Болашақ чемпиондарды бүгіннен баптайық
Жас шыбықты қалай қарай қисайтып отырғызсаң, солай қарай өсетіні белгілі. Сондықтан мемлекетіміз балалар мен жасөспірімдер спортына да ерекше көңіл бөліп отыр. Басты мақсатымыз – Әлем және Олимпиада жеңімпаздарын мектеп қабырғасынан қалыптастыру.
Әлбетте, бірден бәрі керемет болып кетпейтіні белгілі. Бірақ осы уақытқа дейін атқарылған істер аз емес. Мәселен, 1996 жылы «Қазақстан Республикасында бұқаралық спортты дамытудың 1996-2000 жылдарға арналған мемлекеттiк чемпиондарын бағдарламасы» қабылданды. Қиын кездердің бірі болатын. Жаппай қысқартылу жүріп жатқан кез. Кәсіпорындармен қоса, спорттық мектептердің де жабылып жатқан шағы. Бірақ әлгі бағдарламадан кейін балалар мен жасөспірімдер мектептерінің қысқартылуы тоқтатылып, 2000 жылы елімізде 271 спорт мектептері жұмыс істей бастады. Онда 116 мыңнан астам балалар спортпен шұғылданды. Спорттағы дарынды балаларға арналған алты спорт мектеп-интернаттары ашылды. Соның нәтижесінде, мектеп-интернат оқушыларының саны 942-ден 2385-ке дейін көбейді. Ал 2001 жылы Республикада 290 спорт мектебі жұмыс істеп, оларда 134 мың балалар мен жасөспірімдер тәрбиеленді.
Бұдан кейін 2001 жылы Елбасының жарлығымен ел спортын көтеруге бағытталған тағы бір бағдарлама қабылданды. Төрт жылға бір-ақ қабылданған бағдарламаның соңында балалар мен жасөспiрiмдер спорт мектептерiнiң саны көбейіп, 2005 жылдың 1 қаңтарында 389-ға жетті, ондағы спортпен шұғылданушы балалар саны 200 529 адамды құрады. Спорттағы дарынды балаларға арналған үш республикалық және 13 облыстық мектеп-интернат ашылды. Мұндағы спортты серік еткен жеткіншектер саны 3710 адамды құрады.
2006 жылдың соңғы күндері бұқаралық спортты өркендетуге арналған тағы бір бағдарламаның қабылданғанына куә болдық. Мұның нәтижесі тіптен тамаша. Атап айтар болсақ, 2010 жылы 38 балалар мен жасөспірімдерге арналған мектеп, бес мектеп-интернат, алты спорттық кешен, сегіз стадион және бір бассейнге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жеткіншектер игілігіне қайта берілді. Сондай-ақ «Жол картасы» бағдарламасы бойынша да қайта құлпырып шыға келген спорттық мектептеріміз аз емес. «Жол картасы» бағдарламасы, әсіресе ауылдық жерлердегі спорттық нысандарды жарылқап, 2010 жылы 38 балалар және жасөспірімдер спорт мектептері мен бес мектеп-интернат «ине-жіптен» өткізілді.
Бүгінгі күні жұмыс істеп тұрған жеткіншектерге арналған республикалық мекемелер:
• Спорттық шеберлігін жетілдіру мектептерінің саны – 17. Оның үшеуі – республикалық деңгейде.
• Олимпиада ізбасарларын даярлау орталықтарының саны – 17.
• Республикалық Олимпиада даярлау орталықтары – 8.
• Спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттарының саны – 15. Оның төртеуі – республикалық деңгейде.