Бизнесті қолдау бағдарламасына насихат керек
Еліміздің экономиканы дамыту жолында ұстанып отырған бағыттарының бірі – «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы. Онда елдегі бизнестік бастамаларды қолдау; кәсіпкерлік секторды сауықтыру; шетелге өнім шығарушыларды сүйемелдеу шаралары қарастырылған.
Бүгінде осы бағдарлама аясында елде бизнесті енді бастаған кәсіпкерлерге кешенді қызмет көрсету орталықтары ашылып отыр. Мәселен, «Даму», «Қазбизнес консалтинг», «Макстэр» қызмет көрсету орталықтары кәсіпкерлерге маркетингілік сұрақтар бойынша; бухгалтерлік салықтық есеп жүргізу тұрғысында; заңгерлік кеңес аясында, кедендік процедуралар туралы хабардар етіп, ақыл-кеңес беріп отыр.
Шолпан Бижанова, аталмыш бағдарлама жөнінде Алматы қаласы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы шағын бизнес бөлімінің бастығы:
– «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасында бизнестік бастамаларды қолдау хақында ашып айтылған. Сондықтан республика аймақтарында елдегі кәсіпкерлерге ауқымды көмек көрсету мақсатында кешенді ақысыз қызмет көрсету орталықтары ашылды. Жалпы алғанда, бүгінгі күні «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы кәсіпкерлерді қолдаудың нақты құралы ретінде танылып, оған деген бизнес-қауымдастықтың сұранысы күткендегіден де асып түскендігін атап өтуге болады. Соңғы мәліметтер бойынша, бірінші бағыт бойынша 159 өтінім түссе, екінші бағыт бойынша – 314 өтінім, үшінші бағыт бойынша 33 өтінім келіп түскен. Аталмыш бағдарлама – біз жиі сөз етіп жүрген банк пен өндірістің арасын жалғайтын өткелдің бірі. Біз бұл бағдарламаны пайдалану барысында мынадай жайттарға қол жеткіземіз: а) еліміздегі өнім өңдеуші саланың қолына қаржы тиеді. Бұл дегеніңіз – отандық өнім легінің артуына сеп болады; ә) бизнесті жаңа бастап жатқандарға бағдарлама бойынша жеңілдіктер қарастырылған; б) бағдарлама арқылы отандық кәсіпкерлер өз өнімдерін шетелге шығаруға қолдау алады; в) бұған қоса, бағдарлама барысында инновациялық жаңа технологияларға қол жеткізуге болады.
Негізінен, деректерге сүйенсек, еліміздегі кәсіпкерлердің 40 пайызы заңды білу сауаттылығына келгенде кібіртіктеп жатса, кәсіпкерлеріміздің 20 пайызы құжатбастылыққа келгенде тым салғырт, ал қалған 20 пайызында белсенділік, бәсекеге деген ұмтылыс жоқ көрінеді. Ал бұл үрдіс бизнестің адымын аштырмай, бұғаулай түсетінін алға тартқан мамандар «ендігі кезекте кәсіпкерлердің белсенділігін ояту қажет» деседі. Бұл ретте «Сервис» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының құрылтайшысы Владимир Ермаков:
– 2020 жылдары Қазақстан бизнесінің жұлдызы жанып, өнім өңдеуді шебер меңгергендердің тасы өрге домаламақ. Әрине, оны уақыт таразылай жатар. Ал нақ қазір бір анығы – бізде отандық өнімнің бағын байлау, отандық тауарды тұқырту көзқарасы әлі басым. Міне, бізге экономикалық әлеуетімізді көтеру үшін алдымен осы көзқарастан арылу керек тәрізді... Ол үшін, әрине, отандық кәсіпкерлердің белсенділігі басым болуы керек, – деді.
Жалпы, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын жүзеге асыру үшін 2010 жылы республикалық бюджеттен 30 млрд теңге бөлініпті. Осы 30 млрд теңгенің 12 миллиарды – жаңа бизнестік-бастамаларды қолдауға, 16 миллиарды – кәсіпкерлік секторды сауықтыруға және 2 миллиарды экспортқа бағытталған өндірісті қолдауға беріледі деп жоспарланған.
Кеше Алматыда аталмыш бағдарламаның орындалу барысын, кәсіпкерлердің бағдарламаға атсалысуын талқылаған жиында бас қосқан сарапшы мамандар бағдарлама жөнінде осылай өз пікірлерін өрбітті. Қайсыбір сарапшылар бұл бағдарламаны біз дер кезінде қолға алып отырмыз десе, мамандардың енді бір парасы бағдарламаны әлі де толық ұғына алмай жатқанымызды, қызмет көрсету орталықтары отандық кәсіпкерлердің түгелін қамтуға аздық ететінін, насихаттау жағы тым төмендігін алға тартады. Тіпті мұндай ақысыз қызмет көрсететін орталықтардың бар екенінен кәсіпкерлер мүлде хабарсыз екендігі де айтылып қалды. Сондықтан мамандар болашақта бағдарламаның насихатын асыру қажеттілігін баса айтуда...