Кеше – «Алтын белгі» иегері, ертең – есеп саласының маманы
Оқушы кезінде оның қазақтың ұсталық және зергерлік өнеріне қатысты ғылыми жобасы республикалық байқаудың бас жүлдесін алған. Ізденімпаз жас қазір қаржы-есеп саласы бойынша жоғары білім алып жатыр. Бекжан Омаров 1991 жылдың 16 желтоқсаны күні дүниеге келген.
Бекжан – Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Шәменов ауылының баласы. Еліміздің жаңа тарихымен құрдас баланың талабы, оқу-білімге құштарлығы айрықша болды. Ол ауылдағы №34 орта мектепте алғашқы сыныптан бастап озат оқушы атанды. «Талаптың тұлпарын мінген» Бекжан 10-сыныпта жүргенде Алматыда «Атамекен» өлкетану экспедициясы аясында өткен ғылыми жобалар байқауына қатысып, халқымыздың ұсталық және зергерлік өнері жөніндегі еңбегімен бас жүлдені жеңіп алды. Өзінің сүйікті мектебін ол «Алтын белгімен» тәмамдады. Отбасындағы төрт баланың кенжесі Бекжан өзінің Тәуелсіздік күні туылғанын 10 жасында сезінген. Жалағаш ауданында өткен сабантойда аудан әкімі егемендіктің құрдастарын құттықтаған болатын. Бекжанның ата-анасы – Нұрлыбек Әшімұлы мен Балымша Нәзікбайқызы – физика пәнінің мұғалімдері. Олар сүт кенжелерінің тәртібі мен мінез-құлқына, білім-ғылымға құштарлығына дән риза.
Бекжан ОМАРОВ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 3-курс студенті:
– Тәуелсіздіктің 20 жылы – тарихи жетістіктер дәуірі. Соның ішінде, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық еткеніміз, әлемдік саясаттағы батыл ұстанымдарымыз, асқақ Азиадамыз, бәрі-бәрі – зор табыс. Қаржылық дағдарыс кезінде біздің ел дүниежүзінің ең мықты мемлекеттерімен бірдей аяғынан тік тұрды. Бұл – еліміздегі экономикалық саясаттың оң екендігі. Біз, жас ұрпақ, осындай табыстар мен белестерді көріп, қуанып өсіп келеміз. Енді келешекте Тәуелсіздіктің құрдастары ретінде осы жетістіктерді ары қарай жалғастыруға өз үлесімізді қоспақпыз.