Алдағы 20 жылда қазақстандық БАҚ өзінің төртінші билік функциясын толық атқаратын болады

13 желтоқсан 2011, 11:39

Сағымбай Қозыбаев, Қазақстан Журналистика академиясының президенті:

– Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы тұсында қазақстандық БАҚ туралы, оның саны мен сапасы жөнінде не айтар едіңіз?
– Қазақстандық БАҚ-тың өсіп-өр­кендеп келе жатқанына менің күмәнім жоқ. Тәуелсіздік алған жылы Қазақ­станда тіркелген БАҚ-тың саны 600-дің шамасында еді. Содан бері, тіпті дағ­дарыс кезеңінде де олардың саны тек артып отырды. Медиахол­дингтер, ме­диа­концерндер құрылды – қазір мұн­дай құрылымдардың саны он шақты. Біздің төңіректе мұндай көріністі тек Ресей мен Қазақстаннан ғана байқауға болады. Қазір Қазақстанда тір­кеуден өткен сегіз мыңнан астам БАҚ өкілдері бар болса, олардың екі жарым мың­дайы белсенді жұмыс жа­сайды. Тір­келген БАҚ-тың 83 пайызы – жекемен­шік. Сонымен қатар журналис­тер­ге қа­­тысты ұйымдар да көбейіп жатыр. Жур­налистер одағы, Журналис­тер академиясы, Журналистер конгресі, Медианет, Интернюс, «Әділ сөз» сияқ­ты он шақты мекеме бар – бұл жақсы көрсеткіш. Еуразиялық медиафорум да қазақстандық БАҚ-тың беделіне оң­тай­лы әсер етіп жатқан жоба. ТМД ау­ма­­ғында мұндай жоба жоқ.
– Қазақстандық БАҚ-тың бәсе­келік жолмен қаржыландырылуы, тех­никалық жабдықталуы жөнінде не айтар едіңіз?
– Қазақстандық БАҚ Тәуелсіздік жылдарынан бері үш кезеңнен өтті. Алғашқысы 1991-1994 жылдардағы кезең болатын. Бұл кезде еліміздегі барлық салалар сияқты БАҚ та дағдарысты бастан өткерді. Одан кейін нарықтық жүйеге бейімделу кезеңі болды. Енді, міне, қазақстандық БАҚ либералды кезеңге жетті. Яғни бұдан былай бәсекелік жолмен дамиды. Жалпы, қазір Қазақ­стан­дағы БАҚ-тың жағдайы айналамыздағы көрші елдердің қай-қайсысына қарағанда жақсы. Ол, негізінен, елдің экономикалық жағдайымен, мемлекеттің БАҚ-тарға қамқорлығымен байла­нысты. Мәселен, көршілес елдерде БАҚ-тардың мемлекеттік тапсырыстармен жұмыс жасауы өте сирек кездеседі. Бұл жағдай ақпарат құралдарына қаржылай көмек болады. Әрине, оған барлық БАҚ өкілдері еніп жатқан жоқ. Дегенмен айтарлықтай қолдау болды. Ұйғыр, неміс, поляк, өзбек, кәріс тағы басқа тілдерде жарық көріп жатқан газеттерге мемлекеттік дотация бар. Еліміздегі басылымдардың арасында 16 тілде газет шығады. Екіншіден, Қазақстанда БАҚ-қа қатысты ашық цензура жоқ. Кез келген мәселені салмақтау үшін оны салыстырып қарайсың ғой. Қазақстандық телевидениенің жағдайын ТМД елдерімен, көрші елдермен салыстырар болсақ, көңіл толарлықтай құбылыстарды байқаймыз. Бізде спутниктік топтама пайда болды. Болашақта цифрлық жүйеге көшуге толық мүмкіндік бар.
– Еліміздің «БАҚ туралы» Заңының тари­хы қалай дамып жатыр? Бір емес, бірнеше өзгертулер мен толықтыруларды басынан өткерген заң сіздіңше дұрыс бағытта жетіліп жатыр ма?
– Иә, «БАҚ туралы» Заңға әркез толықтырулар енгізіліп жатыр. Соңғысында, 2009 жылы заңға интернет мәселесін енгіздік. Және бұл соңғысы емес, мұндай толықтырулар әлі де жалғаса береді. Қазірдің өзінде теле-радио таратылымы жөніндегі толықтырулар Парламентке ұсынылып қойды.  Меніңше, «БАҚ туралы» Заңымыз өз деңгейінде жетіліп жатыр.
– Қазақстандық БАҚ-тардың арасынан қазақтілді баспасөздерді бөліп қарайтын болсақ, оған қандай баға берер едіңіз?
– Газет жөнінде айтар болсақ, ең алдымен, оның таралымы сөз болады. Бұл жағынан келгенде, әрине, қазақ газеттерінің ешбірі орыстілді газеттер секілді жарты миллион тара­лымға жете алмай отыр. Бірақ оның себебі көп. Меніңше, болашақта қазақ газеттерінің таралымы өседі.
– «Қазақтілді БАҚ ұлттық тақырыптар мен тіл тақырыбынан ары аса алмайды» деген сын-пікір көп айтылады. Қазір бұл жағдай өзгерді ме?
– Жалпы, бұл сынның өзін толыққанды дұрыс айтылған деп айта алмаймыз. Дегенмен қазір қазақтілді БАҚ та кез келген тақырыпқа бара береді, әртараптанды. Оның үстіне, қазір көптеген мықты-мықты басылымдар, телеарналар пайда болып жатыр. Газеттердің арасынан осы «Алаш айнасын» ғана қарап отырсақ, кез келген тақы­рып түбіне дейін талқыланады. Рухани, әлеу­меттік, экономикалық, саяси мәселелердің бәрі сауатты тарқатылады. Ал телеарналарды айтар болсақ, қазір толыққанды қазақша арналар пайда болып жатыр. Олардың болашағы зор.
– Қазақстандық БАҚ үшін ендігі 20 жылға қандай болжам айтар едіңіз?
– Меніңше, ендігі 20 жылдан кейін қазақ­стандық БАҚ өзінің төртінші билік функциясын толық атқаратын болады. Сапасыз әрі ұсақ газет­тердің жойылып кету есебінен сапалы газеттердің таралымы өседі. Бұл олардың сапасының одан ары артуына себеп болады. Қазақтілді теле­ар­на­лар міндетті түрде өзінің көрермендерін табады. Цифрлық жүйеге жаңадан бейімделіп жатқан қазақтар алдағы жиырма жылда өз арналарын табады.