Кеше – бүгін
Бүгін
Кеше
Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД, ҚР мәдениет министрі:
Мәдени мұрамызды дүниенің төрт бұрышынан жинап алдық
– «Мәдени мұра» аясында тұңғыш рет «Қазақтың 1000 әні», «Қазақтың 1000 күйі» атты жобаны жүзеге асырдық. Әсілінде, уақыт өткен сайын халық мұрасы халық санасынан өше бастайды. Өйткені оны жаңа құндылықтар ысырып шығарады. Ал біз мәдени мұрамызды солай біржола ұмытылып кетпей тұрғанда дүниенің төрт бұрышынан жинап алдық. Ол мұраларымыз Қазақстаннан ғана жиналған жоқ, Моңғолия, Қытай, Иран, Ресей, Өзбекстан елдеріндегі ағайындарымыздың музыкалық мұрасын жинаудың нәтижесінде жүзеге асты.
«Мәдени мұра» жобасының арқасында тарихымызды да түгендей бастадық. Қазақтың тарихы кімдермен байланысты? Ең алдымен, Қытаймен байланысты еді, ал Кеңес Одағы кезінде ол тарих біз үшін жабық болды. Иран тарихымен де мыңжылдық байланысымыз бар болатын, ол ел де біз үшін жабық болып келді. Үндістандағы қазақ тарихына қатысты дүниелерге де қолымыз енді жетіп отыр. Мәдени байланыстың нәтижесінде қазақ тарихына қатысты дүниелер жинала бастады. Мәселен, Қазақстанға 5 мыңнан астам артефак пен құнды құжаттардың көшірмелері келді. Бұл қазақ тарихын қайта жазуға, ақиқат шындық тұрғысынан жазуға, бодандықтан ада, азаттыққа ұмтылған ұрпақтың сана-сезімін қалыптастыратын жаңа тарих жазуға мүмкіндік береді.
Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ, Президенттік мәдениет орталығының директоры:
Бұл – ұлтымыздың рухани түрде қайта жаңғыруының бір көрінісі
– Халқымыздың тарихи тұрпатынан көз жазыңқырап, ақырында тіпті тілінен де ажырап қала жаздағанына соңғы үш ғасырда ұлттық тарихтың тәлкекке ұшырағандығы себепкер болды. Міне, осы олқылықтардың орнын толтыруда «Мәдени мұра» бағдарламасының алып отырған орны ересен.
«Мәдени мұра» – қазақ зиялылары мен интеллигенциясының талай ғасыр армандап жеткен дүниесі, ұлтымыздың рухани түрде қайта жаңғыруының бір көрінісі. Бірінші кезеңде тарихи мұраларымыз жинақталса, екінші кезеңде сол мұралар халықтың игілігіне айнала бастады. Мәдени мұраны зерделеудің біртұтас жүйесі қалыптасты. Көптеген жұмыс тындырылды. Мысалы, 100 томдық «Бабалар сөзінің» 50 томдығы, «Әлем әдебиеті кітапханасы», «Қазақ философиясының» 16 томдығы, «Әлемдік философиялық мұраның» 18 томдығы, «Қазақ өнерінің» 2 томдығы және басқа да кітаптар оқырманның қолына тиіп, «Баласағұн» қалашығы, Отырар, Орхон ескерткіштерінің толық атласы жасалды. Бұл – әрине, үлкен жетістік.