Тәуелсіздік айнасы

Құқық – мемлекеттің қуатты құралы

  • Құқық – мемлекеттің қуатты құралы

    Құқық – мемлекеттің қуатты құралы

Қазақстан – зайырлы, құқықтық мемлекет құру жолында. Тәуелсіздік алғалы бергі сындарлы кезең тарих беттерінен өз орнын ала білді десек, осы 20 жыл аралығында құқықтық жүйемізде қыруар шаруа жүзеге асты. Жалпы, осы құқық дегеніміз не? Бұл – мемлекеттің қуатты құралы, басқаша айтқанда, қоғамның жан-жақты дамуын заңдық тұрғыда қамтамасыз ету.

«Тәуелсіз еліміздің құқықтық және демократиялық мемлекет құрудағы бағыт-бағдарымыз, беталысымыз дұрыс» дейді қайсыбір заңғар ойлы заңгермен тілдесе қалсаңыз. Расында да, азаматтық құқық пен қылмыстық құқық бойынша базалық институттар құрғанымыз соның айғағы болса керек. Баршаға аян, бүгінгі күндері әкімшілік құқық та – жетілдірілу үстінде. Тәжірибеге алқа билерін енгізуіміз де – ілгерілеуіміздің белгісі. Нарықтық қатынас­тар қалай белсенді дамып келе жатса, құқықтық жүйеміз де одан қалысар емес.

Кез келген тұғырлы ел үшін оның Конс­ти­туциясы – демократиялық дамуының негізі. Біздің де бас құжа­тымыз саналатын Ата Заңымыздың тарих қойнауына көз жүгіртсек, қай­нар көзі, түп тамыры сонау «Есім хан­ның ескі жолы», «Қасым ханның қас­қа жолы», Әз-Тәукенің «Жеті жарғы­сы­нан», былайша айтқанда, үш «Дала конс­титуциясынан» бастау алады.

Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Консти­туциясы 1993 жылы жарық көрді. Бір айта кетерлігі, бұл қабыл­данған Ата Заңымыз кеңестік дәуір қағидаларының шеңберінде қалып қойып, Қазақстанның демократия­лық институттарының жан-жақты дамуына толықтай жол аша алмады. Сол себепті де дербес елдің өз ерек­шеліктеріне тән, заман талабына сай жаңа Ата Заң қабылдауға тура келді. Бұл 1995 жыл болатын.

Қоғамдық құрылыстың демокра­тия­лық бағыттағы дамуының басты кепілі құқықтық реформалар екендігі белгілі. Осы тұрғыда айтқанда, біздің елдің мақтана алар тұстары көп. Қазақстан Республи­касының 2010-2020 жылдарға арналған құқықтық саясат тұжырымдамасы елдегі үлкен жаңалықтардың бірі болды. Тұжы­рымдама көпсалалы сипаттағы про­бле­­ма­ларды шешуге негізделген.

Біз үшін тың құрылымның бірі жемқор­лық қылмыстарға қарсы күрес жүргізетін сала болды. Әуелде Қазақ­стан Республи­касы Үкіметінің қаулы­сымен 1994 жылы Қаржы министр­лігінің салық қызметі құ­рамындағы Салық милициясы басқармасы болып дүниеге келген су жаңа сала – қазір мақсаты мен мүддесі айқын Қазақстан Республикасы Экономикалық қыл­мыс­қа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі.

Қаржы полициясы 2001 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстан Респу­бли­касын­да құқық қорғау қызметін жетілдіру жөнін­дегі шаралар туралы» Жарлығына сәйкес, Қазақстан Респуб­ликасы Мемлекеттік кіріс министр­лігінің таратылған Салық полиция­сы комитеті мен Салық полициясы акаде­мия­сының мүлкін, істерін және бас­қару функциялары мен өкілеттігін қабылдап алады. Ал 2010 жылы Қа­зақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес, қаржы полициясы ор­ган­дарына экономикалық қызмет сала­сындағы қылмыстарды және сыбайлас жемқорлық қылмыстарды тергеудің дер­бес құқығы берілді. Қаржы полициясына айрықша тоқталуымыздың себебі бар. Нарық заманының балағына жармаса келген сыбайлас жемқорлықпен күресте, оның алдын алуда оларға жүктелер міндет орасан, сенім зор.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Барлық қазақ­стан­дықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы» атты Жолдауында: «Адамзат да­муы­ның бүкіл тарихи тәжірибесі мемлекет­тің алға басуы және тұрақты өсуі жүзеге асырылатын қажетті шарттардың бастауын­да оның ұлтының қауіпсіздігі мен мемлекет­тілігінің сақталуына куә. Бостандық пен тәуелсіздікті жеңіп алу жеткіліксіз, оны табан­ды түрде қорғап, нығайтып, ұрпақ­тар­ға қалдыру қа­жет… Егер біз өз мемлекет­тілігімізден айырылып, егемендігіміздің страте­гия­лық негіздерін, өз жерлеріміз бен ресурстарымызды қолымыздан шы­ға­рып алсақ, бізге кешірім жоқ», – деп атап өтіп, адамзат баласына, өркениетке төнетін қауіп-қатерлердің бізде де болуы мүмкін екендігін ескере келе, оған қарсы күрестің үздіксіз жүргізіле беретіндігін сездіре білді. Тәуелсіздіктен бір жас қана кіші Ұлттық қауіпсіздік комитеті органдары – Елбасының тұрақты қолдауы арқа­сын­­да үнемі даму үстінде әрі ел қауіп­сіздігі күзетінде нық тұрған құрылым.

«Ұлттық қауіпсіздік органдары туралы» төл заңы бар ҰҚК-тің бір сәтке де қалғып-мүлгуіне болмайды. Әркез қырағылық пен жіті қимыл әсіресе бүгін көптеген елдерде етек алып бара жатқан лаңкестік, экс­тремис­тік ұйымдардың тағы басқа қоғамы­мыздағы тұрақтылықты бұзу­ды аңсайтын топтардың құтырынып тұрған шағында қажет-ақ. «Жедел із­дес­тіру қызметтері туралы», «Лаңкес­тікке қарсы күрес тура­лы», «Мемлекет­тік құпиялар туралы» және басқа да заңдардың қабылдануы сөз бо­лып отырған комитет органдарының се­нім­­мен тапсырылып отырған салмақ­ты да маңызды шаруаларын жауап­кер­­ші­лікпен атқаруларына ықпал жасау­да.

«Қазақстан Республикасы өзін демокра­тиялық, зайырлы, құқықтық және әлеумет­тік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазы­насы – адам және оның өмі­рі, құқық­тары мен бостандықтары» екен­дігі Ата Заңымызда айрықша атап көрсе­тілген. Осы тұрғыда айтсақ та, яғни еліміздегі адам құқықтарын қорғау мәсе­лесін сөз етсек, Қазақ­станда «2009-2012 жылдарға арналған Қазақстан Республика­сының адам құқықтары саласындағы ұлт­тық іс-қимыл жоспары» өмірге жолдама алды. БҰҰ-ның Қазақстандағы Даму бағдарламасының қатысуымен әзірленген бұл жоспар – көптеген елдерде баламасы жоқ құжат. Тағы да айрықша атап өтуге лайық игі істер деп «Азаматтық және саяси құқықтар туралы «халықаралық пактіге қол қойғанымызды, сондай-ақ «Бала құ­қық­тары туралы» конвенцияны қа­был­даға­ны­мызды да атап өтуге әбден болады.

Қысқа қайырсақ, Тәуелсіз Қазақ­стан­ның құқықтық саясатында жаса­лып жатқан барлық іс-шаралар елі­мізді ізгілендіруге негізделген.




Әділбек ҚАБА, Қазақстан Республикасы Бас прокуроры аппараты Ақпараттық талдау басқармасы Медиа орталығының басшысы:

Прокурорлар – азаматтар тағдырының  қорғаны



– 1991 жылғы 6 желтоқсан – Қа­зақстан прокуратурасы үшін тарихи күн. Осы күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының қаулысымен алғашқы рет прокуратура органдары­ның тәуелсіз бірыңғай жүйесі құрыл­ды.

Бұдан  кейін «Қазақстан Республи­касының прокуратурасы туралы» Заң прокуратураның мемлекеттік орган­дар жүйесіндегі рөлін анықтаған ма­ңызды құқықтық акт болды.  Осы заң бойынша прокуратура заңдардың орын­­далуын жоғары қадағалау орга­ны болып анықталды. 1994 жыл­ғы мемлекеттік бағдарлама прокура­тура органдарын реформалаудың негізгі принциптерін белгіледі, олар кейін 1995 жылғы Конституцияда бекітіл­ді.




Конституцияның 83-бабына сәй­кес, прокуратура заңнаманың дәлме-дәл әрi бiркелкi қолданылуын, жедел-iздестiру қызметiнiң, анықтау мен тер­геудiң, әкiмшiлiк және орындау­шылық iс жүргiзудiң заңдылығын, сотта мемлекет мүддесiн бiлдiрудi, сондай-ақ қылмыстық қуғындауды жоғары қада­ғалауды жүзеге асырады. Сондай-ақ мемлекеттік органдардың елде заңдылық пен құқықтық тәртіпті қолдау жөніндегі әрекеттерін біріктіре отырып, Бас прокуратура үйлестіруші функцияны да атқарады. Бүгінгі күні құқықтық тәртіп органдарының қалыпты жұмысын қамтамасыз етуде құқық қорғау органдары Үйлестіру кеңесінің рөлі айтарлықтай артты, заңнамалық тұрғыдан бекітілді, ал өзара іс-қимыл барлық уәкілетті құрылымдардың өзара түсінушілігі мен жұмыста барынша тиімділікке қол жеткізу ниеті негізінде құрылады. Осы жұмыстың барысында құқық қорғау органдарының жоспарлы және қар­қын­ды өзара іс-қимылына, құқық қорғау жүйесі алдында тұрған қазіргі замандағы міндеттерге сәйкес, олар­дың ынтымақтастығының әдіс­тері мен нысандарын жетілдіруге бағытталған шаралар әзірленуде.

Әрине, әлеуметтік вектор – қада­ғалаушы қызметтің ең маңызды бағыт­тарының бірі. Прокурорлар жұмысының нәтижелілігін әлеуметтік-құқықтық мәселелер бойынша өтініш­тер санының өсуінде, сондай-ақ заң­сыз құқықтық актілердің күшін жоюда, келтірілген зиянды өтеуде, құқықтық қатынастардың түрлі субъектілерінің заңды құқықтары мен мүдделерін жан-жақты және толық қорғауда көрінетін оларды қарау нәтижелері көрсетеді.

Басқаша айтқанда, осы 20 жыл ішін­де прокурорлар неше 100 мың­даған адамның құқын қорғап, аза­мат­тар тағдырына қорған болды.Прокурорлар өзінің назарын жұмыс­тан босату және жұмыс орындарын қысқарту кезінде адамдардың құқық­тарын қорғауға, жалақыны уақытын­да және толық төлеуге ерекше ауда­рып келді, бұл бағыттағы әрекетін одан әрі жалғастыра береді.Тағы бір ерекше атап өтетін  мәселе – прокура­тура органдарының соттағы рөлі едәуір өзгергендігі.  Бұл – ең алдымен, қылмыстық және азаматтық сот ісін жүргізу принциптерін қайта қарауға байланысты. Прокурордың қызметі  сотта мемлекеттік айыптауды қолдай отырып, бірінші кезекте, объективтілік пен азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауға бағытталады.Азаматтар құқының бұзылмауын қадағалау, әртүрлі заңсыздықтардан қор­ғау әуелі қоғам мүшелерінің арыз­-­шағымдарын жасанды кедергісіз, талапқа сай қабылдауды жолға қою­дан басталатыны белгілі.  Осы қыз­мет­ті тиімді әрі қолжетімді ету үшін элект­рондық тіркеу негізінде қоғамдық қабылдауды қамтамасыз ету үшін хабарлама-талондарды беру жобасы қосылды, онда нақты уақыт режимінде олардың өтініштерін қа­рау барысы туралы ақпарат алуға болады.

Сондай жаңа және талап етіліп отырған жүйелердің бірі – жұмыс істей бастаған Бас прокуратураның Call-орталығының жұмысы болады деп күтілуде, оның басты міндеттері азаматтардың конституциялық құ­қық­тары мен бостандықтарын бұзу фактілеріне байланысты жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қа­был­дау және тіркеу.

Прокуратура қызметінің негізгі мәні – заң үстемдігін, әсіресе, азамат­тардың құқықтарын қорғау саласын­дағы заңның мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету болса, прокурорлар Тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде осы міндетін абыроймен жүзеге асырып келеді.




Ербол Құтпанбаев, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ аудандық №2 сотының төрағасы:

Сот жүйесінде тарихи оқиғалар көп болды



Сот – мемлекеттік биліктің үшінші тарма­ғы. Осындай құзыреті бар соттың демокра­тия­лық қоғам мен құқықтық мемлекет құрудағы беталысымыздағы орны бөлек. Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін бізге сот билігінің қалыптасуына бағыт-бағдар сіл­тей­тін реформалар қабылдауға тура келді.

Естеріңізге сала кетейін, елімізде сот жүйе­сі біріктірі­ліп, төрелік сот таратылды. Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан Респуб­ли­касындағы құқықтық реформаның тиім­ділі­гін арттыру жөніндегі іс-шаралар тура­лы» Жарлығына сәйкес судьяларды сай­лауда түбегейлі өзгерістер енгізілді. Атап айтсам, жергілікті соттардың судьяларын – Президент, ал Жоғарғы соттың судьяларын Парламент Сенаты тағайындайды. Бұған айрықша тоқталып отырғандағы себебім: бұл сот жүйесіндегі ең елеулі де маңызды қадам болды. 

2000 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың «Сот жүйесінің тәуел­сіздігін нығайту шаралары туралы» Жар­лығы жарық көріп, сот жүйесінің мазмұ­ны мен материалдық жағынан да тәуелсіз болуын қамтамасыз етті. Ал өзгерістер мен толықтырулар енгі­зіліп, 2008 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяла­рының мәртебесі туралы» Заңы тек біз үшін ғана емес, Қазақстан үшін айтулы оқиға болды. Сот ісін жүргізудің үш буынды жүйесінің негізі, міне, осы заң. Ескерусіз қалдыруға болмайтын тағы бір жайт – «Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу және Азаматтық іс жүргізу кодекстеріне сот жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» Заңы. Аудандық соттың – бірінші сатыдағы сот, облыстық соттың – апелляциялық және кассациялық сатыдағы сот, ал Жоғарғы соттың тікелей қадағалау сатысының соты етіп, олардың құзыретінің нақты айқындалуы – сөз болып отырған заңның жемісі. Міне, мен ҚР соты­ның Тәуел­сіздік туы желбіреген 20 жылдың бедерінде қандай сын­дарлы сәт­тен өткенді­гін атап өттім.

Жалпы, сот сала­сын­да тарихи оқиғалар көп болды. Елбасы Жар­­лы­ғымен өлім жа­за­сын қолдануға мо­ра­торий жария­лан­ғаны белгілі. Бұл – құқықтық мемле­кет құруды көксеген ел­дің таңдауы, құқықтық саясатты ізгілендірудің алғашқы шаралары. 2007 жылдан бастап алқа билері жұмыс істей бастады. Бұл деген халықтың сот әділдігіне деген күдігін сейілтіп, сенімін арттыруға ықпал ету дер едім. Оның үстіне алқа билер институты – сот өндірісі кезіндегі ашықтық пен жариялылықтың және демократияның нышаны. Тағы бір айта кетерлігі, елде қазір көпшілік қолдап отырған ізгілендіру саясаты басталып кетті. Бұл да – құптарлық шара.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жыл­ғы Жол­дауын­да құқық қорғау және сот жүйесінде түбегейлі реформа жасау керектігін баса айтқан болатын. «Қазақстан Республикасында құқық қорғау қызметінің және сот жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы мо­йын­дау керек, жұртшылық тарапынан қолдауға ие болып отыр.

 Елбасы Н.Назарбаевтың аталмыш Жарлығы республикамызда жүргізіліп жатқан маңыздылығы зор реформаға жаңа қарқын беретіні сөзсіз.




Нұрділда ОРАЗ, ҚР ІІМ баспасөз қызметінің басшысы:

«Ішкі істер органдары туралы» жаңа заң әзірленуде



Қазақстан егемендігін жария еткен 20 жыл ішінде өркениетті, құқықтық-демократиялық мемлекет құру жолында көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Әсіресе, өткен жыл еліміздің құқықтық саласына тың өзгерістер әкелді. Елбасының Жарлығына сәйкес, жүзеге асырылып жатқан реформа не берді? Атап айтсақ, медициналық айықтырғыштар Денсаулық сақтау органдарына, Кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау, бейімдеу және оңалту орталықтары білім жүйесіне берілді. Аталған мекемелер кеңестік милиция жүйесінен беріліп, полицейлік мекемелер ретінде өздерін ақтай алмады. Жол полициясының көлік құралдарын техникалық байқаудан өткізу мәселесі де көп дау тудырған болатын. Бұл қызмет те қазір бәсекелестік ортаға берілді.

Ішкі істер органдарының көші-қон саласындағы қызметін кеңейтуге байланысты жұмыста бірталай өзгерістер енгізіліп, Көші-қон полициясы комитеті құрылды. Жүйені оңтайландырудың арқасында заңсыз көші-қонға қарсы күрес, оралмандар мен босқындарға қатысты мәселелермен айналысу, ағымдағы жылдың    1 шілдесінен бастап Қазақстан Республикасының азаматтарын құжаттандыру мен тіркеу қызметі және Көші-қон саласындағы басқа да қызметтер бір ведомствоның, яғни көші-қон полициясының құзыретіне кірді. Үстіміздегі жылдың шілде айында әділет органдарында болған қылмыстық-атқару жүйесі ІІМ-не берілді. Соңғы жылдары түзету мекемелерінде жағдай күрделі болған. Сонымен қатар ІІМ Қылмыстық атқару жүйесін ізгілендіру, сотталғандардың құқығын сақтау бағытындағы жұмыстар жалғасын табуда.

Соңғы жылдары Ішкі істер органдарын қаржы­ландыру артып отыр. Бұл техникалық тұрғыдан қайта жарақ­тандыруға мүм­кіндік берді. Облыс орталық­тарын­да аса кримино­гендік аудан­дарды бейнеба­қылау­ға алуға және қылмыс­тарға, оқиға­ларға жыл­­дам ден қою­ға мүм­кіндік беретін жедел басқару орта­лықтары ашылды. Ірі қалалардың авто­мобильдік жолдарын­да жол жүру ережесін бұзатындарды авто­мат­ты түрде белгілейтін техникалық бақылау құралдарын орнату жүзеге асырылуда. Барлық жер­лерде полицияның стационарлық бекеттері құрылды, автомобильдік патрульдер ақпараттық деректер базасына шығатын борттық компьютерлермен қамтамасыз етілді. Елімізде өткізіліп жатқан құқықтық реформаның негізгі бағыты – құқықбұзушылықтың алдын алудың тиімділігін арттыру.

Есірткі бизнесіне қарсы күресті күшейтуге ерекше назар бөлінуде. Реформа шеңберіндегі есірткі қылмыстарын тергеу полиция құзырына берілді.

Елбасының тапсырмасы бойынша «Ішкі істер органдары туралы» жаңа заң әзірленуде. Бұл полиция­ның негізгі міндеті азаматтардың конституциялық құқығын қорғауды анықтайды.




Таир Назханов, Адвокаттар форумы мен «Бэст» адвокаттық кеңсесінің төрағасы:

Қазақстанда адвокатура институты қалыптасып келеді



Кез келген елде, қоғамда даму үдерісі кезінде әсіресе құқықтық жүйеге салмақты жүк түсіп, үлкен жауапкер­шілік артылады. Дәл осындай жағдайды біз де өткердік басымыздан. Құқықтық жүйе бірқатар компоненттердің, яғни құқықтық мәдениеттің, құқықтық идеоло­гияның, құқық ғылымының, өзге де құқықтық институттардың, соның ішінде мемлекеттік емес институттар саналатын адвокатураның, нотариаттың, заң фирмала­рының және заңгерлердің кәсіби қауым­дастықтарының жиынтығы. Соларға жеке-жеке тоқтала кетсек, әрқайсысы өзінше қа­лып­тасу үстінде.

Сөз болып отырған құқықтық жүйенің бір компоненті – адвокатура төңірегінде де айтар әңгіме жетерлік.

Жалпы, Қазақстанда адвокатура инсти­ту­ты қалып­тасып келеді десем болады. Рас, құрылымы мен фор­масы одан әрі жақсар­туды, дамытуды, яғни халықаралық стан­дарт­тарға сәйкестендіруді қажет етеді әрине. Бұл – енді болашақтың еншісіндегі шаруа. Оның біртіндеп жүзеге асатынына сеніміміз бар. Ал дәл бүгінгі күні енді қорғау­шылардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету керектігі өзекті болып тұр. Еліміздің барлық тәжірибелі заңгерлері осы тұрғыда белсенді жұмыс істеуде. Айт­пақшы, адвокат­тардың тәуел­сіз­­дігін арттыру мәсе­лесі Қазақстан Рес­­пу­бли­касының Адам құ­қық­тарын қор­ғау жөніндегі 2009-2011 жылдарға арнал­ған Ұлттық жос­парын­да да көрініс тап­қан. Ал­ған бағытымыз­дан тайма­сақ, оған да қол жеткізу қиын емес.

Көптеген құқықтық елдерде қылмыс жа­са­­ған адам сезікті бо­лып табылған күннен бас­тап жаза мерзімін өтеп шыққанға дейін қор­ғаушысымен бай­ла­ныста болады, яғни түрмеде отырса да, керек кезінде қорғаушы­сының көмегіне жүгіне алады. Өткен жылы біздің елде де заңға өзгеріс енгізіліп, ол бекітіліп, күшіне енді. Бұл – Қазақстан үшін маңызды қадам.




Көрілген: 8755    Пікірлер: 0

бейсенбі, 24.11.2011, 11:49

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    15 Желтоқсан 2011
    Ат қоюдың да сыры бар
    15 Желтоқсан 2011
    20 жылдық жылнама
    14 Желтоқсан 2011
    «Суперфарм» – супержоба
    13 Желтоқсан 2011
    Сырткөз
    9 Желтоқсан 2011
    Тәуелсіздік туындысы
    8 Желтоқсан 2011
    Ел Елбасыға риза
    30 Қараша 2011
    Кеше – бүгін
    17 Қараша 2011
    Кеше – бүгін
    17 Қараша 2011
    Нәтижелі бағдарлама
    5 Қараша 2011
    Кеше – бүгін
    3 Қараша 2011
    Кеше – бүгін

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30