Өскемен жылына 120 мың көлік шығарады
Өскемендегі «Азия Авто» зауыты жылдан-жылға қанатын кең жайып келеді. Шетелден көлік бөлшектерін әкеліп оны құрастырудан әріге аса алмай жүрген кәсіпорын жетекшілері жақында ресейлік ірі көлік зауыттарының бірі «Автоваз» ААҚ-тың басшылығымен кездесіп, бірқатар келісімдерге қол қойды.
Басты жаңалық – мынау. Алдағы он жыл көлемінде Өскеменде жылына 120 мың көлік шығаратын қуаты бар өндіріс кешені салынады. Бұл – ресейлік «Автоваз» ААҚ мен «Азия Авто» АҚ-тың бірлескен жобасы. Қазір зауыттың салынар орны белгіленген. Аумағы атшаптырым алаң Үкімет пен «Азия Авто» акционерлік қоғамы арасында қол қойылған елімізде ең ірі автоөнеркәсіп кластерін құру туралы келісімнің аясында бөлінген екен.
Бүгінде теміртұлпарларға сұраныс жоғары. Елімізде ғана емес, Ресей мен көрші мемлекеттерде де. Осыны ескерген қос зауыттың басшылығы өндірістің бірінші кезеңін (жылына 90 мың автокөлік) – 2015 жылы, екінші кезеңін (қосымша жылына 30 мың автокөлік) 2017 жылы іске қосуды жоспарлап отыр. Болашақ кәсіпорынның өнімі негізінен Ресейдің Сібірі мен Қиыр Шығысына және Орталық Азия, Кавказ елдеріне өткізілмек. Өндіріс орны өзінің толық қуатына жеткенде, бұл жоба еліміздің машина жасау саласындағы ең ірі жобаға айналады. Елдің жалпы ішкі өнім көлемін шамамен 1,5 миллиард долларға өсіріп, жыл сайын мемлекет қазынасына салық ретінде 87 миллион доллар қаржы құяды.
Айта кетейік, бұл жоба Үдемелі индустриялды-инновациялық даму бағдарламасының, Индустрияландыру картасының және өзге де бірқатар мемлекеттік бағдарламалардың бір бөлігі болып табылады. Жоба инвестициясының жалпы көлемі 514 миллион АҚШ долларын құрайды. Жаңа зауыт өзінің жобалық қуатына жеткенде 12 мың жұмыс орны құрылып, жылына экспортқа 1 миллиардтан астам доллардың өнімін шығарады.
Игорь КОМАРОВ, «Автоваз» концернінің президенті:
– Алдағы айларда «Автоваз» жаңа өнімін – «Лада Гранта» автомобилін шығара бастайды, оған ресейліктер қазірдің өзінде үлкен қызығушылық танытуда. Қазақстанда да бұл көлікке деген сұраныс жоғары болады деп үміттенемін. Үш-төрт жылдан соң біз Қазақстан мен Ресейдегі ең өтімді «Нива» машинасын заман талабына сай етіп жаңартуды да көздеп отырмыз.