Қазақ 70 пайызға жеткен кезде ұлт, тіл мәселелері өздігінен шешімін табады
Мақаш ТӘТІМОВ, демограф-ғалым:
– Тәуелсіздік алған жылдары шетелдік сарапшылар, оның ішінде БҰҰ-ның сарапшылары Қазақстанның демографиялық ахуалына төмен баға берді, «халық саны өспейді, керісінше, азая береді» дегенді айтты. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы тұсында бұл болжамдар жөнінде не айтуға болады?
– Иә, Тәуелсіздік алған жылдары шетелдік сарапшылар тарапынан, БҰҰ-ның сарапшылары тарапынан түрлі-түрлі демографиялық болжамдар жасалды. Оны қате болжамдар деп те айтуға болады. Ал біз үшін, отандық демографтар үшін ол әу бастан-ақ тіпті күлкілі болжам болып көрінген. Әлемдік деңгейдегі демографиялық болжамдарды ұсынушы мамандардың сол кезде Қазақстан туралы білімдері аз еді, қазір де біліп отырғаны шамалы. Олар Қазақстанды Ресейге, Украинаға ұқсатып, солардың артынан құрдымға кететін аймақтардың қатарына жатқызып қойды. Бұл – біліктіліктің аздығынан болған қателік. Тәуелсіздікке ие болған жылдары Қазақстаннан жаппай кетіп жатқандар көп болды, екіншіден, сол дағдарыс жылдарында сәбилердің саны азайып кеткен болатын. Оның үстіне халықаралық сарапшылар қазақстандықтардың бір бөлігі славянтектес халықтардың өкілдері болуын ерекше назарда ұстады. Алайда қазақстандықтардың бәрі орыстан тұрмайды ғой. Қазақстанда түркітектес халықтардың да үлесі басым.
– Тәуелсіздік алғанға дейін еліміздегі қазақтардың үлес салмағы қанша еді?
– Еліміздің барынша қазақтанып жатқанын, мемлекетқұраушы ұлттың үлес салмағы артып жатқанын және арта беретінін айтып жатырсыз. Бұлай жалғаса беретін болса, болашақта «көпұлтты ел» деген тіркес саяси қолданылымнан түсіп қалуы мүмкін бе?
– Көпұлтты мемлекет деп біз саяси тұрғыдан ғана айтамыз. Қазір жиі айтылып жүрген «Қазақстанда 135 ұлттың өкілі бар» деген тіркес Кеңес Одағынан қалған. Ол – тіпті жалғыз Қазақстанға қатысты емес, бүкіл КСРО-ны мекен еткен ұлт өкілдерінің тізімі. Соны біздің статистеріміз 1999 жылғы бірінші ұлттық санаққа да, 2009 жылғы екінші ұлттық санаққа да енгізіп қойған. Халық арасынан бес дүнген, үш бурят, жиырма бес қалмақ деген сияқты адамдар табыла береді. Осы жерде әлемдегі ең біртұтас елдердің бірі Жапонияны мысалға алайық. Сол алақандай Жапонияның өзінен 130 тұрмақ, 200 ұлттың өкілдерін тауып алуға болады.
– Арттағы 20 жылда қазақстандықтардың урбандалуы, яғни қалаға қарай ағылу процесі жылдам жүрді. Бұл құбылыс болашақта біздің көбеюімізге тежеу болмай ма?
– Иә, бізде урбанизация – өте жылдам жүріп жатқан құбылыс. Оның жақсы жақтары да, жаман жақтары да бар. Қазақстан урбаницазиялық процестер жағынан әлемдік орташа деңгейге көтеріліп жатыр, яғни халықтың 50 пайызы – қалада, 50 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Мұндай көрсеткішке жетуімізді жағымсыз құбылыс деп бағалауға болмайды. Мұндағы ескеретін жайт – қалаға көшкендердің басым көпшілігі қазақтар. Яғни бұл демография үшін болмаса да, ел ішіндегі саяси жағдайлар үшін мемлекетқұраушы ұлтқа тиімді болып саналады. Дегенмен қазақ біртіндеп қалалық мәдениетке көшеді. Оның демографияға зияны: әлеуметтік жағдайы тәуір болмаса, бала туу азаяды. Бірақ одан трагедия жасауға болмайды, бұл да – дамудың заңдылығы. Қала дегеніміз – әкімшілік аймақ. Ал оған қазақтар көптеп қоныстанбайтын болса, жүгенсіз қаламыз. Қазір ауылдың да мәдениетінде өзгерістер бар. Мәселен, қалада «үшінші бала» пайда болып жатса, ауылда – «төртінші бала», шалғай ауылдардағы «бесінші бала» жоғалып кетті.
– Демографиямызды көтеру үшін ұсынысыңыз қандай?
– Бізде «Алтын алқаны» – жеті бала, «Күміс алқаны» алты бала тапқан аналарға береді. Ал жас аналар екі-үш баламен ғана шектеліп жатыр. Осы жерде біз аналарды төртінші, бесінші бала тууға ынталандыруымыз керек. Яғни «Қола алқаны» жасауымыз керек, оның да сыйлығын тиісті деңгейде жасасақ, аналар соған ұмтылады. Сондай-ақ әкелерді де назардан тыс қалдырмау керек, мен бір үлкен отырыста бұл мәселені әзілмен араластырып, «отец-молодец» деген сыйлық тағайындауды ұсынған едім. Мұндай бастамаларды мен «Нұр Отан» партиясына да, сенаторларға да жеткіздім.