақстанның бейбітшілік сүйгіш держава ретіндегі рөлін мойын­дау­дың көрінісі еді. Қазақстан астанасында аса маңызды басқосу – әлемдік және дәстүрлі дін басшыларының съезін өткізу де дәстүрге айналып отыр.
Қазақстан Тәуелсіздік алған соң халы­қ­а­ралық аренада өзін сенімді түрде мәлім­деді. Тиянақты да бейбітшілік сүйгіш саяса­­тының арқасында дүниежүзілік мем­ле­кет­тер қауымдастығындағы ірі-ірі ұйым­дар қатарына қабылданды.
Елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыс­тың өкілдері бейбіт әрі тату өмір сүруде, 40-тан астам конфессия еңбек етіп, олар­дың мүдделері ең жоғары деңгейлерде білдіріледі (Қазақстан халқы ассамблеясы, Парламенттегі депутаттық мандаттарға квоталар және т.б.). Бұл да мемлекетіміздің ынтымақтастығын айрандай ұйытып отыр­ған Ата Заңымыздың әлемдік тәжірибеде мықтылығын мойындатып отыр.
Конституция – саяси реформаларға серпін беруші
Тәуелсіздік алғаннан бастап республи­када демократияландыруға бағытталған саяси өмір өзгерістері байқала түсті. Бұ­рын­ғы уақытта «өкімет – қоғам» формула­сы іс жүзіне асырылса, ендігіде керісінше, «қоғам – өкімет» негізге алынды. Мемлекеттік басқару органдарының халыққа қалтқысыз қызмет ету арқылы құқықтық мемлекет пен еркін нарықтық экономикаға негізделген алдыңғы қатарлы азаматтық қоғам қалыптастыруы керек болды. 1995 жылы жаңа Конституция қабылданған соң Қазақстанның саяси жүйесінде тұрақтану басталды. Билік үш тармаққа бөлініп, Президент биліктің үш тармағының бірлікте әрекет етуін қамта­масыз етті. 1998 жылдың қазан айында 1995 жылғы Конституцияға республика­дағы саяси реформалардың іске асыры­луына байланысты өзгертулер мен толық­тырулар енгізілді. Саяси партиялардың тізімдері бойынша про­пор­ционалды сай­лау жүйесін енгізу  маңызды қадам болып табылды. Қос палаталы Парламенттің Мәжі­лісіне депутат сайлауы кезінде жеңген саяси партияларға арнайы 10 мандат бері­летін болды. Үкімет мү­ше­­лерінің депутат­тық корпус алдындағы жауапкершілігін арттыру, Парламенттің өкі­леттілігін кеңей­ту, оған сайланған депутаттардың өкілет­тілік мерзімін төрт жылдан Мәжіліс депу­таттары үшін  – бес, ал Сенат депутаттары үшін алты жылға дейін көбейту, алқа­билер инс­титутын енгізу т.б.
Ал 2007 жылдың мамыр айында прези­денттік-парламенттік республика моделінің дамуына заңды негіз беретін өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Конституцияға мемлекеттік басқару жүйе­сіндегі Парламенттің рөлін арттыруға ба­ғытталған және елдің сайлау жүйесіне айтарлықтай жаңалықтар әкелген өзгеріс­тердің енгізілуі маңызды және концептуал­дық сипаттағы оқиға болды. Адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары аса бағалы құндылық болып табылатын елімізде адам құқықтары жө­нін­дегі уәкіл – ом­будс­мен институты құрылып, жаңа саяси партиялар мен үкі­мет­тік емес ұйым­дар пайда болды. Ұлт­ара­лық қатынастарды одан әрі нығайту ба­ғытында Қазақстан хал­қы ассам­блея­­сы Ата Заңда бе­кіген жаңа орнын тапты. Осы рефор­ма­ның негізінде 2007 жылғы 18 тамызда Пар­ла­мент Мәжілісі төр­тін­ші шақы­ры­лы­мы де­пу­таттарының сайлауы өтті. Бұл сайлаудың ерекшелігі, бір жағынан, депу­тат­тық ман­дат­тың бір бөлігі Қазақстан халқы ассам­блея­сының ұсынылған өкілдеріне тиесілі болса, екіншіден, сайлау жүйесіне өзгеріс­тер енгізіліп, депутаттар партиялық тізім бойынша можаритарлық сайлау жүйесі­мен сайланды. 2007 жылғы сайлау заңна­ма­сына енгізілген түзетулер саяси партия­лардың сайлау процесіне белсендірек қатысуына қажетті заңды негіз қалыптас­тыр­ды. Бұл можаритарлық сайлау жүйесін енгізу көптеген еуропалық елдің сайлау жүйелерін жан-жақты қорытындылау нәтижесі болатын.

Сайып келгенде, 1995 жылы қабылданған Конституция, шын мәнінде, мемлекеттің өркениетті дамуына негіз қалады, адам құқығы мен бостандығын қорғау ісіне кепіл болды. Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясы өзінің өміршеңдігін, демократиялық қағидаларға адалдығын дәлелдеді. Осы Конституция бойынша Қазақстан халқы өмір сүреді, жасап шығарады, тұрғызады және жарқын болашаққа сенеді.