«Мен болашақ теміржолшымын!»
Әлібек Аханов Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде тасымалды, қозғалысты және көлікті пайдалануды ұйымдастыру мамандығы бойынша білім алып жатыр. Келешекте еліміздің теміржол саласының дамуына білікті маман ретінде өз үлесін қоспақшы.
Ол 1991 жылдың 16 желтоқсаны күні Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында туған. Жаңаарқадағы №132 орта мектепте, кейін Астана техника-экономикалық колледжінде оқыды. Бұрын спорттың күрес, бокс түрлерімен шұғылданған, қазір бос уақытында футболмен әуестенеді. Әлібек – отбасындағы үш баланың тұңғышы. Ол өзінің егемендікпен түйдей құрдас екенін ең алғаш 10 жасында сезінген.
Әлібек Аханов, Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің 1-курс студенті:
– Біздің мемлекетіміз Тәуелсіздік алғалы бұрын-соңды болмаған жетістіктерге жетті. Ең негізгі табыс: экономикамыз өрледі. Мен келешекте университетті ойдағыдай аяқтап, өз мамандығым бойынша жұмысқа орналасуды мақсат етемін. Жаңа кезеңдегі теміржол саласының маманы боламын.