Жүзу білмейтіндердің біразы суға кетті
Тілеукен Алдоңғаров, Астана қаласының тұрғыны:
– Ақмола өңірінде 1959 жылы үлкен ауылшаруашылық фестивалі болды. Фестиваль сол кезде Есілдің арғы бетінде ұйымдастырылды. Сол фестивальді тамашалайық, жанындағы паркті аралайық деп, көрші баламен шешемізден 3 сом ақша алып әлгі жерге бардық. Ол кезде адамдар Есілдің ар жағына ағаш көпір арқылы өтетін. Фестивальға халық өте көп жиналыпты. Барсақ, жұрт ығы-жығы. Көршім екеуміз сол маңдағы карусельге міндік, түріңді өзгертіп тұратын сиқырлы айна бар екен, соны жағалап жүргенде екі сағаттай уақыт өтіп кетіпті. Содан үйге қайтайық деп әлгі көпірден қымтырылысып өтіп бара жатыр едік, көпірдің қолмен ұстап өтетін ағашы сынды да кетті. Жұрт жапырыла өзенге құлады. Біз қайта шығып үлгердік. Сол жердегі жұрт у-шу болды да қалды. Жүзу білетіндер жүзіп шығып жатты, ал жүзу білмейтіндердің біразы суға кетті. Құтқарушылар біразын шығарғанымен, бірталайы батып кетті. Енді біреулері суға малынған ақшаларын көгалға жайып, кептіріп жатыр. Соның бәрін тамашалап жүрсек, алыстан біреулер зарлап жылап келеді. Қарасақ, бізді жоқтап келе жатқан менің шешем мен көрші әйел екен. Бізді көрген әлгілер өлгені тірілгендей болып, тағы жылап көрісті. Міне, Астана жайлы балалық шақтан әлі күнге дейін есте қалған оқиға осы еді. Бүгінде ол көпір жоқ.
Көлік жарығы арқылы ақпарат алатын едік
Серік Балтин, Астана қаласының тұрғыны:
– Бұрын қазіргі «Самал» шағынауданындағы көпірдің орнында жаман ағаш көпір тұратын. Көктемде Есіл өзені ернеуінен асып, су деңгейі көтерілгенде әлгі көпір судың астында қалатын. Жұрт содан өте алмай әбігерге түсуші еді. Бәрінен де шопырларға қиын болатын. Бірақ адамнан айла артылған ба? Оның да амалын тауып өтетінбіз. Ол кезде Астанаға Қорғалжыннан келемін. Арғы жақтан бері өтетін көліктерді күтіп тұрамыз. Өйткені олар көпірдің қай тұста қалғанын, қанша тереңдікте батып жатқанын біледі. Сөйтіп, олардан көліктің жарығын жарқылдату арқылы ақпарат алатын едік. Қазір соның орнындағы үлкен көпірді көріп, жаман көпіріміз осындай болады деп ойламаппыз.
Алғашқы бағдаршамның қызығы
Тұрсын Сарманов, Астана қаласының тұрғыны:
– Астана Целиноград болып тұрған кезде ең бірінші бағдаршам қазіргі Шоқан Уәлиханов пен Кенесары көшелерінің қиылысына орнатылған еді. Сол кезде әлі есімде, бір топ шал-шауқан әлгі бағдаршамның қасын күлтөбеге айналдыратын. Қараңғы түссе болды, бағдаршамның түбіне үстел қойып, шай ішіп, шахмат, карта ойнап, әңгіменің тиегін ағытатын. Алғашқы бағдаршамның қызығы осы еді. Бүгінде осыны айтсаң, езу тартқызбай қоймайды.