Отандық ұшақтар Тәуелсіздік аспанына самғады

09 желтоқсан 2011, 12:19

Сәрсенбі күні Көлік және коммуникациялар министрлігінің жетекшісі Берік Қамалиев отандық авиаторларды халықаралық кәсіби мерекесімен құттықтап, жоғары технологиялық авиация саласының еліміздің тұрақты экономикалық дамуына қосар үлесі туралы айтып өткен болатын. Осы орайда саланың тағы бір жетістігі туралы сөз қозғай кету орынды. Қарашаның соңын ала Қарағандыда ауылшаруашылығы мақсаттарына пайдаланылатын шағын ұшақтар жасайтын зауыт ашылды. Өткен жылдан бері кеншілер қаласы іргесінен ашылатын «Қазавиаспектр» зауыты туралы үлкенді-кішілі БАҚ-тарда кеңінен жазылып келеді. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аясында қолға алынған аталмыш жоба ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына ерекше тарту болды.
Ал жаңа зауыт құрылысы тура бір жылға созылды. Былтырғы қара күзде, қараша­ның 20-сы күні іргетасы қаланған зауыт биыл 22 қараша күні Елбасының тікелей қатысуымен ашылды. Құрылыс жұмыстары қыс бойы үздік­­сіз жүргізіліп, зауыт ашылған сәттен бастап 125 адамды жұмыспен қам­тымақ­шы болған кәсіпо­рын­ның жоспарлы жобаларын жүзеге асыру үшін «Қазагроқар­жы» акцио­нер­лік қоға­мынан 3,75 миллиард теңге бөлген бола­тын.
Жақында Ресейдің «Ведомости» газеті «Фермер» Қазақстанға ұшып кетті» деген тақырыпта материал жариялап, Қазанда шы­ғарылмақшы болған ұшақтардың ал­ды­мен біздің елде жасала бастағанына өкініш райлы сыңай танытты. Қайткен күнде де «Фер­мер» деген атау алған ұшақ­тардың техни­калық сызба-жобасын жасап шығарған – Татарс­танның «Мвен» фирмасы. «Ведо­мостиге» сұхбат берген «Мвеннің» қаржы директоры Михаил Невельский ұсынып отырған ақпаратқа сенсек, «Мвен» ұшақ ли­цензиясын ұсынға­ны үшін «Қазавиаспектр­дің» жарғылық капиталының 10 пайызына иелік етеді екен. Әлбетте, қазақстандық мазмұндағы тауар – отандық ұшақ шығара­тын кәсіпо­рын­ның біз үшін басты табысы кешегі «Кукурузниктер» жосылған аспаны­мыз­да өз ұшағымыздың ұшатыны.
М.Невельский Татарстанда жасалмақ­шы шағын ұшақтарға алыс-жақын шетел де қызығып отырғанын жеткізді. Әрине, біздің елде бірінші жасалғандықтан, өз шаруала­рымыздың қажетін қанағаттан­дыр­ған соң, шетел асыру да іскер азамат­тардың ойында бары анық. Татарстандағы әріптестер ұшақ жасау үшін қазақстандық Үкімет қаржыдан қолдау көрсеткенін де айтып, өз елдеріндегі билік тізгінін ұстаған­дарға наз айтып жатқа­ны да белгілі.
Қалай десек те, биыл екі, төрт адамды кө­тере алатын шағын ұшақтар әуеге көте­ріл­мекші. Бұйыртса, келер жылы зауыт толық қуатымен жұмыс істей бастайды. Егер зауыт құрылысына бөлінген қаржы 3,75 миллиард теңге деп, ал бір ұшақтың құны шамамен 30 миллион теңге деп есеп­тесек, онда зауыт өзін-өзі ақтау үшін 300-400 шағын ұшақ шығарса да жетер­лік.
Қазір ұшақ шығарушылар тауарларын өткізетін нарықты да зерттеп қойған сы­ңай­лы. Сұраныс ретіне қарай Қазақстан жақын жыл­дары – 400 ұшақ, Ресей – 1000 ұшақ, Украина 300 ұшақ сатып алуға ынта­лы екен. Келер 2012 жылы алғашқы 50 ұшақ әуе кеңіс­тігіне қанат қағады деп бол­жануда.
Сонымен Қарағанды іргесіндегі зауыт ашылып, жұмысына кірісіп-ақ кетті. Алда­ғы жылғы егіс науқанында алқаптарға әлем­дік деңгейдегі жаңа үлгідегі отандық ұшақтар­дың ұшып шығатынын да көретін кез алыс емес.
Александр ВАЩЕНКО, «Казавиаспектр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры:
– Посткеңестік кеңістікте ескі ұшақ­тар әлдеқашан тозып біткен. Қазақстан­ның егістік алқаптарына кемі 400 ар­найы ұшақ керек. Ұлан-ғайыр алқап­ты зиянкестерден қорғау үшін ұшақты біз зауыттан алмағанда қайдан аламыз? Зауыттың өндірістік кеңіс­тігі 138 гектар­ды алып жатыр. Тура бір жыл үздіксіз жұмыс істеп, ашуға қол жеткіздік. Бізге отандық ұшақтарды пайдалану тиім­ді. Себебі шетелдік ұшақтарды сатып ал­сақ, жылдар өте келе, олардың техни­ка­лық тексеріс, жөндеу шығындары өсе бе­реді. Сондықтан өз өніміміз елге тиім­ді бола­ды...

Біз қазір екі адамдық ұшақтар жа­сау­ды игеріп жатырмыз. Сәл кейіндеу өзге де мақсаттарға пайдаланылатын төрт орын­дық ұшақтар шығарамыз деп жоспарлап отырмыз.

Дерек-дәйек
«ҚазАвиаСпектр» ЖШС шығармақшы «Фермер-2» ұшағы – 300 литр, ал «Фермер-500» ұшағы 500 литр тыңайтқыш көтере алады екен.
Ұшақтардың ұшу салмағы – 970 келі, жанармай багының сыйымдылығы – 140 литр. Ұшу жылдамдығы – сағатына 200 шақырым. Ұшақ корпусының ұзындығы – 7,15 метр. Қанатының құлашы – 10,4 метр.
Өткен жылы елдің егістік алқаптарын тыңайту үшін 250 авиатехника жұмылдырылған.
АҚШ зауыттары шығаратын жеңіл авиация ұшақтарының құны 1 миллион доллар тұрады. Олардың қосалқы бөлшектерін айтпағанда, жанармайының өзі тек америкалық болуы шарт.