Санда да, сапада да жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп келеміз
Болашағы баянды мемлекеттің баға жетпес дәулеті адамзат баласы болса, адамның зор байлығы – оның денсаулығы. Міне, халық денсаулығының басты назарда тұру керектігінің негізгі себебі қайда жатыр? Біздің мемлекеттің, Елбасының алға қойған мақсат-мүддесі де осы, яғни еліміздің денсаулық сақтау саласына айрықша көңіл бөлуде. Елбасы Н.Назарбаев жыл сайынғы Жолдауында отандық медицинаны жетілдіріп, дамыту керектігін баса айтатынын баршамыз білеміз. Соның нәтижесінде Қазақстан Тәуелсіздік алған кезеңнен бері денсаулық сақтау саласын түрлі реформадан өткізіп, кешенді бағдарламалар қабылдануда. Әрине, сынға ұшырап жатқандары да болды, алайда қалай дегенмен де олардың әрқайсысы халық денсаулығын жақсартуға, сақтауға бағытталғандықтан өзінше нәтиже беріп жатты. Міне, сол асу-белестерден сүрінбей өткендіктен болар, отандық медицинамыздың бұғанасы беки түсті десек, ешкім дау айтпас.
Тәуелсіздік таңы атқан кезеңнен бері сөз болып отырған саланың да күнгейі мен көлеңкесі қатар жүрді, мойындаймыз. Бірақ Елбасының көрегендігі мен дұрыс саясатының арқасында бар қиындық жылдан-жылға тізе бүгіп, керісінше, жетістіктеріміз арта түсті.
Санда да, сапада да жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп келеміз. Негізгі-негізгілерін атап шықсақ, «Салауатты өмір салтын қалыптастырудың ұлттық орталығы», «100 мектеп, 100 аурухана», Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі, «Самұрық-ҚазынаФармация», «Саламатты Қазақстан», «Дипломмен – ауылға!» сияқты көптеп саналатын ел игілігі үшін жасалып жатқан жобалардың жолда қалғаны жоқ.
Үкіметтік бағдарлама аясында заман талабына сай кардиологиялық, кардиохирургиялық қызмет құрылды. Бүгіндері республиканың барлық дерлік аймақтарында тамырын жайып, олар заманауи медициналық техникалармен жабдықталып, мамандандырылған кәсіби кадрлармен толықтырылып отыр.
Жас мамандарды біліммен сусындатып отырған ЖОО мұғалімдерінің білімдерін жетілдіру мақсатында бүгінгі күнге дейін 200-ге жуық маман шетелде білім алып, 500 қызметкер халықаралық сарапшылардың арнайы шақыруымен тәжірибе алмасып қайтты. Ал АҚШ, Германия, Дания, Израиль сияқты елдерде білімдерін жетілдіріп келген дәрігерлер саны 3 мыңға жуықтайды. Елдегі кадр мәселесін оң шешу мақсатында ЖОО-ларда талапкерлер саны арттырылуда. Ел болашағы – бала. Ана мен бала денсаулығы күзетінде жұмыс істеп жатқан мекемелер саны жылдан-жылға көбеюде. Соның бетке ұстары деп «2005-2010 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамыту және реформалау туралы мемлекеттік бағдарламасы» аясында ашылған Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығын айтсақ болады. Елбасының қолдауымен ірге көтерген орталықтың тұсау кескен кезі – 2007 жыл. Орталық ТМД-да теңдесі жоқ мекеме саналады.
Жоғарыда келтірілген барлық деректер Тәуелсіз Қазақстанның денсаулық сақтау саласының 20 жылда қалай дамығанының куәсі бола алмақ. Сөз жоқ, мұндай үдеріс мұнымен тоқтап қалмайды.