Ақтөбеде халықаралық сауда-логистика орталығы салынуда
Ақтөбе – тоғыз жолдың торабында орналасқан қала. Халықаралық әуежайы бар. Облыс орталығынан шығатын автокөлік жолдары бұл өңірді Қазақстанның оңтүстігі, солтүстігі және Ресейдің Еділ жағалауындағы аймақтарымен байланыстырып жатыр. Оның үстіне, Қазақстанның батысы мен Еділ жағалауындағы халықтың төлем қабілеті жоғары, табысы да мол. Осы жай және Ақтөбе облысының қолайлы географиялық орналасуы мамандандырылған өнеркәсіптік терминалы бар «Ақтөбе» халықаралық сауда-логистика орталығының салынуына себепкер болып отыр. Бұл заманауи инфрақұрылым – Қазақстанның геоэкономикалық әлеуетін пайдаланудың ең бір тиімді жолы.
«Ақтөбедегі халықаралық сауда-логистика орталығының құрылысы биыл басталды. Жұмыс төрт кезеңмен жүзеге асырылуда. Жоба 2015 жылы толық қуатымен жұмыс жасай бастауы тиіс. Аса ірі инновациялық жоба жүзеге асса, Еуразиядан тасылатын тауар нөпірі Қазақстан экономикасы үшін мол табыс көзіне айналады», – дейді Ақтөбе әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы Серғазы Ханқожаұлы.
Сауда-логистика орталығының жалпы аумағы – 38 гектар. Оның 142 мың шаршы метрінде түрлі қоймалар орналасуы тиіс. Ал кеңселер мен қосалқы қажеттіліктер үшін 20 мың шаршы метр жер бөлінбекші. Бұл жобаға қатысуға Қытай, Түркия, Польша, Өзбекстан мен Голландия елдерінің кәсіпкерлері осы бастан қызығушылық танытып отыр.
Аталмыш корпорация жүзеге асырмақшы аса ірі жоба туралы Серғазы Исембаев:
Жобаның мақсаты – «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» көлік дәлізінің бойында Ақтөбе арқылы өтетін жүк транзитін ұлғайту. Барлық мүдделі тараптар үшін бұл жерде тауар түрлерін ыдысқа құйып немесе салып орау, сонымен қатар тауар өндірісі мен тауар өңдеу секілді қызмет түрлері жүзеге асырылады. Яғни Ақтөбеге теміржол көлігімен жеткен тауар осында түсіріліп, қоймаға сақталды. Бірқатары осында саудаға шығарылып, бірқатары автокөлікке тиеліп, түрлі маршруттарды бетке алады. Жергілікті халық үшін тағы бір тиімді тұсы – көкөніс пен жеміс-жидек құнының тұрақты болатындығы. Себебі мұндағы қоймалардың мүмкіндігі мол. Және Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығы өнімдері өзге өңірлерге делдалсыз саудаланады.
«Еліміздің көліктік инфрақұрылымын дамыту керек. Сол арқылы Қазақстан аз уақытта әлемдік көлік-коммуникация жүйесінің маңызды бір бөлігіне айналады», – деген болатын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Осы сөздерді нақты іске айналдыруға бағытталған, аймақтың тасымалдық-көліктік инфрақұрылымын дамыта түсуге үлес қосатын «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының бұл бастамасына облыс әкімдігі көп қолдау көрсетіп отыр. Жоба Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына енгізілген.