Діни төзімділіктің төрт белгісі сақталған ел – Қазақстан
Ғылыми-зерттеулерге сүйенсек, дін – қоғамды біріктіруші де ыдыратушы да фактор болып қала береді. Қазіргі кезеңде діни төзімсіздік қоғамды тұрақсыздыққа, қақтығыстар мен жаппай кедейшілікке тірейтінін көз көріп отыр. Тарихқа сүйенсек, діни наным-сенімді сыйламаудың түбі қанды шайқастарға ұласып, бүтін бір мемлекеттің жойылып кетуіне де әкелген. Ғылымда діни төзімділіктің бірнеше белгісі көрсетілген. Олар мыналар: бірінші – өзге діндегі азаматтардың сеніміне төзімділік (мұсылман-христиан, мұсылман-буддист т.б.); екіншісі – өзге конфессиялардың өкілдеріне деген төзімділік (сунниттер-шииттер, католиктер-протестанттар); үшіншісі – дәстүрлі емес діндер мен олардың өкілдеріне төзімділік; төртіншісі – Құдайға мойынсұнғандар мен атеистер арасындағы төзімділік. Діни төзімділіктің классификациясына қарайтын болсақ, бұл төртеуі Қазақстанда сақталған. Бір сөзбен айтқанда, татулықты ту еткен Тәуелсіз Қазақстанда діни төзімділіктің барлық түрі сақталған. Оған дәлелдер де жоқ емес.
ҚР Конституциясы 1-бабының 1-тармақшасында: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары», – деп жазылған. Яғни демократия құндылықтарымен жүретін біздің ел – сонымен қатар зайырлы мемлекет. Православие, буддизм және ислам әлемінің ортасында орналасқан Қазақстан «Өркениеттер қақтығысы» атты әйгілі мақала жарияланған жылдары азаттық алды. Барынша жариялылықты, географиялық факторларды ескеру аса маңызды болды. Дін сияқты өте нәзік мәселеге екі шоқып бір қараған еліміз бүгінде діни төзімділіктің үлгісін көрсетіп келеді. Халықаралық ұйымдар мен әлемдік сарапшылардың пікірінше, Қазақстан әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға қомақты үлес қосуда. Оның бір айқын дәлелі – дүниежүзінде тұңғыш рет қазақ жерінде ұйымдастырылған әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің съездері. 2003 жылы алғаш рет Астанада өткізілген форум әрбір үш жыл сайын ұйымдастырылатын болып, 2006 және 2009 жылдары елордада өз жалғасын тапты. Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің съезін өткізу туралы идеясын ислам, православие, католицизм, протестантизм, буддизм, индуизм, конфуциандық, иудаизм және басқа да көптеген діндердің өкілдері қолдап отыр. Осы бір бастама арқылы қанды қақтығысқа дейін барған діндер арасындағы келіспеушіліктер бір үстелдің басында мәселе етіп көтеріліп, күн тәртібіне шығарылды.
Аталған съезд бір діннің мүддесіне жұмыс істемей, адамзатқа ортақ өзекті проблемалар талқыланатын дінаралық диалог құруға мүмкіндік жасайтынын көрсетіп келеді. Жалпыадамзатқа ортақ дәл осындай сипаттағы форумды ұйымдастыруға моральдық құқыққа ие бір ел болса, ол – Қазақстан. Себебі Тәуелсіздік жылдары біздің қоғамдағы діннің рөлі үлкен екенін көрсетіп берді. Деректерге сүйенсек, 1989 жылғы 1 қаңтарда Қазақстанда 671 діни қауым, 20 конфессия мен деноминация болған. 20 жылда діни бірлестіктер саны алты есе көбейіп, екі жыл бұрынғы жағдай бойынша олардың саны 4460-қа, ал конфессиялар мен деноминациялар саны 42-ге жетті. Діни бірлестіктердің арасында: ислам – 2724, орыс православ шіркеуі – 304, Рим-католик шіркеуі – 87, протестантизм – 1267 және 46 дәстүрлі емес дін мен жаңадан құрылған діни бірлестіктер тіркелген. Діни бірлестіктердің иелігінде үш мыңнан астам діни ғимараты бар, соның ішінде мұсылман мешіттері, православ шіркеулері, католик костелдері, синагогалар, протестанттық ғибадат үйлері т.б. атап өтуге болады. Бұл біздің елдегі дін мәселелері бойынша заңнамамен белгіленген процедураларды тіркеудің либералдығын білдіреді. Елімізде 8 жоғары (соның ішінде: 2 ислам, 1 католик, 1 лютерандық, 4 протестанттық), 6 арнайы орта және 3 жалпы білім беретін діни оқу орны бар. Қазіргі таңда республикада 20 елден 300-ге тарта шетелдік миссионер жұмыс жасайды екен.
Тәуелсіздік жылдарында рухани дәстүрлердің жаңғырғанын көруге болады. Жыл сайын мешіттер, шіркеулер, синагогалар бой көтеруде.
Отандық дінтанушылардың пайымынша, екі алып құрлықтың тоқайласқан жерінен орын тепкен Қазақстанның дінаралық диалогтің бастамашысы мен белсенді қатысушысы атануы заңдылық. Жасыратыны жоқ, елімізде көптеген этностар мен дін өкілдері тұрып жатыр, олардың өзара әрекеттесуінің үлкен тәжірибесі бар, сондықтан Қазақстанның конфессиялар мен өркениеттердің жемісті диалогі орнаған мекен атануға құқығы бар. Съездерді өткізу Қазақстанды өркениеттер арасындағы диалог алаңына айналуға мүмкіндік берді. Дін лидерлері мен саясаткерлер Астанаға әлем дамуындағы ең өзекті мәселелердің шешімін табу үшін әрбір үш жыл сайын жиналып тұрады.
Түйін
Осыдан бір-екі жыл бұрын алыс-жақын шетелдерде «Этносаралық және конфессияаралық келісімдердің қазақстандық моделі» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді. Қазақ елінің тиімді саясатын сырткөз саралап жатыр. Венгрия, Чехия, Бельгия сияқты Еуропа елдерінде өткен мұндай жиындар Қазақстандағы діни толеранттылықты кеңінен насихаттады. Аталған елдерде «Н.Назарбаев – этносаралық және конфессияаралық келісімдердің қазақстандық моделінің негізін қалаушы» атты кітап бірнеше тілге аударылып басылды.