Ел спортының инфрақұрылымдық жүйесі
Қазақстанда спортты дамытуға ден қойылып, дене тәрбиесін дамыту үшін сәулетті стадиондар мен спорт кешендерін жөнге келтіру қолға алына бастады. Бүгінгі таңда біздің елде қазіргі заманғы халықаралық стандартқа сай спорттық ғимараттар саны көбейіп келеді.
Елімізде спортпен шұғылданушылардың санын көбейту үшін бірінші кезекте инфрақұрылымдық жүйені дамытып, спорт ғимараттарының санын көбейтуге айрықша көңіл бөлінуде. Денешынықтыру және спорттық-сауықтыру ұйымдары мен орындарын ашуды былай қойғанда, одан да маңызды жобалар қолға алынып, халықаралық үлгідегі сәулетті спорт кешендері ашыла бастады. Жалпы, кейінгі жылдары республикада спортты дамытудың негізі көрсеткіштерінің өсіп, материалдық-техникалық базалардың көбейіп келе жатқандығы байқалады. Мәселен, 2011 жылдың басында еліміздегі спорттық ғимараттардың саны 31 266 бірлікке жетті. Әрі жыл сайын спорттық ғимараттардың саны тек өсу үстінде. Бұл тұрғыда 2005 жылы республикадағы спорттық ғимараттар санының 28 666 бірлік болғанын айта кетсек, артық етпес. Сонда бес жылдың ішінде спорттық ғимараттар саны 2600 бірлікке өскен. Биыл жыл соңына дейін жаңадан 936 құрылыс бой көтермек. Ауылдық жерлерде 721 нысан, жекеменшікте 690 нысан пайдалануға берілді. Жыл басынан бері бірнеше спорттық кешендер мен ғимараттар пайдалануға берілді. Республикамыздың көптеген облыс және аудан орталықтарында ашылу салтанаты ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналып, құрылысы аяқталуға айналған спорттық кешендер де біршама.
Соңғы жылдары Ақмола және Атырау облыстарында екі Спорт сарайы салынып, Қостанай және Павлодар облыстарында екі Спорт сарайы қайта құрылымданды. Атырауда жүзу бассейні бой көтеріп, Астанада Ұлттық теннис орталығы мен бокс орталығы салынды. Алматыдағы «Шаңырақ» ықшамауданында үш залды, 50 метрлік бассейні бар спорттық кешен пайдалануға берілді. Былтырдың өзінде спорттық кешендер саны – 16 бірлікке, ал спорттық залдар саны 34 бірлікке артты. Сондай-ақ 13 теннис корттары орталығы салынды. Ақтөбе облысындағы алты корты бар теннис орталығын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі ашып, тұсауын кесті. Ал биыл Талдықорғанда қала күнінде жаңа теннис орталығы ашылды. 14 мыңға жуық шаршы метр аумақты алып жатқан теңдессіз теннис орталығында да алты корт бар. Олардың төртеуінің төбесі ашық та, екеуінің төбесі – жабық. Бұл сәулетті иммарат Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық тойына тарту ретінде салтанатты түрде ашылды.
Елбасының жыл сайынғы Жолдауының негізгі бағыттарын жүзеге асыру мақсатында 2008 жылы барлық облыстардың және Астана мен Алматы қалаларының әкімдіктеріне дене тәрбиесі мен сауықтыру орталықтарын дамыту тапсырылды. Мұндай орталықтарды тек облыс орталықтарында емес, аудан орталықтары мен шағын қалаларда салу қолға алынып, үлгілік жоба жасалды.
2009 жылдан бастап Елбасының бастауымен «Жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы қарқынды түрде жүзеге асырыла бастады. Екі жыл ішінде, осы бағдарламаның аясында қыруар жұмыс атқарылды. Мысалы, 2009 жылы 56 спорттық нысанда жөндеу жұмыстары жүргізілді. Олардың 29-ы күрделі жөндеуден өтсе, 27-сі ағымдық жөндеуден өтіп, құлпырып шыға келді. Осы 56 спорттық нысанның 44-і қалалық жерде орналасса, 12-сі ауылдағы спорттық «шаңырақтар» еді. Жөндеу жұмыстарына жұмсалған қаржы 1 525,4 млн теңгеге жетті. Бұл жылы «Жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы еліміздің он аймағында жүзеге асырылды. 2010 жылы еліміздің 12 аймағында 58 спорттық нысан жөндеуден өтті. Жөндеу жұмыстарына жұмсалған қаражаттың жалпы сомасы 3 млрд 112 млн 764 мың теңгені құрады. Бұл – 2009 жылғы «Жол картасы» аясында жұмсалған қаржыдан екі есе көп сома. Бір көңіл аударарлығы, осы 58 спорттық нысанның жартысынан көбі, нақтырақ айтқанда, 34-і ауылдық жерлерде орналасқан.
Ал 2011 жыл қазақ спортының тарихында алтын әріптермен жазылып қалары сөзсіз. Әлемдік экономикалық дағдарыс әсер етіп отырған қиын-қыстау кезеңде еліміз үлкен істі қолға алып, оны абыроймен атқарып шықты. Жыл басында VІІ қысқы Азия ойындары өтіп, Астана және Алматы қалаларында бірнеше спорттық ғимараттар салынып, қазір халық игілігіне пайдаланылуда. Астана қаласында Республикалық «Сарыарқа» велотрегі, «Алау» конькимен жүгіру стадионы салынып, «Қазақстан» спорт сарайы жөндеуден өтті. Ал Алматыда шаңғымен тұғырдан секіруге арналған халықаралық мәдени-спорттық кешен салынып, Балуан Шолақ атындағы Мәдениет және спорт сарайы қайта құрылымданып, жаңа реңге бөленді. «Медеу» мұзайдыны мен «Шымбұлақ» тау шаңғысы кешенінде жөндеу жұмыстары жүргізілді. Алматы облысы Талғар ауданындағы «Салтатты сай» шатқалында шаңғышылар мен биатлоншыларға арналған қос стадион бой көтерді.