Тәуелсіздік айнасы

Еліміздің үдемелі экономикалық дамуына кедергі жоқ

  • Еліміздің үдемелі экономикалық дамуына кедергі жоқ

    Еліміздің үдемелі экономикалық дамуына кедергі жоқ

Еуропа аймағында болып жатқан қаржы дағдарысы әлемдік экономиканың даму бағытын өзгертті. Енді кейбір экономист-сарапшылар Қытай мен Үндістан сияқты алып елдердің экономикалық әлеуеті әлсірейді деп болжап отыр. Бұл жағдайды болдырмау үшін бизнестің алдындағы әкімшілік тосқауылдарды азайтып, мемлекеттік басқару моделін барынша жаңарту қажет. Қазақстанда ондай қауіп жоқ. Бүгінде отандық бизнесті дамыту үшін жан-жақты жағдай жасалып, негізсіз кедергілердің бәрі жойылып келеді. Сол себепті еліміздің мемлекеттік басқару жүйесін қайта қараудың қажеті шамалы. Алдағы бес жылда біздің үдемелі экономикалық даму үдерісіміз сақталады. Сондықтан Қазақстан әлемде болуы ықтимал дағдарыстың «екінші кезеңіне» толығымен дайын деген пікір бар.

Кеше Астанада тағы бір экономикалық форум өтті. «Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы: Тәуелсіз 20 жыл және жаңа міндеттер» тақырыбында болған осы жолғы форумда Қазақстанның алдағы мақсат-міндеттері ғана емес, әлемдік экономиканың жай-жапсары да жан-жақты қаралды. Осыған орай, Бүкіләлемдік банк, Азия даму банкі тағы басқа іргелі қаржы институттарының басшылары мен кәсіби экономист-сарапшылары өз болжамдарын ортаға салды. Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов те бұл отырыстан тыс қалған жоқ. Ол таңертең форум жұмы­сына  қатысып, Ресей  Федерациясының сауда және эконо­ми­калық даму экс-министрі, бүгінгі «Ресей жинақбанкі» бас­қар­масының төрағасы Герман Грефтің баян­дамасын тыңдап кетті.

Жаһандық экономиканың дамуына қатысты Г.Греф сияқты экономистің баяндамасын тыңдаудың да жөні бар екен. Кереку жерінде туған ол көрші Ресейдің экономикасын дамыту жолында біраз еңбек етті. 2000 жылы Ресей Федерациясының президенті қызметіне Владимир Путин сайланған кезде, Касьяновтың үкіметі құра­мында болған Г.Греф экономикалық даму министрі болып тағайындалды. Бұл мем­лекеттік қызмет ол үшін арнайы ашылған екен. 2007 жылға дейін Ресей үкіметінің үш мәрте ауысқанына қарамастан, ол экономи­калық  даму  және  сауда министрі лауазы­мын сақтай білді. Бірақ Ресейдің бұрынғы пре­мьер-министрі Михаил Фрадков өз еркімен үкіметтің құзыретін президентке тапсырып кеткеннен кейін, Г.Греф министр­лер кабинетінің жаңа құрамына кірген жоқ. Сол жылдан бастап  ол  «Ресей жинақбанкі» АҚ-ының басқарма төрағасы қызметіне сайла­нып, биыл оның бұл қызметі қосымша төрт жылға ұзартылды. Министр болған кезінде Г.Греф Ресейдің Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру бастамасының белсенді жақтаушысы ретінде танылды.

Міне, осындай мемлекеттік мәртебесі бар заңгер, экономист әрі қаржыгер Г.Греф­тің болжамы бойынша, болашақта Қытай және Үндістан сияқты алып мемле­кеттердің экономикалары әлсірейді. Бұл жағдай әлемдік экономикаға әсер етпей қоймайды. «Жақын арада Қытайдың эконо­микалық даму көрсеткіштері күрт төмен­дейді. Себебі бүгінде ол елде жалпы ішкі өнімнің адам басына шаққандағы көлемі сындарлы көрсеткішке жетті. Негізі, ондай жағдайға тап болған мемлекеттердің барлы­ғында да экономикалық даму деңгейі төмендеген. Сондықтан алдағы жылдары Қытайдың экономикалық қауқарының азаюына куә боламыз. Әрине, ол, ең бірінші кезекте әлемдік қауымдастықтың көңіл күйіне әсер етсе, екінші жағынан әлемдік экономиканың тұтыну қарқынын тежейді», – деп атап көрсетті Г.Греф. Оның сөзіне қарағанда, Қытай экономикасында сырт көзге көрінбейтін біраз тепе-теңсіздіктер бар. Оның негізгі себебі – орта және шағын бизнесті дамытуға 21-25 пайызбен беріле­тін тым қымбат ресурстар. Ірі құрылымдар болса, ондай ресурстарды 5-6 пайызбен емін-еркін алуда. Үндістан экономикасының жағдайы да мәз емес. Соңғы үш жыл бойы ол елдің инфляция деңгейі 9 пайыздан түс­пей келеді. Ал өнеркәсіп өндірісінің көрсет­кіші көтерілмей жатыр. Мемлекеттегі эконо­ми­калық бюрократия «жығылғанның үстіне жұдырық» болуда. Сондықтан Үндістан сан алуан әкімшілік тосқауылдарды барынша жойып, мемлекеттік басқару моделін өзгертуі қажет. «Осы екі елдегі өзгерістердің ұзақтығына қарай әлемдік экономиканың даму болашағы айқындалады. Жалпы, соңғы 20 жылда осы аймақтың экспорты жақсы дамыды. Бірақ бүгінде дамыған мемлекеттердің дамушы елдердің өнімін тұтыну көлемі азая бастады. Сондықтан қазір экономикалық даму моделін өзгерту қажеттілігі туындап отыр», – дейді Г.Греф.

Әрине, Г.Греф сияқты беделді экономис­тің бұл болжамын оқып-тоқыған кезде, Ресейдің бүгінде Дүниежүзілік сауда ұйы­мы­на кіруге бар күш-жігерін салып жатқан­дығын да ескерген жөн.   

Бізге ондай экономикалық қауіп төніп тұрған жоқ. Шетелдік сарапшылардың болжамы бойынша, Қазақстан жалпы ішкі өнімнің жыл сайынғы 7 пайыздық өсімімен алдағы бес жылда әлемнің қарқынды экономикалары қатарынан көрінеді. «Біздің ойымызша, бұл ел дүниежүзі нарығында негізгі ойыншылардың біріне айналып барады. Оның нақты өсім әлеуеті бар. 2011-2015 жылдары Қазақстан экономи­калық даму жағынан алғашқы үш елдің қатарында өз орнын сақтап, 7 пайыздық өсімге қол жеткізе алады», – дейді Ұлыбри­танияның «Ernst&Young» аудиторлық компаниясының өкілі Алексей Карклин-Марше. Әрине, ел экономикасының өсуіне табиғи ресурстар көмектеспек. Оны шетел­дік сарапшылар да мойындап отыр. Деген­мен Қазақстандағы бизнес үшін жасалып жатқан мүмкіндіктер және жалпы экономи­калық тұрақтылық қосымша инвестиция­лардың тартылуына сеп болмақ. «Бүгінде Қазақстан ТМД аумағы бойынша бизнесті жүргізуге аса қолайлы әрі қонақжай елдер­дің бірі болып саналады. Әрине, ол жағдай­ды әрі қарай жақсарта түсу үшін қажет», – деп атап көрсетті А.Карклин-Марше.

Ресми дерекке сүйенсек, Тәуелсіз 20 жыл­дың ішінде Қазақстан экономикасына  136 млрд АҚШ долларынан астам шетелдік инвестиция тартылды. Бүгінде осы қара­жаттың арқасында елімізде 10 мыңдай компания жұмыс істеп жатыр. Жалпы ішкі өнімнің адам басына шаққандағы көлемі 11 мың  долларға  жетті.  Ал жұмыссыздықтың деңгейі 13 пайыздан 5,3 пайызға дейін тө­мендеді. Экономист-сарапшылардың бол­жа­мына сәйкес, болашақта осы жұмыс­сыздық экономиканың басты мәселесіне айналады. Сондықтан бұл проблеманы үнемі қаперде ұстау лазым.

Қайрат КЕЛІМБЕТОВ, ҚР экономикалық даму және сауда министрі:

– Болашақта да Қазақстан экономи­касының өсу деңгейі 7 пайыздық көрсет­кіште қала береді. Оның басым бөлігі отандық экономиканы диверсифика­циялауға байланысты қолға алынған мемлекеттік бағдарламаларға байла­ныс­ты болмақ. Бұл дегеніміз, Қазақстан жаһандық рецессияға тұрақты даму көрсеткіштерімен төтеп береді. Ол, ең алдымен, мұнайлы емес салаларға тіке­лей байланысты. Негізі, бүгінде Ernst&Young ­компаниясының рейтингі бойынша, Қазақстан қарқынды эконо­микасы бар үш елдің қатарына енді. Бірінші орында – Қытай, екінші орында – Қатар мемлекеті, ал үшінші орынды Қазақстан экономикасы иеленді. Енді біз Экономикалық даму және ынтымақ­тастық ұйымына кіруді жоспарлап отыр­мыз.


Индермит ДЖИЛЛА, Бүкіләлемдік банкінің Еуропа және Азия елдері бойынша бас экономисі:

– Бүгінде Ресей мен Қытай сияқты ел­дер­дің арасында орналасқанына қарамас­тан, Қазақстан  әлемдік нарық­та өз орнын таба білді. Бәлкім, оның геог­рафиялық орналасуы бұл жұмысқа өз септігін тигізген шығар. Қазіргі кезде әлемдегі жалпы ішкі өнімнің 80-90 пайызы Қытай мен Үндістан сияқты алып елдерге тиесілі болса, Қазақстан оның бестен бір бөлігіне ие. Жалпы ішкі өнімнің әлемдік көлемі өсіп келеді. Сондықтан Қазақстанның өз үлесін сақтап қалып, оны арттыра түсу үшін әлі біраз жұмыс жасауы тиіс. Жалпы, біздің болжамымыз бойынша, дамушы елдер алдағы уақытта да экономикалық даму үрдісін сақтайтын болады. Бұл – тарихта Қазақстан өз орнын ойып тұрып ала алады деген сөз.  






Болат ЖӘМІШЕВ, қаржы министрі:

– Біз Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында белсенді түрде тұрақты инвести­циялық дамуға көшуге жол берген берік бағыт құра алдық. Үкімет несие бойынша пайыз­дық ставкаларды қар­жылан­дыру, шағын және орта бизнеске іші­нара несие беруді ке­піл­дендіру, индустриялық инфрақұрылым, бизнесті енгізуді қолдау, кадрларды қайта даярлау мен біліктілікті арттыру, жастар тәжірибесін ұйымдас­тыру мен жаңа әлеуметтік жұмыс орындарын құру негізгі бағыттары болып табылатын «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын дайындады. Сондай-ақ экономикалық дамуға ұмтылу тұрғы­сында ұстанған басым бағыттардың бірі кәсіпкер­лікті, ең алдымен шағын және орта бизнесті дамыту болып отыр. Осыған орай, Мемлекет басшысы 2012 жылға қарай тіркелуі мен жұмысты бастауына байланысты болатын бизнес шығындарын 30 па­йызға, ал 2015 жылға қарай тағы 30 пайызға қыс­қар­туды тапсырған болатын. Бұл шаралар еліміздің экономикалық тұрақтылығын одан әрі нықтай түспек...



Сағындық САТЫБАЛДИН, экономика ғылымының докторы, профессор, ҰҒА академигі:

– 1997 жылы біз, біраз эко­номистер Малай елінің эконо­ми­калық жүйесін тереңдеп білу мақ­са­тында оқуға бардық. Сол кездері Малай елінде 2020 бағ­дарлама­сының негізі жаса­лып жатты. Елге келген соң, біз осы бағдарлама турасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа баяндама жаса­дық. Осыдан кейін біздің елде  эконо­мис­тер­дің көмегімен «Қазақстан – 2030» деген бағдарлама жасалды. Бұл бағдарламаның негізгі көздегені – жерасты байлықтарын дұрыс пайдаланып, соны  ұқсату.  Сондай-ақ биотехнология, нанотехнология­лардың көмегімен елде жоғары технологиялық қуатты зауыт­тар, өнідіріс орындарын салу. Осы әдіс арқылы отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Қазір біз  өзі соған келе жатыр­мыз. Уран өндірісін, мүнай-газ саласын, атом өнер­­кәсі­бін дамытуды біз бүгінде қолға алып жатырмыз. Келе­шекте осы саладағы ғылыми жетістіктеріміздің көзі мола­йып, артатынына сенім мол. Бізде биоотын көзі,  уран легі, атом энергиясы, мұнай, ядро-отын ауқымы мол. Тек бізге болашақта қолда бар байлықты ұқсатып, өзіміздің мүдде­мізді өзгеге жібермеуді үйренген абзал. Мен өз тарапымнан қазақтың мерейі үстем, болашағы кемел болады деп болжам жасай­мын.



Серік НОКИН, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі төрағасы:

– Тәуелсіздікке тәу етіп, дербес егемен республика атанғалы бері елімізде тұрғын үй саласы ерекше қарқынмен дамығанын ешкім де жоққа шығармайды. Бұған соңғы 10 жыл ішінде елімізде 30 мил­лион шаршы метр тұрғын үйдің пайдала­нуға беріліп, оларға ие болған отан­дастарымыздың мере­келеген қоныс тойлары куә. Жаңа үйлер жаңа сәнмен бой түзеп жатқанда, кеңестік дәуірден мұраға қалған көпқабатты үйлердегі коммуналдық инфрақұры­лымның ескіріп, заман талабына сай жаңғыртуды  қажет ете бастағаны да шындық. Республиканың Тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің мәліме­тінше, 2008 жылы коммуналдық жүйелердің 72 пайызы шұғыл жөндеумен тіпті толығымен ауыстыруды қажет ететін деңгейге жеткен. Бұлайша қордаланған мәселені жедел шешуді күн тәртібіне қойған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Жол картасы» бағдарламасын дүниеге әкелу арқылы салада бұған дейін болмаған бетбұрыс жасады. Ал биылғы «Бола­шақ­тың іргесін бірге қалаймыз!» атты Жолдауында Президент ел Үкіметіне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын жаңғырту бағдарламасын қолға алуды тапсырды.




Көрілген: 3683    Пікірлер: 0

жұма, 02.12.2011, 12:29

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    15 Желтоқсан 2011
    Ат қоюдың да сыры бар
    15 Желтоқсан 2011
    20 жылдық жылнама
    14 Желтоқсан 2011
    «Суперфарм» – супержоба
    13 Желтоқсан 2011
    Сырткөз
    9 Желтоқсан 2011
    Тәуелсіздік туындысы
    8 Желтоқсан 2011
    Ел Елбасыға риза
    30 Қараша 2011
    Кеше – бүгін
    17 Қараша 2011
    Кеше – бүгін
    17 Қараша 2011
    Нәтижелі бағдарлама
    5 Қараша 2011
    Кеше – бүгін
    3 Қараша 2011
    Кеше – бүгін

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30