Кеше – бүгін
Ауылдың кешегісі мен бүгіні...
Қызылордадай шөлейтті аймақта гүлмен көмкерілген, субұрқағы атқылаған ауыл бар дегенге кім сенер? Алайда Қызылорда облысының Сырдария ауданындағы қалаға бергісіз Нағи Ілиясов ауылын көпке үлгі етуге тұрады. Ауылға кіргеннен гүлді қойып, кілемдей төселген көк майса көз қуантады. Ауылдың қақ ортасында қауыздардан су атқылап, қасынан Лондондағы Биг-бэннің көшірмесі орын тепкен. Нағилықтар кіші «Биг-бэнге» қарап сағаттарын түзейді.
Күрделі жөндеу жүргізілген Мәдениет үйі, мектеп, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш, ауылдың супермаркеті мен 200 адамдық мейрамханасы да көздің жауын алады. 2000-нан астам тұрғыны бар ауылдың өз наубайханасы, моншасы да бар. Тақтайдай тегіс көшелерге көше шамдары шырай беріп тұр. Ауылды жаңа заманға лайық етіп көріктендірген – осы өңірдің тумасы «Абзал және К» серіктестігінің төрағасы Абзал Ералиев атты азамат. Ауыл азаматтарын жұмыспен қамтамасыз етіп, күріш шаруашылығымен айналысатын Абзал Ералиев «Тәуелсіздік алғаннан кейінгі еліміз таңдаған жол – маған жеке шаруашылық ашып, күріш өсірумен айналысуға мүмкіндік берді. Осы мүмкіндікті пайдаланып, мен бар болғаны ауылдың ырысы күріштен түскен пайданы ауылдың өз игілігіне пайдаландым» дейді. Тіпті гүл өсірушіні де қаладан шақыртып, қалтасынан айлық төлеп отырған азамат «осы өңірдегі басқа да ауылдарды осылайша көріктендіру, жыл сайын ауылішілік жолдарды жөндеу, білім, мәдениет саласына қатысты ғимараттарды күрделі жөндеуден өткізу, жарықтандыру басты мақсатымыз» дейді.
Бүгін
Кеше