Тәуелсіздік айнасы

Қазақтың киізі еуропалықтардың назарын аударуда

  • Қазақтың киізі еуропалықтардың назарын аударуда

    Қазақтың киізі еуропалықтардың назарын аударуда

Бір кездері жарыса жинайтын, дәлірегі, қырқым науқанын қыздыратын экологиялық таза, жылу ұстау қасиеті жоғары қой жүні соңғы жылдары қажетсіз дүние ретінде оттың ермегіне айналып, жалынның құшағынан күл болып шығып жатқаны жасырын емес. Өйткені оны өңдейтін, бір қажетке жарататын өндіріс орындары жоқтың қасы. Осы олқылықтың орнын толтыруға оңтүстік өңірде ден қойылды.

Шымкенттегі «Оңтүстік» арнайы эко­но­ми­калық аймағында құрылысы аяқталуға жақын кәсіпорындардың бірі – «Шымкент кашемир» ЖШС. Бұл зауыттың негізгі мақ­саты – Қазақстандағы қойдың жүнінен түбіт айырып, жіп иіру, содан дайын өнім­дер шығару. Жобаны жүзеге асыруға 560 миллион теңге қаражат жұмсалды. Қой жүнінен түбіт айыратын бұл өндіріс орны жылына 20 мың тонна шикізат өңдеп, осы төңіректе тұратын 270 адамды жұмыспен қамтымақ.

Бұл жергілікті тұрғындарға деген тиім­ді­ліктің бір жағы, ал екінші жағына үңілсек, зауыттың өніміне деген сұраныс Батыста да, Шығыста да өте жоғары екен. Оның не­гізгі себебі, қой жүні – экологиялық таза, әрі сапалы өнім.

– Сұраныс, шынында да, өте жоғары, се­бебі жүннің түбітін айыратын зауыт Қазақ­станда жоқ, – деп бізбен пікір бөлісті «Шым­кент кашемир» ЖШС директорының орынбасары Ержан Қизатұлы. – Біздің біле­тініміз, мұндай зауыт Моңғолияда бар­ға ұқсайды. Еуропада осындай бірен-саран кәсіпорын бар екенін естідік. Бұл ба­ғыт­та Қытайдың жеткен жетістіктері көп. Жал­пы, қой, түйе жүнінен жасалған кез кел­ген өнімнің басты артықшылығы – бұл табиғи материал, яғни экологиялық тұр­ғы­дан алғанда таза. Жасанды материалдар қанша жерден мықты болғанымен, қасиеті жағынан табиғи өнімге жете алмайды. Біз білетін фольгамен қапталған шыны мақтасы – стекловата химиялық жолмен жа­салғандықтан, оның қандай да зиянды бір жағы болатыны даусыз. Киіздің қасиетін біздің ата-бабаларымыз көне заманда-ақ білген. Ал еуропалықтар енді түсініп, пай­далануға кірісіп жатыр. Қазір киіз ма­те­риалы Қазақстаннан басқа Еуропа ел­де­рінде құрылысқа өте көп пайдаланылады. Себебі ғылым мен техника мейлінше дамыған бұл заманда құрылыс мате­риал­да­рының экологиялық тазалығы алдыңғы қатарға шығады. Яғни адамның денсау­лы­ғына зиян келтірмейтін өнімдерге ба­сым­дық беріледі. Демек, біздің өнімге деген сұ­раныс та жоғары болмақ.

«Шымкент кашемир» зауыты «Оңтүстік» ар­найы экономикалық аймағында ор­на­лас­қандықтан, мемлекеттің қамқорлығын көріп отыр. Атап айтқанда, салық төлеуде, жаңа қондырғылар әкелуде, өнімді экс­порт­қа шығаруда айтарлықтай жеңілдіктер қарастырылған. Бұл өз кезегінде тауардың өзіндік құнына да әсерін тигізбей қой­май­ды. Қазірдің өзінде тауарды экспортқа шы­ға­ру жайлы келісімшарттар жасалып қой­ған. Яғни зауыттың өнімін сатуда ешқандай қиындықтар тумайды деген сөз. 560 миллион теңге салынған инвестиция бір-екі жыл ішінде өтеледі деген сенім бар.

«Шымкент кашемир» зауыты Тәуел­сіздіктің 20 жылдығы қарсаңында ашылып, қаңтар айында толық іске қосылмақ. Кәсіпорын жұмысының негізгі шикізаты – қаза­қы қойдың жүні, оны өзіміздің облыс­тан ғана емес, еліміздің өзге де өңірлерінен тасымалдайды. Қой шаруашылықтарымен арада келісімшарт жасалған. Яғни зауыт­тың жұмысы мал шаруашылығының өр­кен­деуіне де өз үлесін қосады деген сөз. Негі­зінен, көктемде қырқылған жүн пайдаланылады, себебі оның құрамында түбіт болады. Қой жүнін алғашқы өңдеуден өткізіп, жуып тазалаған соң экспортқа жөнелтеді. Бұл – кәсіпорын жұмысының бір бағыты. Сондай-ақ жүннің түбітін айы­рып, одан жіп иіру, дайын кілем шығару да жоспарланған. Ал одан артылған жүннің қыл­шығынан киіз шығарылады. Демек, кәсіп­орын жұмысында ешқандай қалдық болмайды деген сөз. Зауыттың қуаты жы­лына 3 мың тонна шикізат өңдеуге жетеді. Бұл – облыста өндірілетін жүннің жар­ты­сы­на жуығы. Демек, алдағы уақытта өңдеу қуатын әлі еселеп арттырса да болады. Ал мал шаруашылығы дамыған облыста ши­кізат тапшылығы сезілмесі анық.




Көрілген: 2034    Пікірлер: 0

сейсенбі, 22.11.2011, 11:37

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    15 Желтоқсан 2011
    Ат қоюдың да сыры бар
    15 Желтоқсан 2011
    20 жылдық жылнама
    14 Желтоқсан 2011
    «Суперфарм» – супержоба
    13 Желтоқсан 2011
    Сырткөз
    9 Желтоқсан 2011
    Тәуелсіздік туындысы
    8 Желтоқсан 2011
    Ел Елбасыға риза
    30 Қараша 2011
    Кеше – бүгін
    17 Қараша 2011
    Кеше – бүгін
    17 Қараша 2011
    Нәтижелі бағдарлама
    5 Қараша 2011
    Кеше – бүгін
    3 Қараша 2011
    Кеше – бүгін

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30