Ауыл әлеуеті артып келеді
Ауыл – қазақтың негізгі күретамыры. Ұлт руханиятының ошағы да ауылдан бастау алады. Салт-дәстүр, мәдениеттің сарқылмас мол қоры да ауылдарымызда сақталып келеді. Көпті көрген көнекөз қарттарымыз ауылда жатып-ақ ұлт болашағы үшін ұрпақ тәрбиесіне үлес қосуда. Осы орайда қазақты ауылсыз елестету қиын. Мұны ескерген Елбасымыз да ауыл мәселесін бір сәт естен шығарған емес. Соның дәлелі – мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік дамуын ауылдың өмір деңгейімен бағалаған ел басшысының ауылдың әлеуетін көтеру бағытында уақыттың сұранысына сай қабылдап отырған мемлекеттік бағдарламалары.
Айта кетер жайт, ауыл үшін жасалып жатқан іс-шаралар оң нәтиже берді. Бір кездері ауылдан үдере көшкен халық ауылға тұрақтанып, болашаққа деген сенім күшейе түсті. Ұлттық халық санағының дерегі бойынша, соңғы 10 жылда ауыл халқы 12 пайызға өскен. Бұл, әрине, көңілге қуаныш ұялатады. Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, 1999 жылы ауыл тұрғындары республика халқының 43,6 пайызын құраған болатын, одан бергі уақытта халықтың ауылға тұрақтануы жыл өткен сайын артып келе жатыр. Осы орайда ауылдық жерлердегі тұрғындар санының артуы мемлекет атқарған оң істердің нәтижесі екені даусыз.
Ел басшысы жыл сайын халыққа арнаған Жолдауларында алтын бесік ауылды заманға лайық дамытып, өркендетудің маңыздылығын айтумен келеді. 2002-2005 жылдары жобаланған «Ауыл жылдары» бағдарламасы аясында жүргізілген кешенді жұмыстарға дейін кейбір орталықтан шалғай елді мекендердің жағдайы ауыр деңгейде болды. Елбасы бастамасымен қолға алынған ауқымды еңбектер нәтижесінде көптеген мәселе оң шешімін тапты. Ауыл жылдарында жол, ауызсу, мектеп, аурухана құрылыстарын жүргізуге – 2003 жылы шамамен 40 миллиард, 2004 жылы – 50 миллиард, 2005 жылы 55 миллиард теңге мемлекет қазынасынан бөлінген. Ауыл жылдары мемлекет тарапынан атқарылған істің бас-аяғы бұл ғана емес. Ауыл халқының рухани-мәдени өмірі де назардан тыс қалған емес. Қазір жер-жердегі мәдениет үйлері өз жұмыстарын қайта жаңғыртып, әрбір мереке сайын кешенді түрде ойын-сауық ұйымдастыруда.
Орталықтан шалғайда орналасқан ауылды жаңа ғасыр талабына сай дамыту үшін бүгінгі күннің жас мамандары қажет екені белгілі. Сондықтан мемлекет «Дипломмен – ауылға» жобасы арқылы кадр мәселесін шешуді қолға алды. Мұнда жастар ең әуелі өз мамандығы бойынша қызметке орналасса, екіншіден, жолдамамен барған жастар ауылдық жерлерден мемлекеттің көмегімен баспаналы болуға және бір реттік жәрдемақы алуына мүмкіндігі бар. Бағдарлама жүзеге асқаннан бері ауылдық жерлерге 6000-нан астам жас маман қызметке орналасыпты. Биылғы жылдың өзінде мемлекет 4000 жасты аталмыш жоба бойынша ауылдарға тартуды көздеп отыр. Ауылға жолдама арқылы бет түзегендердің қатарын педагогтер, дәрігерлер, мәдениет қызметкерлері мен халықты әлеуметтік қорғау қызметкерлері құрайды. Бүгінде қаржы дағдарысы етектен тартып тұрған кезде мұндай ауқымды шаралар – болашақта ауылдық жерде тұруға ниеттенген жастардың ықыласын арттырып, болашаққа үміт ұялатып, олардың тұрақтап қалуына жасалған игі қадам. Бүгінде алыс ауылдық аймақтарда коммуналдық желілерді қайта жарақтандыру, сумен, жылумен қамтамасыз ету, жергілікті мәндегі автомобиль жолдарын салу, қайта жөндеу сияқты шешімін таппай отырған мәселелерді тез арада шешу мақсатында жұмыстар атқарылуда. Ауыл шаруашылығына беріліп отырған дотация жылдан-жылға артып келеді. Мемлекеттің кешенді жобаларының нәтижесінде ауылдық жерлердегі шешімін таппай келген біраз мәселе оң бағыт алуда. Ұлтымыздың алтын қазығы ауыл өмірін жақсарту мемлекетіміздің басты міндетіне айналғаны –қазақ үшін үлкен қуаныш!