Алдағы 20 жылда қазақстандық БАҚ өзінің төртінші билік функциясын толық атқаратын болады
Сағымбай Қозыбаев, Қазақстан Журналистика академиясының президенті:
– Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы тұсында қазақстандық БАҚ туралы, оның саны мен сапасы жөнінде не айтар едіңіз?
– Қазақстандық БАҚ-тың өсіп-өркендеп келе жатқанына менің күмәнім жоқ. Тәуелсіздік алған жылы Қазақстанда тіркелген БАҚ-тың саны 600-дің шамасында еді. Содан бері, тіпті дағдарыс кезеңінде де олардың саны тек артып отырды. Медиахолдингтер, медиаконцерндер құрылды – қазір мұндай құрылымдардың саны он шақты. Біздің төңіректе мұндай көріністі тек Ресей мен Қазақстаннан ғана байқауға болады. Қазір Қазақстанда тіркеуден өткен сегіз мыңнан астам БАҚ өкілдері бар болса, олардың екі жарым мыңдайы белсенді жұмыс жасайды. Тіркелген БАҚ-тың 83 пайызы – жекеменшік. Сонымен қатар журналистерге қатысты ұйымдар да көбейіп жатыр. Журналистер одағы, Журналистер академиясы, Журналистер конгресі, Медианет, Интернюс, «Әділ сөз» сияқты он шақты мекеме бар – бұл жақсы көрсеткіш. Еуразиялық медиафорум да қазақстандық БАҚ-тың беделіне оңтайлы әсер етіп жатқан жоба. ТМД аумағында мұндай жоба жоқ.
– Қазақстандық БАҚ-тың бәсекелік жолмен қаржыландырылуы, техникалық жабдықталуы жөнінде не айтар едіңіз?
– Еліміздің «БАҚ туралы» Заңының тарихы қалай дамып жатыр? Бір емес, бірнеше өзгертулер мен толықтыруларды басынан өткерген заң сіздіңше дұрыс бағытта жетіліп жатыр ма?
– Иә, «БАҚ туралы» Заңға әркез толықтырулар енгізіліп жатыр. Соңғысында, 2009 жылы заңға интернет мәселесін енгіздік. Және бұл соңғысы емес, мұндай толықтырулар әлі де жалғаса береді. Қазірдің өзінде теле-радио таратылымы жөніндегі толықтырулар Парламентке ұсынылып қойды. Меніңше, «БАҚ туралы» Заңымыз өз деңгейінде жетіліп жатыр.
– Қазақстандық БАҚ-тардың арасынан қазақтілді баспасөздерді бөліп қарайтын болсақ, оған қандай баға берер едіңіз?
– Газет жөнінде айтар болсақ, ең алдымен, оның таралымы сөз болады. Бұл жағынан келгенде, әрине, қазақ газеттерінің ешбірі орыстілді газеттер секілді жарты миллион таралымға жете алмай отыр. Бірақ оның себебі көп. Меніңше, болашақта қазақ газеттерінің таралымы өседі.
– «Қазақтілді БАҚ ұлттық тақырыптар мен тіл тақырыбынан ары аса алмайды» деген сын-пікір көп айтылады. Қазір бұл жағдай өзгерді ме?
– Жалпы, бұл сынның өзін толыққанды дұрыс айтылған деп айта алмаймыз. Дегенмен қазір қазақтілді БАҚ та кез келген тақырыпқа бара береді, әртараптанды. Оның үстіне, қазір көптеген мықты-мықты басылымдар, телеарналар пайда болып жатыр. Газеттердің арасынан осы «Алаш айнасын» ғана қарап отырсақ, кез келген тақырып түбіне дейін талқыланады. Рухани, әлеуметтік, экономикалық, саяси мәселелердің бәрі сауатты тарқатылады. Ал телеарналарды айтар болсақ, қазір толыққанды қазақша арналар пайда болып жатыр. Олардың болашағы зор.
– Қазақстандық БАҚ үшін ендігі 20 жылға қандай болжам айтар едіңіз?
– Меніңше, ендігі 20 жылдан кейін қазақстандық БАҚ өзінің төртінші билік функциясын толық атқаратын болады. Сапасыз әрі ұсақ газеттердің жойылып кету есебінен сапалы газеттердің таралымы өседі. Бұл олардың сапасының одан ары артуына себеп болады. Қазақтілді телеарналар міндетті түрде өзінің көрермендерін табады. Цифрлық жүйеге жаңадан бейімделіп жатқан қазақтар алдағы жиырма жылда өз арналарын табады.